• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қаңтар, 2018

Астанада миграциялық ХҚО ашылды

394 рет
көрсетілді

Астанада миграциялық және цифрлы тұрғыда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚО) ресми ашылу салтанаты өтті.

Оған Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы арқылы азаматтардың сауаттылығын арттыру көзделіп отыр. Жиынға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ХҚКО-ның тиімді тұстары жайлы ой бөлісті.

– Электронды ХҚО-ның басты мақсаты – азаматтардың цифрлы технологиялар арқылы қажетті құжаттарына жылдам қол жеткізуін қамтамасыз ету. Өткен жылы ХҚО 37 миллионға жуық адамға қызмет көрсетіпті. Ал оның 24 миллионы электронды құжаттарды таңдаған. Жыл өткен сайын қызмет көрсетудің электронды нұсқасына сұраныс көбейіп келеді. Енді цифрлы ХҚО-ны еліміздің өзге де қалаларында ашуды мақсат етуіміз керек, – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және коммуникациялар министрінің айтуынша, бұрын шетелдік азаматтар Қазақстанда жұмыс істеуі үшін қажетті құжаттарды жинауына бес күн жұмсаған. Одан бөлек түрлі мекемелерден өтуі тиіс болатын. Ал енді миграциялық ХҚО арқылы небәрі бір-екі сағатта бәрін аяқтауға болады.

Сол сияқты ведомство басшысы мұндай орталықтардың заңсыз еңбек мигранттарының азаюына да септігі тиетінін атап өтті.

– Қазіргі уақытта заңсыз мигранттар өздерінің құқықтарын білмейді. Ал жұмыс берушілер түрлі кедергілерге байланысты шетелдіктерді жұмысқа әкелуден қорқатын. Оған бірден – бір себеп – құжат жинау барысында біраз уақыт жұмсауы. Ал енді бәрі тез шешілетіндей жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар инвестициялық тартымдылығымызды арттыруға, туристердің қатарын қалыңдатуға болады деген ойдамын, – деді министр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр», делінген. Ал еңбек миграциясында көлеңкелі тұстардың да жоқ еместігі белгілі. Дәурен Абаев өз сөзінде миграциялық және цифрлы ХҚО арқылы осы кемшілікті жоюға болатынын жеткізді.

Астана қаласы ІІД көші-қон басқармасының басшысы Еркетай Тұтқышевтің айтуынша, өткен жылы уақытша тіркеуден 160 мың шетел азаматы өтіпті, сондай-ақ 11 мыңы заңсыз жүргендіктен жауапқа тартылған. Ал оның ішінде 1800-і сот шешімі бойынша елімізден шығарылыпты. Қазақстанға жұмыс істеу мақсатында келгендердің 70 пайызы өзбекстандықтар екен.

Астана қаласының А.Иманов көшесінде орналасқан миграциялық ХҚО сағат 09:00-18:30 аралығында үзіліссіз жұмыс істейді. Мұнда азаматтардың медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өтуіне, сақтандыру полисін ресімдеуіне, сәйкестендіру нөмірін алуына жағдай жасалған. Сондай-ақ азаматтардың цифрлық сауатын ашу мақсатында тегін сабақтар да өткізіледі. Ол аптаның әр күнінде бекітілген тақырыптар бойынша жүргізіледі. Бір сағатты құрайтын курста электронды үкімет порталын пайдалану тәсілдері түсіндіріледі, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу жолдары үйретіледі.

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»