Бүгінде Ақтөбе облысының бірқатар мектептерінде, соның ішінде Ақтөбе қаласы мен Темір, Мұғалжар және Алға аудандарында оқушы қыздардың мектепке тұмшаланған орамал тағып, тіпті жекелеген жағдайларда жаулық жамылып келу деректері орын алып отыр.
Бұл мәселе өңір тұрғындары мен ата-аналар арасында және қоғамдық ортада әрқилы пікірлердің өрістеуіне әкеліп соқтыруда. Балиғат жасына толмаған, сана-сезімі әрі толық қалыптасып үлгермеген бүлдіршін қыздар орамал тағудың түпкі мәнісін түсіне ала ма? Әлде отбасылық қарым-қатынастар мен ата-анасының ықпалынан, перзенттерінің мектепке орамал тағып баруын құп көруінен туған іс-әрекет пе? Бұл жорамалдардың қай-қайсысын да жоққа шығару қиын-ақ.
Қаршадай қыздар мектепке орамал жамылып келіп, оқу ғимараты ішінде басынан шешпеген жағдайда педагогикалық ұжым және оқу орнының басшылары не істеуі керек? Әрине, ең алдымен оқушыға әрі олардың ата-аналарына тиісті ескертулер жасайтыны белгілі. Мұның мәнісі – әр мектептің тиісті ішкі тәртібі мен ережесі және жарғысы, бұған қоса Білім және ғылым министрінің арнайы нұсқауы мен бұйрығы бар екенінде. Айталық, осындай шешім Білім және ғылым министрі тарапынан 2016 жылдың 14 қаңтарында қабылданып, үш ай өткен соң тағы да өзгерістер енгізілген. Мұнда оқушылар мектеп формасын сақтауы керектігі айтылып, мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды делінген.
Сондай-ақ мектеп формасында мектеп ішінде бас киіммен жүру, оның ішінде орамал немесе жаулық тартып жүру тәртіптері қарастырылмаған. Соған қарамастан Ақтөбе облысының мектептерінде тиісті өкілетті органдардан алынған мәліметтерге қарағанда, 340 оқушы бұл тәртіп пен ережені белінен басқан. Бұған кім кінәлі? Әрине бұл арада бірінші кезекте ата-аналар перзенттерінің алдындағы жауапкершілігін терең сезінбеген сыңайлы. Тіпті олардың бірқатары қыздарының мектепке орамал байлап баруын құп көруге ыңғай танытатыны да анық байқалады.
Айталық Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің бірінде оқитын қыздарының мектепке орамал тартып жүретін қылығын ақтап алғысы келген ата-аналардың бірі «Орта білім беру ұйымында «хиджаб», «никаб», «бурка» және «пәренжі» секілді діни киімдерді киюге тыйым салынған. Алайда мұнда «қазақтың орамалы – діни элемент», сондықтан оны тағып келуге болмайтыны туралы тыйым салынбаған» деп мәлімдеме жасапты. Бұл былайша алып қарағанда дұрыс пікір секілді көрінеді. Оның үстіне халқымыздың о бастағы ұғым-түсінігі бойынша ақ орамалдың қадір-қасиеті мен киесі бар екенін де отандастарымыз жақсы түйсінетін болса керек. Өйткені орамал қауіп пен қатердің алдын алуға септігін тигізе алатын қасиеті бар деп есептелген. Алға орамал тасталса, оны ешкім қия кесіп өте алмаған. Міне, ежелгі салт-дәстүріміздің бір үзігі осындай.
Солай бола тұрса да мектептің аты – мектеп. Оқушының мектеп формасын сақтауы айнымас қағида екенін ата-аналар терең түсіне алса әрі ұл-қыздарының заңды өкілі ретінде мектептің ішкі тәртібіне құлақ асуы, оған бағынуы қажет екенін ұғына алса, жоғарыда айтылған теріс көріністер жойылар еді деген ой келеді. Бұл күндері өңірде ата-аналармен жүргізілген тиісті жұмыстардың нәтижесінде 123 оқушының ата-анасы мектеп талаптарының орынды екенімен келіскен. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мәлімдеді. Сондай-ақ мектеп формасын сақтау мәселесіне мектептердің қамқоршылық кеңестері мен азаматтық қоғам өкілдері де бір кісідей үн қосса, мектеп орамал немесе жаулық тартып келетін орын емес екенін жүректерге жеткізсе, бұл теріс көріністің тамыры да тартыла түспек. Бұған қоса аузы дуалы, ел ішінде абырой-беделі биік ақсақалдар да мұндай сауабы мол істен сырт қалмағанын қалар едік.
Қалай дегенде де ата-аналардың елімізде қалыптасқан, бір ізге түскен мектеп формасына қатысты талапқа түсіністікпен қарауы маңызды. Жас бала жас шыбық секілді. Қалай майыстырсаң солай иіледі. Сондықтан оларға оң бағыт-бағдар беру, ата-аналар мен педагогтер қауымының және қалың жұртшылықтың басты парызы болып қала бермек. Олардың өзара түсіністігі көздеген нәтижеге жетуге алғышарт қалайтыны кәміл.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