Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауда табысты жұмыс істеп келе жатқан еліміздің нарықтық экономикалық моделін одан әрі жетілдірудің, дамудың жаңа сапалық кезеңіне көтерілудің кешенді стратегиялық жоспары белгіленді.
Елбасы төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін нақты айқындап берді.
Мені ауыл шаруашылығы маманы ретінде «ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері қатты қызықтырады. Алдымызға бес жыл ішінде АӨК-тегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндеттері қойылды. Бұл тапсырма астықты өңірлер үшін өте маңызды. Осы орайда біз астық өсірудегі көпжылдық іс-тәжірибелерге сүйеніп келеміз. Десек те тарихи құжатта атап өтілгендей, қолдағыны місе тұту, барға қанағаттану жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу басты талаптардың біріне айналғанын, оған жету үшін бірінші кезекте аграрлық ғылымға, екіншіден, білікті кадрлар көмегіне сүйенуіміз керек. Өкініштісі сол, осы әлеуетті толығынан пайдалана алмай келе жатқанымызды мойындауға тиіспіз. Біздің агрофирма егіншілік саласын қарышты дамытып, озық технологияларды кеңінен қолданып келеді. Гектар шығымдылығы 20-22 центнерден кеміген емес. Соңғы жылдары астық өндірісін әртараптандыруға ерекше мән беріліп, майлы дақылдар көптеп өсіріледі. Нөлдік технологияларды қолдану, топырақ құнарлылығын арттыру қалыпты үрдіс саналады.
Жолдаудағы «егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады», деген сөздер маған үлкен ой салды. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, сөз жоқ, адам күшімен атқарылады. Осы тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, біз секілді алып шаруашылықтар да жан-жақты инновациялық сипатқа, интеллектуалды ақыл-ойға ие адами капитал күшіне мұқтаж. «Бюллер», «Джон-Дир», «Морис», «Кейс» секілді жоғары өнімді шетелдік техникалармен жұмыс істеуге жас мамандар тәуекел ете бермейді. Оның үстіне «Байер Круп Сайтес», «Монсанто» сияқты белгілі компаниялармен тікелей байланыс жасаймыз. Әсіресе көктемгі, күзгі науқандар кездерінде білікті механизаторлар мен комбайншылар жетіспейді. Меніңше, озық технологияларды терең игерген мамандарды жан-жақты дайындау ісіне баса назар аудармай болмайды. Олар ағылшын тілін меңгерсе де, еш артықтық етпейді. Қазір мамандар колледждерде оқытылғанымен, тиянақты білім алып шығып жатқаны шамалы. Өйткені тәжірибе ретінде көбіне кеңестік үлгідегі техникалар ұсынылады. Бұдан кейін өзгерістерге бейім, білімді, білікті маман талап етудің өзі орынсыз. Біз асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен де айналысамыз. Бұл сала да білікті кадрларды қажет етеді. Бүгінгі таңда индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналып келе жатқанын ескерсек, ауылдық жерлерде де ерекше маңызға ие болып отыр.
Сондықтан да аграрлық университеттердің рөлін қайта қарап, диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін мамандар даярлау қажет деген ұсыныс та көкейге әбден қонады. Жастарды жаңа технологиялық қалыпқа икемдеу уақыт талабы екенін ұмытпайық.
Анатолий РАФАЛЬСКИЙ, «Тайынша-Асық» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты
Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы