Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім беру сапасын арттыру, үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт қалыптастырудың жоспары мен мемлекетіміздің алға қойған маңызды міндеттерін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміз жаңа әлем көшбасшысына айналу үшін жас ұрпақты жаңа технологиялық мүмкіндіктерді игеруге, өз бетімен ғылым, білім ізденуге үндеп, бүгінгі күннің талабына сай инновация, «Цифрлы Қазақстан», IT салаларын дамытудың бағдарламаларын жетілдіруді тапсырды. Сонымен қатар елімізге дамудың жаңа сапасы қажет екенін жеткізді.
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында: «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде», деді.
Расында, еліміз етек-жеңін бүтіндеген егемен мемлекет болып, өзіндік сипаты мен әлеуеті айқын, тегеурінді ұлт ретінде берік те бекем қалыптасып, әлемдік кез келген өзгеріске бейімделіп үлгерді. Сондықтан еліміздің бүгінгі-ертеңгі өсіп-өркендеу бағдарын тек осы тұрғыдан бағамдаймыз.
Өйткені мемлекетіміздің рухани тірегі болған Ислам діні білім мен ғылыми өзгерістерге бейімделуді құптап, қуаттай түседі. Асыл дінімізде мұсылман үмбетіне, күллі адамзат баласына парыз болған амалдың бірі – білім мен ғылым үйрену. Білімді мұсылман – толыққанды мұсылман. Құранның адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!» деп басталғаны бекер емес. Қасиетті Құран Кәрімнің «Мүжәдала» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді, істегендеріңді толық біледі», – делінген.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жұртымызды жаһандық үдерістерге бейімдеудің бағыт-бағдарын үнемі жетілдіріп отыруды тапсырды.
«Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деп атап өтті Н.Назарбаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы ұлтымыздың дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңірген ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің мән-маңызына да тоқталды. Бұл – көкейтесті мәселе, келелі пікір. Өйткені, нарықтық экономикаға біржола көшкен қоғамдық-әлеуметтік қатынас жағдайында өмір сүру қарекетіміз бен мәдениетіміз қандай қалыпта дамып жатыр деген сауал туындайды. Бұл мәселені ұмытпау керек.
«Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деді Президент.
Халықтың діни көзқарасын біліммен ұштастырып, көзі ашық, көкірегі ояу озық жамағатты қалыптастыру – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басты міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта дін мамандарының, имамдар мен исламтанушы ғалымдардың бедел-мəртебесін көтеріп, олардың діни һəм зайырлы білімді игеруі – заман талабы. Бұл бағытта Діни басқарма тарапынан «Қазіргі заманның үздік 500 зиялы имамы» жобасы қолға алынды. Ал бұл түптеп келгенде, өркениет құнарымен нәрленген білікті маманның қалыптасуына, сол арқылы қоғамның сұранысына сай діни кадр даярлауға өз септігін тигізеді.
Елбасы Жолдауында баса айтып өткен «Рухани жаңғыру» бастамасы жаңа сатыдағы өрістіліктің жолына шыққан мемлекетіміздің оқу, білім жүйесіне, ұрпақ тәрбиесіне, адамдардың биік парасат мүддесіне, талғамына, көбірек көңіл бөлетін кең ауқымды шешімдер мен әркеттердің жалғасы деп айтуға болады. Бұл – дінімізге, дәстүрімізге, тарихымызға, сабақтасып келе жатқан асыл құндылықтарымызға деген мемлекетіміздің қамқорлығы. Дінімізде мұсылман адамның құлшылығы, басқа адамдармен қарым-қатынасы, мінез-құлқы сынды барлық істері мақсатты түрде жүйеленген жоспардан тұрады. Бұл тұрғыда күллі мұсылман үмбетіне Жүсіп пайғамбардың өмірі өнеге. Ол өзі өмір сүрген қауымға жұт келіп, егінсіз кезең келетінін сезіп, адамдарға одан шығудың жолын сілтейді. Жүсіп пайғамбардың қауымға қалайша жоспар құрып бергендігі Құранның «Жүсіп» сүресінің, 47, 48, 49-аяттарында баяндалған: «Жүсіп айтты: «Жеті жыл ұдайы егін егесіңдер де сонда орған астықтан аздап бастырып алып, қалғанын сабағымен қоясыңдар (бұзылмас үшін). Ал содан кейін жеті жыл қуаңшылық болады, (сонда) бұрынғы жинаған астықтарыңды жейсіңдер, аз мөлшердегісін ғана (ұрыққа) сақтайсыңдар. Оның артынан жаңбыр мол жауатын жылдар келіп, адамдар жеміс шырынын сауатын болады» деді. Міне, қасиетті Құранда да Алла Тағала адамзат буыны осынау қырағылық қасиетінің арқасында қабырғасын қатайтып, бұғанасын бекіте түскені туралы жеткізген. Сондықтан, ізгілік пен игілікті мақсат етіп, елдің қамы үшін қызмет ету – әр мұсылманға тән қасиет.
Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти