• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2018

Көмір генералы Николай Дрижд 90 жасқа толды

549 рет
көрсетілді

Таяуда көмір саласының ардагері, Қарағанды облысы, Қарағанды, Саран және Шахтинск қалаларының құрметті азаматы, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Николай Александрович Дрижд 90 жасқа толды. Мерейтой иесіне ҚарМТУ Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысында құрмет көрсетілді. Қарағанды көмір бассейнінің патриархын облыс әкімі Ерлан Қошанов, әріптестері, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері, облыс пен қала жұртшылығының өкілдері құттықтады. Мерейтой құрметіне Николай Дрижд Президенттің Алғыс хатын алды. Елбасы құттықтауын аймақ басшысы оқып берді. 

Хатта «Еліміздің көмір өнді­рісіндегі көп жылғы еңбегіңіз үшін алғыс айтамын. Сіздің өмір жолыңыз – бұл адалдық, міндет пен кәсібиліктің нағыз үлгісі. Сіз саланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қостыңыз. Бүгінде біліміңіз, тәжірибеңіз бен даналығыңыз Қарағанды кеншілерінің дәстүрін жалғас­тырушы жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдасын тигізуде», делінген.

Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының атынан мерейтой иесіне алтын бел­гіні та­быстады. Алқалы жиын­да елі­міздің дамуына зор үле­сін қос­қан ардагердің еселі еңбе­гі айтылды. Өз замандастары оны «кен өне­рінің генералы­на» теңейтіндігін жет­кізді. Олар Николай Дридждің өмір­­бая­нындағы ең жарқын кезең Қа­­зақстанның «қара інжуі» – Шұ­бар­­­көл көмір разрезі екенін де атап өтті.

Бүгінде университетте про­фессор Дрижд құрған «Кен ме­тал­лургия кешенінің метан энер­гетикасы» зертхана­сы жұмыс істеп тұрғанын айта ке­тейік. Зерт­хана танымал әлем­дік өндіру­ші­лер­дің жабдықтарымен жабдық­тал­ған.

Николай Дрижд салалық «Қа­рағанды көмір» бірлестігінде бө­лімше басшысынан атқарушы директор қызметіне дейін жетті. Ол кеншілердің бірнеше буынын даярлады, олардың арасында бү­гінгі шахта жетекшілері де бар. Жа­сына қарамастан, профес­сор оқы­ту­шы­лық қызметін жалғас­тыруда. 

Николай Дрижд – Жараты­лыстану ғылымының, Қазақстан ұлттық академиясының, Ресей тау-кен ғылымы академиясының академигі. КСРО Мемлекеттік сый­лығының екі мәрте лауреаты, Ленин орденінің екі мәрте, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері. «Дос­тық», «Құрмет» және Ахмет Бай­тұрсынов атындағы ордендермен марапатталған. «Кенші даңқы» белгісінің толық иегері.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы