• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қаңтар, 2018

Ғылымдағы өзгерістердің қайнары

479 рет
көрсетілді

Елбасы Жолдауы әрдайым ел ішіндегі сабырлылық пен береке-бірлікті ұйыстыруға негіз болып саналады. Үрдіске сәйкес 2018 жылдың 10 қаңтарында ел Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы ұсынылып, бірқатар жоспар белгіленді.

Адамзат жаңа өнеркəсіптік революция дəуіріне аяқ басып отыр. Заманауи технологиялар дүниені өзгеріске ұшыратуда. Жаһандық технологиялық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде. Бұл біздің əлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз деуге болады. Яғни елімізді төртінші өнеркəсіптік революция жағдайында дамытуға арналған. Сондықтан Елбасы Жолдауда алда жүзеге асыратын 10 негізгі міндетті атап көрсетті. Президент Жолдауда қазақ тілінің басымдығы сақталатындығын атап өтті. Қазақ тілінің әрі қарай дамуына басымдық беретіндігі баса айтылды. Осы орайда, мемлекеттік тіл қазақ тілі екендігін тағы да қайталап айтамыз. Адами капитал сапасын жақсарту үшін білім беру саласында қазақ тілінің басымдығы артуы кезек күттірмес мәселе. Президенттің тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көңіл бөлгендігін байқауға болады. Өмірдің басты құндылығы – адам денсаулығы мен білімінің жетілуі. Жолдауда бұл салалар бойынша мынадай басымдықтар нақтыланған: білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек. Денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды қолдану аурулардың алдын алу мен емдеуді айтарлықтай жақсартып, медициналық қызмет көрсетулердің сапасын жоғарылатуы тиіс. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керектігі, осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіліп отыр. Бұл ретте шетелдің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыру қажет.

Ел болашағы жастардың қолында дейміз. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең ел дамуының көрсеткіші және де жас буын үшін тағылым сабақтары деп айтуға болады. Елбасымыз әрбір іс пен тәжірибенің нәтижесін жастарға арнап, келелі ой салуда. Жолдауда жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатына баса назар аударылған.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жалпы және теориялық физика кафедрасының, университет жанындағы «Еуразиялық халықаралық теориялық физика орталығы» ғылыми-зерттеу институтында теориялық және математикалық физика бойынша 25-тен астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Жас ғалымдардың 15-20-сы, енді бір 4-5 жылдан кейін Қазақстан емес, халықаралық деңгейдегі ғалымдарға айналатынына сенім зор. Мақсат – жастарды келешекте жай ғалым, ғылым докторы емес, халықаралық деңгейде жұмыс істей алатын білікті маман болуға бейімдеу. Біздің бүгінгі мақсатымыз – гравитация және космология, оның ішінде теориялық космология және солитондар теориясының табиғатын түсіндіру. Бұл бағытта әлем бо­йынша көптеген ғалымдар жұмыс істеуде. Соның ішінде қазақстандық ғалымдардың, яғни біздің тобымыздың еңбегі еленіп, халықаралық және мемлекеттік дәрежеде бағаланды. Ғылым саласы бойынша жетекші компания «Springer» жүлдесіне және Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына ие болдық. Біздің елде ғылым саласы бо­йынша жақсы өзгерістер болып жатыр. Ол өзгерістердің көзі – Президентімізде. Сол кісіден толқын тарауда. Ғылым жал­ғаса береді. Оны жастарға беріп, халық­аралық дәрежедегі ғалым етіп шығару – парыз.

Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды жалғастыруды, цифрлы білім беру рес­урстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейне­құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру, жұмыс берушілерді тарту ар­қы­лы және халықаралық талаптар мен цифрлы дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағ­дар­ламаларын жаңарту керек екендігіне толықтай қосыламын.

Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиын­дықтар кездессе де, Елбасымыз көрсетіп берген 10 негізгі міндетті де еңсере ала­тынымызға сенімдіміз.    Рәтбай МЫРЗАҚҰЛОВ,  Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі