Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарындағы ресми сапары аясында бірнеше жоғары деңгейлі кездесу өткізіп, екі ел арасындағы іскерлік, экономикалық байланыстарды талқылап, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Елбасы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен және АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ іскер топтары өкілдерімен кездесіп, Қазақстан мен Америка арасында орныққан қатынастардың маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысы «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесуде қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар жөнінде айтты.
– Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырып жатырмыз. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Көрме инфрақұрылымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оған қатысушылардың бәріне айрықша жеңілдіктер қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Р.Уошберн ЭКСПО-2017 көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.
Энергетика саласындағы қатынастар нығаядыНұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.
Сондай-ақ Қазақстанда өнімді қайта өңдеу саласындағы инвесторлардың күш-қуатын арттыру қажеттігіне назар аударды. Еліміздегі «жасыл» энергетиканы дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы туралы әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы жөнінде хабардар етті.
АҚШ-тың Энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады.
Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
Жиырмадан астам коммерциялық құжатқа қол қойылдыИнвестиция саласындағы қатынастарды одан әрі дамытып, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, осы арқылы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері бұдан соң Мемлекет басшысының АҚШ іскер топтары өкілдерімен кездесуінде жалғасты.
Қазақстан Президенті дөңгелек үстелге қатысушылармен жүздескеніне және кездесу ұйымдастырылғанына ризашылық білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды.
– Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 млрд доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жетті.
Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кең ауқымды екіжақты қатынастарды қамтитын Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдемені қабылдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
– Инвестициялық ахуалды жақсартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізілді. Кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істеуде. Онда қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер көзделген, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын цифрландыру және өндіріске инновацияны енгізу барысына ерекше назар аударды.
– «Цифрлы Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру маңызды болып саналады. Мәселен, Назарбаев Университеті және Инновациялық технологиялар паркі сияқты инновациялық кластерлер жұмыс істеуде. Биыл Астанада ІТ-стартаптардың жаңа халықаралық технопаркі ашылады. Осының бәрі біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор болуына жол ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті америкалық бизнесмендерді агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы еліміздегі жекешелендіру бағдарламасының іске асырылу барысы және «жасыл» экономика саласындағы жобаларды дамытудың келешегі туралы айтты.
– Өткен жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін табысты өткіздік. Бұл көрме бүкіл планетаның «таза» энергетика саласындағы жоғары технологиялық және зияткерлік әлеуетін көрсетуге керемет мүмкіндік туғызды. Көрме кешендері инновациялық және орнықты даму міндеттеріне әрі қарай да қызмет ете берді. Атап айтқанда, ЭКСПО инфрақұрылымының базасында «жасыл» технологияларды және инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық жұмыс істейтін болады. Ол елімізде және өңірде «жасыл» жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының мәртебесі ерекше екенін атап өтіп, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі, сондай-ақ валюталық, визалық жеңілдіктер және еңбек режімдерінің жеңілдіктері ұсынылады. Бұл – өңірдегі жұмысы ағылшын құқығына негізделген бірден-бір орталық. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары технологиялық биржасын құруға Шанхай қор биржасы және Американың NASDAQ биржасы тартылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа айналуы үшін зор мүмкіндігі бар. Жаз айында біз халықаралық қоғамдастық үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті өткізілген кездесудің екі елдің жақындасуына және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу барысында АҚШ-тың іскер топтар өкілдері Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытты.
Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 млрд долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды.
Бұлар: Мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсеткені үшін ақы алмау туралы, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы, Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімдер.
Сондай-ақ кеше Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарының Вице-Президенті Майкл Пенспен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ықтымақтастықтың мейлінше өзекті мәселелерін талқылады. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан (АҚШ)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды