Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Мемлекет басшысының 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының заңды жалғасы әрі қазақстандықтардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыруға және рухани жаңғырудың жаңа белесіне көтерілуге бағыттайтын тың саяси-экономикалық әрі рухани-мәдени бағдар деп білемін.
Жолдаудың Жетінші – «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты бөлігінде Елбасы арнайы тоқталған терминология мәселесіне қайта оралайық. Алдымен Президенттің осы Жолдаудағы мына сөзіне баса назар аударғым келеді. «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек».
Ақиқатында, аса нақты айтылған, өте дұрыс айтылған сөз.
Тіл – халықтың жаны, болмысы дейтін болсақ, онда әрбір бірлік сол болмысының көрсеткіші. Ең алдымен айтарым, кез келген халық тіліндегі әрбір сөзді, басқа тілден қабылдаған терминді өзінің мәдениеті, өзінің рухани құндылығы ретінде қастерлейді.
Қай халықтың болсын тіл ілімінің терминология саласында халықаралық терминдерді қабылдау үлкен мәселе екендігі шындық. Алайда әлемдік тәжірибеде кез келген ұлт өзге халықтан сөз қабылдауда ең алдымен өз тілінің әлеуетіне жүгініп, өзіндік терминжасам тәсілдерін басшылыққа алатыны белгілі.
Бүгінгі қазақ терминологиясы жас ғылым ретінде енді қалыптасып, «аяғынан тәй-тәй тұрып» келе жатқандығы баршаға мәлім. Мұндай жағдайда кемшін тұстардың болмауы да мүмкін емес. Сондықтан да Елбасы атап өткен сынның да орынды екенін жасыра алмаймыз.
Қазіргі қазақ тілінде терминология саласындағы мұндай жағдайлардың себебін мынадай жайттармен түсіндіруге болады деп ойлаймыз:
- құзырлы органдар тарапынан бекітілмеген, заңнамада, ғылыми әдебиеттерде және сөздіктерде кездеспейтін кейбір халықаралық терминдердің «аударылып» қолданылуы жекелеген азаматтардың білімсіздігінен немесе арандатушылық ниетінен туындап отырған кездейсоқ жайттар деуге болады;
- орыс тіліндегі бір терминнің екі немесе одан да көп нұсқадағы баламасының бекітілуіне қатысты жекелеген жайттардың орын алуына (ұсынылған, мақұлданған, тіпті қабылданған, бекітілген терминдерді қайта қарап, қайта бекітуге) бірқатар лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлар (мысалы, сала мамандарының ғылыми тұрғыда негізделген пікірлері, «тілдік қалыптасу факторы» және т.б.) себеп болады;
- заңнамада қолданылатын терминдердің бекітілген терминдермен бірізге түсірілмеуіне «заңнамада қолданылған терминдерді өзгертуге болмайды» деген уәждің алға тартылуы;
- салалық терминологиялық сөздіктерде қамтылған терминдердің бекітілген терминдер сөздігіндегі баламалармен қатаң түрде сәйкестендірілмеуі;
- кейбір аудармашылардың Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен және заңнамада жиі қолданылатын терминдердің нұсқаларымен жете таныс болмауы;
- лингвистикалық тұрғыдан келгенде, тілдік бірліктердің терминдену және бейтерминдену процестері, терминдер мағынасының «семантикалық жылжуы», терминдерді қолданудағы «семантикалық қоршау», яғни мәнмәтін (контекст) мәселесі, терминнің «семантикалық әлеуеті», шығу төркіні және т.б. мәселелер.
Алайда қазіргі кезде бұл олқылықтарды жою мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп отырғандығын баса айтуымыз керек.
Біріншіден, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы, әсіресе соңғы жылдары термин бекіту жұмыстарын қарқынды әрі сапалы түрде жүргізіп келеді (Осы ретте бұл Комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатта болғандықтан, бекітілген терминдердің негізге алына бермейтіндігін де ескерте кетуді жөн көріп отырмыз).
Екіншіден, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары салалық терминологиялық сөздіктердегі терминдерге кешенді сараптама жасаумен айналысып келеді. Күрделі әрі кешенді сараптама жұмыстарының нәтижесінде бекітілген терминдердің баламалары, заңнамадағы қолданысы және салалық терминологиялық сөздіктердегі аудармалары сәйкестендіріледі.
Ендігі қазақ терминологиясының алдында тұрған басты да қажетті міндеттің негізгісі – терминдерді стандарттау. Осы мақсатта терминдерді стандарттайтын белгілі бір құзырлы орган айқындалып, терминдердің баламаларын заңды түрде бекітіп, стандарттау кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.
Осы орайда қазақ тіліне шет тілдерден енген терминді латын графикасы негізінде жазуда, терминдер қабылдағанда төмендегі іс-әрекеттер атқарылуға тиіс деп санаймыз:
- шет тілдерден енген халықаралық терминдерді латын графикасы негізінде таңбалау барысында олардың орфографиялық нормаларын қалыптастыру;
- терминологиялық бірліктерді латын графикасы негізінде таңбалауда төл тіліміздегі термин атауы ретінде қалыптастырудың ұтымды тұстарын анықтап, қазіргі терминжасам ісіне жаңаша бағыт-бағдар әзірлеу;
- шет тілдерден енген халықаралық терминдерді қосымшалар көмегімен түрлендіру проблемаларын түпкілікті шешу;
- шет тілдерден енген халықаралық терминдердің қазақ тілінің сингармонизм заңдылығына кереғар келетіндерін тіліміздің ішкі заңдылықтарына сәйкестендіру ережелерін әзірлеу;
- терминдерді қабылдау қағидаттарын қайта қарап, жетілдіру.
Қорыта келе айтарымыз, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін заманауи талаптарға сай болумен қатар, қазіргі жаһандану процесінде «жұтылып кетпей», ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін, Елбасы осы Жолдауында атап көрсеткендей, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болудың» барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әлем елдерінің тәжірибесін сараптай отырып, өзімізге тиімді тәсілдерін қолдануға барымызды салуымыз қажет.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры