• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2018

Балғындарды қуанышқа бөледі

208 рет
көрсетілді

Қай жерде, қай бөлімде жұмыс істесе де «Қазцинк» қызметкерлерін бір мақсат, бір тілек жұдырықтай жұмылдырып келеді. Ол – мұқтаж жандарға жәрдем көрсету. Компания еңбеккерлері жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында оларға сыйлық тарту етуді, қуаныш сыйлап, көңілдерін көтеруді игі дәстүрге айналдырған.  

 

Мекеме биыл да осы дәс­түрден жа­ңыл­ған жоқ. Ком­пания­ның еліміздің әр өңірінде орналасқан өндірістік ке­шенінің мамандары Балалар үйіне, кәмелеттік жасқа толмағандарға арнал­ған бейімдеу орталықтары мен басқа да әлеуметтік ме­кемелерге арнайы барып, ба­ла­ларға әр­түрлі сахналық көріністер қойып, сый­лық­тар тапсырды. 

Өскемен металлургиялық кеше­нінің қызметкерлері ма­мандандырылған бала­лар үйінің тәрбиеленушілеріне ойын­шықтар, тәтті-дәмділер және аяқ киім мен киімдерді тарту етті. Бұл мекемеде бес жасқа толмаған 79 балғын тәрбиеленуде. 

Риддер кен-байыту кешенінің жұ­мыс­шылары «Светоч» жетім балалар үйін­­дегі 30 өскінге арнап ертеңгілік ұйым­дастырды. «Балалар ән салып, тақ­пақтар айтып, билеп, тәтті-дәмділер мен ойыншықтар алып, қуанып, бір серпіліп қалды. Оларды шаттыққа бөлеу үшін сценарий жазып, карнавалдық костюмдер әзірлегеніміздің өзі бір ғанибет іс екен», дейді Риддер кен-байыту кеше­нінің әлеуметтік қолдау қызметінің маманы Ирина Холодулина. Зыряндағы кен-байыту кеше­нінің қыз­мет­керлері коррек­циялық мектеп-интернат­тың­ тәр­биеленушілеріне ер­те­­гі кейіпкерлері образында­ ке­ліп,­ ерекше қуаныш сыйлады. Ес­туін­­­­де, сөз сөйлеуінде кемістігі бар балалар көңілді шоуға қатысып, мәз-­мейрам болып қалды. Көрініс соңын­да қатысушылардың барлығына сыйлық­тар тапсырылды. «Аяз Ата рөлін бұлай­ша шынайы сомдап шығамын деп ойла­маған едім. Әр баланың жүзінен: «Біз­ге нағыз Аяз Ата екеніңізді паш етіңізші» деген сөзді оқығандай болдым. Толқығаным да рас. Сондықтан мейірімді, кеңпейіл, нағыз Аяз Ата болуға тырысып бақтым», дейді Зырян­дағы кен-байыту кешені кен байыту фаб­рикасының тас уатушысы Антон Ушаков.

Ал «Altyntau Kokshetau» қызметкер­лері ерекше қажеттілігі бар жетпіс бала тәрбиеленіп жатқан арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. Бұ­ған дейін мұндағы әр бала өз ар­ман-тілектерін айтып, Аяз Ата­ға­­ хат жаз­­ған болатын. «Altyntau Kokshetau» қыз­меткерлері әр баланың ар­­ма­нын орын­дауға тырысып, барлық тәр­бие­­лену­шілер­ге сыйлықтар ұсынып, ор­талық бас­шылығына мекемеге қажет­ті дәрі-дәр­мектерді табыс етті.

Азамат ӘБІЛ

Шығыс Қазақстан облысы