1. Зерттеу параметрлері
Кеше «InfoSystem» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры (Алматы қаласы) Салтанат Ахмедованың және «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының қоғамдық-саяси жобалар бөлімінің меңгерушісі Жанар Боқанованың қоғамдық ой-пікірді сұрау қорытындысы бойынша брифингі өтті.
Ақпаратты жинау әдісі: кездейсоқ іріктеу әдісі бойынша телефон арқылы экспресс сауалдама
Іріктеме жиынтық көлемі: 18 жастан үлкен 647 адам
Сауалдама географиясы: облыстық маңызы бар 11 қала, Астана мен Алматы қалалары
Сауалдама жүргізу тілі: қазақ және орыс
Болуы мүмкін олқылық: ±5%
2. Алдағы сайлау туралы хабардарлық деңгейі және оған баға беру
Қоғамдық пікір сауалдамасы көрсетіп отырғандай, Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымын тарату туралы шешімі жайлы халықтың хабардарлық деңгейі өте жоғары. «Мемлекет басшысының Мәжілісті тарату және кезектен тыс Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындау туралы шешімі жайлы білесіз бе?» деген сұраққа мерзімнің едәуір қысқа болуына қарамастан, респонденттердің көпшілігі, яғни 68,3%-ы «иә» деп жауап берді.
Сауалдама қорытындысы көрсеткендей, қазақстандықтардың басым көпшілігі кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу туралы Президенттің шешімін қолдайды – респонденттердің 73,8%-ы осы шешімге оң бағасын берді.
3. Электоралдық белсенділік және партиялық таңдау
Зерттеу қорытындысына сәйкес, қысқа мерзімде өткізілуіне қарамастан, алдағы сайлауға қатысушылардың саны өте жоғары болады деп күтілуде. Сауалдама көрсеткендей, 2012 жылғы 15 қаңтарда болатын сайлауда сұралғандардың 61,3%-ы сайлау учаскелеріне баруға дайын. Сауалдамаға қатысушылардың ішінде әдетте сайлауға аз баратын қала тұрғындары басымырақ болғанын есепке алсақ, бұл өте жоғары көрсеткіш болып табылады. Салыстыру үшін, 2007 жылғы парламенттік сайлау кезінде бұл көрсеткіш 68% құраса, ал қалалықтардың үлесі 40%-дан төмен болған еді.
Сондай-ақ респонденттерге: «Мәслихат депутаттығына үміткерлердің қандай партия мүшесі екені сіз үшін маңызды ма? Маңызды болса, онда қандай партия өкіліне дауыс бересіз?» деген сауалдар қойылды. Алынған мәліметтер көрсетіп отырғандай, мәслихат депутаттарын таңдау кезінде ең басты критерийлердің бірі – оның қай партия мүшесі екендігі болатыны анықталды (62,4%). Мәслихат сайлауында респонденттердің басым көпшілігі, яғни 93,4%-ы «Нұр Отан» партиясының өкіліне дауыс беруге ниетті.
Зерттеу барысында респонденттер Парламенттің жаңа құрамында орын иеленуге саяси партиялардың мүмкіндіктерін бағалаған болатын. Сауалдама қорытындысы бойынша саяси партиялардың электоралдық рейтингісі жасалды. Берілген жауаптарға сәйкес, алдағы сайлауда парламентке өту үшін қажет электоралдық қолдау деңгейіне тек қана «Нұр Отан» партиясы ие – 85,2%. Қалған партиялар 4%-дан төмен көрсеткішті иеленді. Сонымен, электоралдық науқанның бірінші күнінде-ақ сайлау жарысының шынайы көшбасшысы анықталды – бұл «Нұр Отан» партиясы. Қалған партияларға әлі де өз таңдауын жасап үлгермеген халықтың дауыстары үшін жарысу ғана қалды, олардың үлесі 8,7%-ды құрайды.
«InfoSystem» зерттеу орталығы» қоғамдық қоры қазақстандықтар арасында электоралдық сауалдамалар жүргізуді сайлау науқанының соңына дейін жалғастырмақ.