Еліміздің бірқатар аймағында кәріне мінген сақылдаған сары аяз жолаушыларды да аз әуреге салып жатқан жоқ. Кеше өңірдің құтқарушылары мен полиция қызметкерлері «Алматы - Аягөз» тас жолында тұрып қалған автобустың жолаушыларына көмек қолын созды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, Алматыдан шығып, Зайсанды бетке алған автобус Аягөзге 40 шақырым қалғанда істен шығып, тоқтаған екен.
«Сағат 10 шамасында аудандық ішкі істер бөлімі кезекшісінен жолда 27 жолаушы және 2 жүргізуші мінген автобустың бұзылып, жолда қалғаны туралы қоңырау түсті. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып автобустағы жолаушыларға арнайы орын дайындадық. Біз барғанша сол маңда кетіп бара жатқан автобус жолаушыларды жақын жердегі дәмханалардың біріне жеткізіп салыпты. Екі жүргізушіні АІБ қызметкерлері алып келді. Автобустағы жолаушылардың барлығы - зайсандықтар. Зардап шеккен ешкім жоқ. Түн ортасында жолаушылар жергілікті құтқарушылардың күшімен Аягөз қаласына жеткізіліп, спорт мектебінің ғимаратына орналастырылды»,-дейді Аягөз аудандық ТЖ бөлімінің бас инженері Дархан Нұғаметов.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы