Қаланың орталығындағы әмбебап сауда базары маңынан күні бойы қаңғып жүрген екі-үш жас шамасындағы Самира есімді бүлдіршінді базар күзетшілері байқап қалып, полиция қызметкерлерін шақыртқан. Ата-анасының қарауынсыз қалған бүлдіршін қыздың мынандай күннің суығында денсаулығына қауіп-қатер келген жоқ па деген күдікпен тәртіп сақшылары өз кезегінде балалар ауруханасына жеткізген. Сол күні кешкісін жергілікті телеарнадан қыздың суретін көрсетіп, ата-анасына іздеу салынды.
Қайғылы оқиға қазанның 13-інен 14-іне қараған түні орын алған. Арыстан отбасында жанжал шығарып, келіншегіне басқа бір әйелге үйленгісі келетінін айтады. Ұрыс-керіс кезінде ол келіншегін қылғындырып өлтіріп, мәйітін теледидардың қорабына салып, үйінің ауласына көмген. Ал қызын 15 қазан күні Оралдағы базарға тастап, өзі Ақсай қаласына тартып отырған.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында суреті жарияланған сәбиді таныған Зеленый ауылындағы көршілері жергілікті полициямен хабарласып, қыздың ата-анасының телефон нөмірлері анықталады. Алайда, әкесі Арыстанға хабарласқанда, ол өзінің Мәскеу қаласында жүргенін, таяуда Оралға келетінін айтып жалтарған. Ал 30 қазан күні қызын көруге келген сәтінде ол қазіргі уақытта келіншегімен бірге тұрмайтындығын және келіншегінің баланы қасақана тастап, Алматы қаласындағы өз анасына кетіп қалуы мүмкін деген жалған ақпарат береді. Бірақ, жауап алу кезінде кейбір сұрақтарға мүдіріп, күдік тудырады. Нәтижесінде, полиция қызметкерлері қайғылы оқиғаның бетін ашып, қылмыскер кінәсін мойындайды.
Облыстық ІІД криминалдық полиция қызметкерлері тағы бір адам өлтіру оқиғасын әшкереледі. Биылғы 28 қазанда Атырау облысының Индер ауданының тұрғыны 1968 жылы туған Абида есімді саудагер келіншек Орал қаласына келіп, «Мирлан» базарында өндірістік және азық-түлік тауарларына көтерме сауда жасаған. Кейін Ж.Досмұхамедов көшесінде орналасқан қоймаға барғанда қарақшылардың қолынан қаза болған.
Облыста жыл басынан бері 9 әйел өлтіру оқиғасы тіркелсе, соның бесеуі отбасындағы жанжалдың салдарынан орын алған.
Фатихолла МАШТАҚОВ, полиция полковнигі.
Батыс Қазақстан облысы.