Әйгілі «Қыз Жібек» жырының: «Қособаның көлінде, Қоса кетті дегейсің, Маңдайынан қызыл қан, Жоса кетті дегейсің», деген жолдары арқылы көп қазақтың құлағында қалған, «қан жоса» дейтін тіркес арқылы әлі де қолданыста келе жатқан «жоса» сөзіне атақты Естайдың «Еркем» дейтін әніндегі «үш қыз көрдім бауырында Жосалының...» деп жолдары арқылы соға кетудің сәті түсіп тұрғандай.
Жосалы – жердің аты. Алайда бұл атау қазақ өмірінде көп қолданылған, кейін келе қажеттіліктің азаюына байланысты ұмыт болып кеткен заттың атауына байланысты аталғанына күмән жоқ.
Қазақ бұрын қолында бояу, сыр болмай тұрған кезде уық, кереге, шаңырағын жосалаған. Жоса – табиғатта болатын табиғи бояу. Кәдімгі кесек топырақ секілді, бірақ топыраққа қарағанда керіш қызыл түсті зат. Жосасы бар жота, сайлар көп бола бермейді, жазғытұрым тез аңғарылады. Жердің миы езіліп, енді ғана көктемнің кебеқұрғақ кезі басталғанда қып-қызыл болып көзге түседі. Сол жерден оны күрекпен қазып әкеліп суға езіп уық, керегені жосалайды. Ол бір жағы киіз үйдің сәнін келтірсе, екінші жағынан уық, кереге, шаңырақ, күлдіреуіштер аумай, қисаймай қалпын сақтап тұрады.
Жосалы деп жердің атының аталуы жоса шыққан жер болған соң қойылып отыр. Жосалы деген жерлер Қазақстанда да, өзге шетелдегі қазақтар мекен еткен жерлердің бәрінде бар. Өйткені тегінде түгел қазақ кереге, уығына осы жосаны пайдаланған. Түсінің қызыл болуы себепті оны үнемі «аузы-мұрны қан жоса болды» деп қанмен байланыстырып айтамыз.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»