• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жазғы спорт 23 Қаңтар, 2018

Қайсар қыз. Зүлфия Ғабидуллина

779 рет
көрсетілді

Зүлфия Ғабидуллина елімізге ғана емес, өзге мемлекеттерге де таныс есім. Тағдыр тауқыметіне мойымай, ағысқа қарсы жүзген қайсар қыздың ерлігі көпке үлгі. Оның осы қасиеті қазақ елінен шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы дәрежесіне жеткізді, «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» қатарына қосты. 

Әлемге Әулиеатаның ғана емес, қазақ елінің қайсарлығын әйгілеген Зүлфия спорт саласындағы ерен құбылыс. Бес жасында мотоцикл жүргізушісі қағып кеткен қаршадай қыздың омыртқасы жарақаттанып, сол кезде дене шынықтырумен айналысады. Бір жыл бойы аурухана төсегіне таңылып, аяқ-қолы жарақаттанған ол балалықтың бал дәмін сезіне алған жоқ. Алайда алдына өмірлік мақсат қоя білген Зүлфия 1998 жылдан бастап жүзуді таңдайды. Содан бері спорттан қол үзбей, түрлі жетістіктерге жетіп келеді. Ал 2007 жылдан бері Зүлфияны елімізге еңбегі сіңген бапкер Саттар Бейсембаев жаттықтырады. Сол жылдан бастап ол кәсіпқой спортқа біржола кіріседі.

Алдына үлкен мақсат қоя білген адам оған жетеді. Зүлфия Ғабидуллина бүгінде өз еңбегімен биікке жеткенімен, бұдан да биікке жетуді мақсат етеді. Мүмкіндігі шектеулі болса да арбаға отырып алып жауын-шашынға да қарамай, жаттығу залына барып жүріп ел абыройын асырған биікті бағындырды. Енді ол Қазақстаннан шыққан екі дүркін Паралимпиада чемпионы болуды армандайды. Ол үшін еліміздің көк туын әлем аспанында желбіретуден асқан бақыт жоқ.

Зүлфияның өмір жолы түрлі жетістіктерге толы. 2014 жылы Инчхонда өткен параазиялық ойындарда алтыннан алқа тағынды. Ал 2015 жылы Шотландияның Глазго қаласында өткен әлем чемпионатында екі бірдей қола медальді иеленді. Келесі жылы Бразилия мемлекетінің Рио қаласында өткен Паралимпиада ойындарында жеңімпаз атанып, төрткүл дүниеге мемлекетіміздің мерейін үстем етті. Сондықтан Зүлфия Ғабидуллина тірек қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында тұңғыш жеңімпаз болып, ел тарихында қалды.

Ол бүгінде Тараз қаласында тұрады. Алдына ел мерейін асқақтатуды мақсат етіп қойған Зүлфия қазір де дайындық үстінде. Елбасының өзі оны жарқын жеңісімен құттықтап, табыс тілегені ел есінде. Елінің мерейін асқақтатқан оған өткен жылы Жамбыл облыстық әкімдігі үй салып беріп, қолдау көрсетті. Елім деген ер мінезді қаһарман қыздың қайсарлығы шынында да таңдантпай қоймайды.

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы