Өткен аптаның соңында Үкімет отырысында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, респубикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындысы қаралды. Алқалы жиында айтылғандай, былтыр ел экономикасындағы өсім көлемі 4 %-ды құраған.
Экономикадағы тұрақты өсім әлеуметтік салаға да ықпалын тигізгені байқалады. Мәселен, өткен жылдың алғашқы 9 айында жалдамалы жұмыскерлер саны 53,1 мың адамға артып, бас-аяғы 6,4 миллион адамға жетіпті. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздық көрсеткіштен көтерілген жоқ. Экономикалық өсімге серпін берген басты салалар қандай? Оған қандай факторлар ықпал етті? Осы тектес сауалдарға қатысты сарапшылардың пікірін ұсынғанды жөн көрдік.
Әлемдегі оң өзгерістер игі ықпалын тигізді
Қуаныш БЕЙСЕНҒАЗИН, Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары:
– 2017 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 4 пайызға өсті. 4 пайыздың жартысынан көбін шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз етті. Өткен жылдың қыркүйек айында «Қашаған» кенішінің игеріле бастағаны өндірістің өсуіне ықпал еткен маңызды факторлардың бірі болғаны байқалады. Наурыз айында «Қашағаннан» өнім алу көлемі жоғары көрсеткішке жеткені белгілі, экономиканың өсуіне бұл біршама серпін берді.
Мұнай өңдеу өнеркәсібі мен металлургия саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Осы айтылған үш сектор бүгінде бүкіл өндірістің 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сауда-саттық пен көлік саласы да экономикалық өсімге негіз болғанын атап өту керек. Ел экономикасының өсіміндегі ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының үлесі 10 пайыз шамасында.
Жалпы, экономиканың ахуалын ұсыныс пен сұраныс тұрғысынан қарастыруға болады. Оған үй шаруашылықтары, мемлекет, бизнес және сыртқы әлем сынды төрт агент қатысады. Осы төртеуінің де алатын орны зор. Өткен жылы оған сыртқы әлемнің қосқан үлесі ерекше. Экспорттың үлесінен импорттың көлемін алып тастағанда қалатын көрсеткіш таза экспорт саналады десек, таза экспорттың рөлі зор. Әсіресе, Қазақстан сияқты мұнай-газ өнеркәсібі дамыған ел үшін. Өткен жылдың қазан айынан бастап мұнайдың бағасы 60 доллардан асты, жыл бойы 50 доллардан жоғары болып тұрды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 пайызға өсті. Соның арқасында отандық мұнай өнеркәсібі біршама дамыды, оған қоса шикізат экспортында жақсы көрсеткіштер тіркелді.
Инвестициялық капитал да айтарлықтай өскенін байқауға болады. Оған қатысты жылдың толық қорытындысы әзірге жоқ, қазан айындағы дерекке сүйенсек 5,7 пайызға өсіпті. 2016 жылдың осы кезеңінде ол 4,7 пайызға өскен еді, демек, ілгерілеу бар. Кәсіпкерлік сектордағы оң өзгерістер мен тұрақтылықтың арқасында 9 ай ішінде Қазақстанға 15,7 миллиард доллар инвестиция тартылғанын жетістік деп бағалаған жөн.
Сауда саласындағы өсім бірінші кезекте несиелендіру жұмыстарының жолға қойылғанымен байланысты. 2015-2016 жылдары несие беру тоқырап қалса, өткен жылдың наурыз айынан бастап несиелендіру қарқын алғанын көрдік. Соның арқасында сауда-саттық көлемі де ұлғайды.
Сауда секторы азық-түліктік және азық-түліктік емес деп бөлінетіні белгілі. Бір айта кетерлігі, сауда секторында азық-түліктің үлесі екіншісімен салыстырғанда артық екен. Бұл негізі онша дұрыс үдеріс емес. Себебі бұл халықтың ақшасының көпшілігі азық-түлікке жұмсалып жатыр деген сөз. Оған керісінше, азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату-сатып алу үлесі азайып бара жатқаны байқалады.
Экономикалық өсімге сыртқы процестердің тигізген ықпалы айқын сезілді. Атап айтар болсақ, Ресей рецессиядан шықты, Қытай 2017 жылы жоспардағы 5 пайыздық өсімнің орнына 5,7-5,7 пайыздық нәтиже көрсетті. Осы факторлар біздің экономикамызға да оң ықпалын тигізді. Қазір дүниежүзі бойынша инвестициялық ағымдар қайта жанданып, оның көлемі ұлғаюда. Біз вакуумде өмір сүріп жатқан ел емеспіз, жаһандық экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан Ресей, Қытай елдеріндегі, Еуропадағы оң ахуалдар бізге де жағымды әсерін тигізіп жатыр.
Сыртқы сауда көлемі ұлғайды
Нұрлан ҚҰЛБАТЫРОВ, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары:
– Қазақстанның сыртқы саудасының көлемі 2017 жылдың 11 айындағы көрсеткішке сүйенсек 69,5 млрд долларға жуықтады. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артық көрсеткіш. Яғни өткен жылы экспорт 31 пайызға, импорт 15 пайызға өскен.
Жалпы, Қазақстанның сыртқы саудадағы басты әріптестеріне Ресей, Қытай, Италия, Нидерланд, Франция, Швейцария, Өзбекстан, Германия, Түркия, Испания сынды мемлекеттер жатады. Көршілес Ресей және Қытай экономикаларымен қарым-қатынас мықты дамығаны белгілі. Осы он мемлекеттің ішінде соңғы уақытта Өзбекстанмен арадағы сауда қатынастары кеңігенін ерекше атап өтуге болады. Өткен жылы Өзбекстанмен өзара сауда-саттықта экспорттың үлесі 30 пайызға ұлғайса, импорт көлемі 27 пайызға жуық көбейіпті.
2017 жылы жүзеге асқан ірі сауда-экономикалық қарым-қатынастар аясындағы оқиғалардың қатарында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің арасындағы «Жол картасын» атап өтуге болады. Екі ел арасындағы шекарадағы фискалдық-әкімшіліктендіруге, ветеринарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылауларға байланысты мәселелердің барлығы екіжақты шешімін тапқаны белгілі.
Сыртқы сауда айналымына тоқталғанда еліміздің транзиттік әлеуеті туралы айтып өткен жөн. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі нәтиже бере бастады, яғни транзиттік тасымал көлемі біршама ұлғайды. Ақтау теңіз порты, «Қорғас» құрлық порты арқылы контейнерлік тасымал көлемі артты.
2017 жылдың тағы бір үлкен жетістіктерінің бірі – Қазақстан Республикасының аясында, Еуразиялық экономикалық одақ аясында жаңа Кеден кодексінің биылғы жылдың басынан күшіне енуі. Соның арқасында «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетілетін кедендік қызметтер қатары артты. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен арадағы тауар айналымында оң өзгерістер бар.
Өткен жылы Үкіметте қабылданған «Ұлттық инвестициялық стратегия» және «Ұлттық экспорттық стратегия» да бір-бірін толықтыратын, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын, бірінші кезекте көршілес елдермен қарым-қатынасты кеңейтуге ықпал ететін маңызды құжат болды. Бұл стратегиялар жаңа нарықтарға шығуға да әсерін тигізуге тиіс.
Дайындаған
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»