Жамбыл облысының Жуалы ауданы – кенен көркемдігімен, тылсым табиғатымен ерекшеленген жердің бірі. Әйгілі Асанқайғы бабамыздың «Өңгеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың» деп Жуалы өлкесіне тамсануы да бекер емес сияқты. Бауыржан Момышұлының Көлбастауы, Шерхан Мұртазаның Мыңбұлағы да осы жерде. Бұл күнде Жуалы жерінде елуге тарта елді мекенде елу бір мыңға жуық халық тұрады.
Жуалы ауданы «Алматы- Ташкент» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Осыдан оншақты жыл бұрын, нақты айтсақ 2009-2010 жылдары аудан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық жолы салынған болатын. Аталған жол аудан аумағының 36 шақырымын кесіп өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданымен жалғасады.
Алайда осы қашықтықтағы үлкен даңғыл жолдың не асты, не үстінен өтетін көпір салынбаған екен. Бүгінде ауданда 14 ауылдық округ бар болса, 6 округ жолдың оңтүстік бетінде, ал 8 округ жолдың солтүстік бетінде орналасқан. Жуалылық жұрттың жанайқайы осы жол мәселесіне байланысты болып тұр. Тіпті ауыл ақсақалдары Елбасына, Премьер-Министрге, Көлік және коммуникациялар министрлігіне және депутаттарға хат та жолдаған екен. Алайда Көлік және коммуникация министрлігінен келген жауап хатта бұл аймақта мал өтетін қосымша жол салу мүмкін еместігі айтылыпты.
«Ауыл тұрғындары аудан орталығына, одан кейін жаяу болса да, көлікпен болса да егістік жерге өтуі керек. Мұнда бар болғаны 3 мал өтетін жоласты өткелі ғана бар. Оның өзі тар, ірі қара мал кейде үркіп өтпей, елді әбігерге салады. Ал ауданның қысы қатал, тіпті қар, жаңбыр жауған кездерде бұл көпірдің астымен мал өткізу мүмкін емес. Жамбыл облысының Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында жол астынан және үстінен өтетін көпірлер салынған. Бізде де осындай болса екен дейміз. Мысалы, ауданның Нұрлыкент, Теріс, Бақалы, Көктөбе және Қосбөлтек ауылдарында 1230 тұрғын бар. Осы ауылдардың Сарықайқаң деген мал жайылымы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының солтүстік бетінде қалып қойған. Бұдан өзге жайылым жоқ. Тіпті Теріс өзенін бөгеп, мұндағы бар 158 миллион текше метр су жайылымды басып қалған», дейді Бақалы ауылының тұрғыны Болатбек Қайыпбеков.
Сонымен қатар Теріс өзенінен Нұрлыкент ауылына дейін үлкен тоған тартылыпты. Енді тұрғындар бұл жерде мүлдем көпірдің жоқтығын айтып отыр. Тіпті көктем мен күз мезгілдерінде бұл жерде су арнасынан асып, ел тұрғындарын әбігерге салады екен. Мұндай жағдайда қозы-лақ сияқты уақ малдарды су ағызып әкетеді дейді олар. Үлкен даңғылдың терістік бетінде егістігі мен жайылымы бар 30 мың гектар жер бар. Бұл күнде ауыл тұрғындары сол жерге өту үшін 20-30 шақырымды айналып, су бөгесіні арқылы, мұнымен қоймай ұзақ уақыт темір жол жағалап жүріп Қаратау жотасы бойындағы Күйік асуының тұсынан қалдырылған жапсар жолмен жүру керектігін, алайда мұның қиындық тудырып отырғанын айтады.
