• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Қаңтар, 2018

Ақын, жазушы Серік Қапшықбайұлы қайтыс болды

1024 рет
көрсетілді

Қазақтың қарымды қаламгері, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының, Қытай жазушылар одағының мүшесі,Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Серік Қапшықбайұлы дүние салды.

Өлең өлкесіне өзіндік өзгеше өрнекпен, елді елең еткізе келген ақын 1934 жылы Қытай халық республикасында туған. 1955 жылы Шыңжаң институтының тіл-әдебиет факультетін тамамдады. Еңбек жолын «Шыңжаң оқу-ағарту» журналынан бастап 1957 жылы Қытайда жүргізілген «стиль дұрыстау» қозғалысында «оңшыл», «ұлтшыл» атанып, 1979 жылға дейін 20 жылдай абақтыда, еңбек майданында болды. 1984 жылдан бастап «Тарбағатай» журналының бас редакторы қызметін атқарған ол 1994 жылы ата мекені – Қазақстанға қоныс аударды.

Ақын ол жақта, «Өмір ойлары», «Жылдар арасында», «Ерікті сөз» жыр жинақтары, «Зардап», «Жоқ» атты прозалық кітабы, сонымен қоса «Жалғыз тікен», «Сұлусарының шоңғалы» , «Табиғат» сынды пьесалары жарық көрді.

Қазақстанға келген соң республикалық «Балдырған» журналында он жылдай бөлім редакторы болып, сол жылдар ішінде, «Республиканың білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін» құрмет грамотасымен марапатталады. Серік ата жұрт Қазақстанға келіп те, әдеби жасампаздық тұрғысынан қыруар еңбек сіңірді.

«Тас», «Жылқы ішінде ала жүр», «Күншығыс» өлең, дастандар жинағымен қатар «Жоқ» романының тәмәмдалған нұсқасын, «Бала», «Жер басып жүргендер», «Жүрек тұстан...», «Салмақ түскенде...» қатарлы прозалық кітаптары шықты. Ал, арғы бет, бергі бетте Серіктің шығармашылығы туралы жазылған мақалалар көптеп жарық көрді. Оның есімі Қытайдың «әйгілі адамдар» жинағына енген.

Иә, өмірдің небір қиын қыстау, қысталаңын көрсе де жасымаған, еңкеймеген, иілмеген асыл адам аңсаған ата жұрты Қазақстанның алтын қазығы – Астанада мәңгілік тыным тапты. Жаны Жәннатта болғай! Марқұмның отбасы, бала-шағасы, етжақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.