Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың қатысуымен «Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестікті қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісінде құру» тақырыбында министрлік деңгейінде жарыссөз ұйымдастырылды.
Шараға БҰҰ Бас хатшысы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері мен Ауғанстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жиынға төрағалық етіп, бекітілген тәртіп бойынша алғашқы сөзді БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришке берді.
Бас хатшы өңірлік әріптестіктің маңызын атап өтіп, түрлі салалардағы ынтымақтастықты орнатудың Ауғанстанға да, көрші елдерге де тиімді болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ауғанстандағы қазіргі жағдайға қарамастан аталған өңір болашақта келісімнің, бейбітшілік пен әріптестіктің үлгісі болатын мүмкіндігі бар.
«Орталық Азия талай ғасырға жуық сауда-экономикалық байланыс жолы болғанымен, ондағы елдер тәуелсіздік алған тұста сауда айналымы төмендеп кетті. Бірақ 2017 жылғы өңірге сапарымда екіжақты байланыстардың түрлі салаларда қайта гүлдене бастағанын көрдім. Мұның экономикаға тигізер пайдасы орасан», деді А.Гутерриш.
БҰҰ Бас хатшысы Ауғанстанда қауіпсіздік мәселесі толықтай шешілмегенін атап өтті. Елдегі терроризммен және қылмыспен күрес өңірдің және бүкіл әлемнің міндеті. Оған жауапты ауған үкіметі ғана емес, деді А.Гутерриш. Сонымен қатар Бас хатшы Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан бастамасына жоғары баға берді. Ол су ресурсы, энергетика, инфрақұрылым мен білім саласындағы басымдықтардың маңызына тоқталып, БҰҰ-ның мұндай ынтымақтастықтарға қолдау білдіретінін жеткізді. Еліміздегі оқу орындарында мыңға жуық ауған жастарының оқып жатқанына да ерекше назар аударды. Бас хатшы трансшекаралық қылмыс, есірткі тасымалы және терроризмге қарсы күреске, БҰҰ Жаһандық контртеррористік стратегиясының жүзеге асырылуына басымдық берудің маңызын атап көрсетті.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіз, əділ жəне өркендеген əлем құру үшін жаһандық əріптестікті нығайту жөніндегі үндеуінде жеті басымдықты ерекше атап көрсеткенін хабарлады. Сондағы басымдықтың бірі ‒ Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгісіне айналдыру.
Қ.Әбдірахманов Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздік және әріптестік орнатуға қатысты өз көзқарасын білдірді. Ауғанстанда жасалып жатқан маңызды іс-шараларды атап көрсетті. Сыртқы істер министрінің айтуынша, Ауғанстанмен шектесіп жатқандықтан Қазақстан өңірдегі қауіп-қатерлер мен сынақтарды шешуге мүдделі. Қазіргі таңда бірлесе тізе қосып әрекет еткендіктен өңірде өзара түсінісуге мүмкіндік туды. Аймақта келіссөздер жүргізу ортақ мәселелерді шешуге көмектеседі. Министр Ауғанстанды қауіп пен тұрақсыздықтың көзі деп қарастыру дұрыс еместігін, елді экономикалық мүмкіншілігі мол әріптес ретінде есептеу керек екендігін жеткізді.
Ведомство басшысы аймақта тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету үшін үш басымдыққа негіз қою керектігін атап көрсетті. Бірінші, қауіпсіздік мәселесіндегі қарым-қатынасты нығайту керек. Екіншісі ‒ өңірдегі сын-қатерлер шекараға бағынбайтындықтан, мемлекеттер арасында ынтымақтастықтың орнауы. Қ.Әбдірахманов соңғы бағыт ретінде аймақтағы іс-шаралардың БҰҰ-ның бақылауымен өтуінің маңыздылығын айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қауіпсіздік Кеңесі алаңында Орталық Азия елдерінің мүддесін алға жылжыту тұрғысында Қазақстанның жауапкершілігі мол әрі үлгі аларлық бастамасын құптады. Ол Ауғанстанда есірткі заттарының көптеп өндірілуіне халықаралық бірлестіктер алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтып, оның тамырына балта шабу үшін жедел шаралар қабылдауға шақырды. Елдегі ахуалды жақсарту үшін аймақтағы мемлекеттер мен халықаралық қоғамдастықтың бірлесе әрекет етуі қажеттігін сөз етті.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Джон Салливан сөзінде халықаралық қоғамдастық Ауғанстан үкіметі мен Талибандар арасында келіссөз ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Оның пікірінше, «Талибан» ұйымын келіссөз үстеліне отырғызу үшін шара қабылдануы керек.
Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан делегациялары бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қауіпсіздік мәселелерін шешуде Ауғанстанға экономикалық тұрғыда әсер етудің маңыздылығын мақұлдады. Олар Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатуға пейілді екендіктерін білдірді. Аймақ елдерінің Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты тереңдетуінің сәтті үлгілері айтылды.
Орталық Азия мемлекеттері Ауғанстанмен көлік-транзиттік, инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық салада нақты аймақтық жобаларды іске асырып, қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендігін жеткізді. Өңірдегі елдер Ауғанстанға қауіп ретінде емес, ашылмаған әлеуеті зор маңызды әрі келешегі кемел серіктес ретінде қараған дұрыс деген пайымға келді.
Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда Қазақстанның атқарған жұмыстарына ерекше баға берді. Еліміздің бастамасы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға жасаған тұңғыш сапарына баса назар аударылды. Сапар барысында елдегі даму динамикасы терең әрі жан-жақты талқыланып, Ауғанстанға көмек көрсету жөнінде шешім қабылданған болатын.
Жарыссөз қорытындысы бойынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының Мәлімдемесі қабылданып, оған ұйымға мүше барлық мемлекет қолдау білдірді. Онда халықаралық қоғамдастықтың аймақтық ынтымақтастықты нығайта отырып, дипломатиялық жолмен Ауғанстанға көмек беруінің маңыздылығы айтылған. Мәлімдеме Орталық Азияда бейбіт және тұрақты аумақ құруды көздейді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Нью-Йорктен (АҚШ)