Кеше Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлер кеңесінің 61-ші отырысы өткізілді. Отырысқа Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина қорғаныс министрліктерінің делегациялары қатысты.
Достастық елдері қорғаныс ведомстволарының басшылары көпжақты серіктесіп әрекет етудің бірқатар бағыттары бойынша 20-дан астам мәселелерді қарастырды. Сондай-ақ 2011 жылға арналған ТМД ҚМК жұмыс органдары қызметінің қорытындысын талдап, 2012 жылға арналған жұмыс жоспарын қарастырды.
Әскери саладағы интеграциялық үрдістерді дамытудың маңыздылығын ескере отырып, қорғаныс министрлері әскери мақсаттағы бірлескен жүйелерді құру және жетілдіру мәселелерін талқылады. Әскери-техникалық ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша келісімге келді.
– ТМД ҚМК іскер және конструктивті, өзара сыйласу және ашық пікір алмасу жағдайында өтті, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.