Ауданды кезінде Ермек Үсенбаев, Бағлан Қарашолақов, Айтқазы Қарабалаев, Батырбек Құлекеев және өзге де азаматтар басқарды. Бірақ жергілікті халықтың айтуынша, бұл мәселе әлі шешілмей келеді екен. «Көктеуде Алатауға, күзеуде Қаратаз мал жайылымына мал айдап өтудегі әбігерлікті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал даңғыл жолмен арындап келе жатқан көліктің көптігінен жолды кесіп өте алмай, үркіп сүрініп-жығылған құлын-тай, тана-торпақтар да аласапыран күй кешуде. Ал малшылар амалының жоқтығынан күнұзақ әрі-бері өткен көліктерге көйлек-шапанын, қалпағын сермеп, өтіп алуға мұрсат сұрап тұрады», дейді Бақалы ауылының тұрғыны Рахымжан Мырзахметов.
Сонымен қатар Бақатей өзенінің арғы-бергі тұсынан да көпір қажет екен. Ал аудандық тұрғынүй-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбековпен сөйлескенімізде бұл мәселе республикалық мәндегі жолға қатысты болғандықтан ештеңе істей алмайтынын, ал ауданға қатысты болса қолдан келгенін жасап жатқанын айтты.
Жуалылық жұрттың жанайқайы бір бұл ғана емес. Тұрғындардың айтуынша, «Аманбаев» жанасу жолының 3,1 шақырымының тұсы күнбатысқа қарай мүлдем бекітіліпті. Енді мұндағы халық Нұрлыкент ауылына бару үшін артқа қарай жүріп, 4-5 шақырым айналма жасауға мәжбүр екен. Тіпті кейде асығыс адамдар көлігімен жол айрығынан қарсы бетке жүріп, өзіне де, өзгеге де қауіп тудыратын көрінеді. «Аудан орталығындағы ауруханаға, не болмаса өзге де жерге бару үшін ел қазір 3 шақырым жерді көлік ағынына қарсы жүреді. Сондықтан да көлік апатын тудыратын жағдайлар болып тұрады. Осы күрежол салына бастағанда жол салушылар Теріс ауылына бұрылар тұстан мыңдаған тонна топырақ алған. Сондықтан сол қанатындағы 1 шақырым жол мүлдем үгітіліп құрыған. Ал «Жол біткен соң бүлінген жерді жөндеп береміз» деген уәде сол күйі орындалмады», дейді Теріс ауылының тұрғыны Аташбек Айтқұлов.
Тұрғындардың бұл уәжіне «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Тоқтаров жауапты мамандардың мал өтетін жоласты өткелдерін тазалап тұратынын жеткізді. Ал көпір мен айналма жол салу мәселесінде әзірге мүмкіндік жоқ екенін айтты.
Ел тұрғындары Нұрлыкент елді мекеніне бұрылар тұстан және Теріс ауылына қарай көлік тосатын аялдама, сондай-ақ Нұрлыкент ауылына бұрылатын жерге 3 шақырым жанама жол салып беруін сұрап отыр. Енді Алматы, Шымкент, Тараз қалаларынан аудан орталығына бір шаруамен келген адамдар болсын, жергілікті тұрғындар сапарлап шыққанда болсын, жол бойынан көлік тосу үшін ортадағы темір қоршаудан өте алмайды екен. Әсіресе бұл қарт кісілер, әйелдер мен балалар үшін қиын. Тағы да Теріс пен Бақалы ауылынан аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына бару үшін тұрғындар қазір 6-7 шақырым жолды айналма жасауға мәжбүр. Мұндай жағдайлар ауданның Диқан, Шақпақ ата, генерал Тәттібай ауылдарына да қатысты болып отыр.
Дегенмен, жуалылық жұрт жақсылықтан үмітті. Күн сайын еліміздің дамып, өңірлердің өркендеп, аудандар мен ауылдардың жаңаша түлеуге бет алғанына куә болып отырған тұрғындар мәселенің оң шешім табатынына сенімді. Бұл – аудандағы екі-үш азаматтың ғана емес, сол жердегі мыңдаған халықтың жанайқайы. Жуалы ауданы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында тұрғандықтан, шынында да жаяу жүргіншілердің, мал бағушылардың әрі-бері өтуі қиындық тудырмай қоймайды. Егер жоласты өткелдері мен көпірлер, айналма жолдар салынса қарапайым халық үшін қауіпсіз болар еді...
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы