«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.
Төменде Павлодар облысындағы Шарбақты ауданының Орловка ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.
Облыстағы Орловка деп аталатын ауқатты тұрмыста өмір сүріп жатқан бұл ауыл Шарбақты ауданында орналасқан. Ауылда әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Ал, осындағы «Победа» деп аталатын серіктестікті Александр Поляков басқарады. Биыл шаруашылық елімізде бірінші болып, ауылшаруашылық жұмыстарына пайдалануға арналған СМ-2 «Синтал» маркалы екі орындық шағын ұшақ сатып алды. Шаруашылығыңды дөңгелентіп, мол табыс тауып, пайдасын көрген деген осы, ауыл үшін ұшақ сатып алу да түк емес екен, ол да трактор, мәшине, комбайндар секілді, ауылшаруашылық техникаларының бірі ретінде шаруашылық жұмыстарына қатысады. Серіктестікте 88 трактор, 61 комбайн, 70 мәшине бар. Шамамен 450 кило жүк көтеретін, сағатына 160 шақырымды алатын жылдамдығы бар, айналасы 100 метр қаратопырақты жерден ұшып-қона алатын Ресейдің Рязань қаласында шығарылған С-2 «Синтал» атты ұшағы Александрға бір көргеннен-ақ ұнапты. «Синталдың» ауылшаруашылық алқаптарына шашатын химиялық сұйықтық құятын 125 литрлік құтысы бар және осы сұйықтықты шаша алатын қондырғы орнатылған. Ұшақтың бағасы 10 миллион теңге.
Әрине, ұшақты сатып алмай тұрып, біз оның серіктестікке қандай пайда әкелетінін әбден есептеп алдық. Ал, қазір пайдасын көрудеміз. Жалғыз ғана сұйықтық шашу үшін емес, басқа да жұмыстарға пайдалануға ыңғайлы, дейді Александр. Ұшқыш Виктор Девтьеров пен механик Сергей Каляку бұл жұмыстардың барлығын ойдағыдай атқарады. Александрдың өзі де ұшақпен ұшып, бүкіл алқаптарын биіктен қарап көріп шығуға мүмкіндік алды. Негізгі бағыты мал және егін өсіру болып келетін серіктестікте ауылдың 400-дей адамы жұмыс істейді. Бұл күндері 37 мың гектар алқабы бар болса, оның 25 мың гектарына егін өсіреді. Бидайдың элиталық 4-5 түрі бар. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын қолға алуда. Мал соятын қасапхана ашылды. Тонналаған ет пен сүт күнделікті облыс орталығына жіберіледі. Алып астықкептіргіш жұмыс жасап тұр. «Победалықтар» күнбағыс майын өздері өндіреді. Және ауылдың әлеуметтік өміріне де Александр көмектеседі. Серіктестік өз есебінде тұрған мәдениет үйін, балабақшаны ауылға тегін қайтарып берді. «Ақботада» бүгінде 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Былтыр Орловка ауылында тұратын, серіктестікте жұмыс жасайтын Денис пен Ольганың отбасында болашақ ауыл иелеріндей болып, Татьяна, Игорь, Наталья атты үшемдер дүниеге келді.
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.