Асыл мұрат — алдағы күннің аңсары, ел тілегінің түйіні. Осындай омыраулы үміттерді Елбасы дәстүрлі Жолдауында бағалап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың жүйесін жеткізіп, нақты жолдарын белгілеп беріп отыр.
Біз үшін бұл “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы өте өзекті әрі маңызды. Себебі, Қазақстанның 56 мемлекет мүшесі болып табылатын Еуропадағы қауіпсіздік және ықтымақтастық ұйымына төрағалық ету оқиғасымен тұспа-тұс келді. Әлем алдында әлеуетіміздің орнықты жемістері мен жетістіктері өміріміздің жарқын беті болып қала береді. Еліміздің ертеңгі жарқын қадамдары мол. Оны Мемлекет басшысы Жолдауда баян етті. Атап айтқанда, “Жол картасы-2020” бағдарламасы тек еліміздің емес, аймақ және ауыл өмірі үшін үлкен серпілістер әкелетіні сөзсіз. Жолдаудың басты жаңалығы – алдағы онжылдықта мемлекетті жаңа сапалық деңгейге шығаруға негіздеу.
Әрине, елдің тынысына сай барлық мүмкіндік тетігін іске қосу да қажет. Кәсіпкерлерді қолдау, құқық қорғау органдарына, ғылымға, индустриялық-инновациялық дамуды өркендетуге барлық ықпалды бұру жайы да өмір талабы. Ана мен бала, ардагерлерді әлеуметтік қорғауға алудың да ерекшелігі зор. Жалпы, Жолдаудан Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын, келешекте қол жететін мүмкіндіктерді аңғара аламыз.
Жолдауда көшбасшы партия – “Нұр Отанға” деген сенім мен жауапкершілік тұрғысынан тартымды ойлар айтылды. Ең бастысы, мемлекеттік маңызды істерде партияның қызметі айрықша көрінетін болады.
Нұрлан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, “Нұр Отан” ХДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы.
ИННОВАЦИЯ – ЕҢБЕК ӨНІМДІЛІГІНІҢ КЕПІЛІ
Мақсот СҰЛТАНОВ, Орал қаласындағы “Металл бұйымдары” біріккен өндірістік кәсіпорны ЖШС-нің бас директоры.
Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ал биылғы Елбасы Жолдауын тыңдағаннан кейін осынау инновациялық үрдістің өрісі кеңейіп, екінші тынысы ашылғандай күй кештік. Ең бастысы, мұнда жалпылама сөз жоқ. Нақты талап пен айқын жол бар. Яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек өнімділігін көтерудің басты жолы инновацияны енгізу екенін атап көрсетті. Міне, ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру дәл осы инновациялық қадамдардан бастау алмақ. Біз өндірісшілер Жолдау жолдарынан осы ақиқатты айқын аңғардық.
Осы арада айтайын дегенім, инновация деген ұғым бар, модернизация деген ұғым бар. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан оны шатастыруға мүлдем болмайды. Инновация – әлемде, белгілі бір мемлекетте бұрын-соңды мүлдем қолданылмаған тың, жаңа технология деген түсінік береді. Ал модернизация бұрыннан бар технологияны жаңғырту деген сөз. Шындығын айтқанда, алғашқы міндетті іске асыру әлдеқайда күрделі. Қазақстан өнеркәсібіне инновацияны енгізу бізді даму жолынан өркениетті мемлекеттер қатарына көтере алады. Елбасы белгілеген міндеттердің жауапкершілігі де, оның ел өнеркәсібі үшін қажеттілігі де, міне, осында.
Инновация – өсу, өрлеу, даму кепілі. Оны өндіріске енгізуден кеш қалған өңір көп нәрседен ұтылады. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ендігі жерде өңір экономикасын бағалау, оған қаржылай қолдау көрсету осы инновацияны енгізу критерийлері бойынша жүргізілмек.
Осыған орайлас тағы бір ой: инновацияны енгізумен қатар, айтылатын, одан бөліп-жаруға мүлдем болмайтын тағы бір мәселе бар. Ол республика аймақтарындағы индустриялық жобалардың іске асырылуы. Өз Жолдауында ел Президенті Н.Назарбаев бұл екеуін тығыз бірлікте қарастырады. Әрі бұл жобалар алдағы он жылда жалпы ұлттық міндет ретінде белгіленгенін атап көрсетеді.
Осы мақсатта Премьер-Министр басқаратын, аймақтарда әкімдерге бағынатын біріккен басқару орталығы құрылатыны біздерді, өндірісшілерді қуантып отыр. Шындығын айтқанда, осындай бір орталықтың қажеттілігі бұған дейін де сезіліп жүретін. Индустриялық жобаларды іске асыруды оп-оңай іс дей алмаймыз. Мұның төңірегінде өзара келісіп шешетін мәселелер жеткілікті. Сондай-ақ мұндай жобаларды іске асыру мерзімі белгіленген уақыттан кешікпеуі тиіс. Әйтпесе осы жобалармен бірге өндіріске енгізілетін инновациялар мен жаңа технологиялардың да жолын кесеміз.
Индустриялық жобаларды іске асырудың бір ұшы республикалық ведомстволарға байланысты. Шешімін күтіп тұрған осынау сан-салалы істерді жүзеге асыру үшін орталық негізгі үйлестіруші ретінде іс-қимыл танытатынына сенім мол.
Елбасының осы Жолдауында Қазақстанды индустриялық державаға айналдыру міндеті қойылған. Бұл бәрімізге, барлық қазақстандықтарға қатысты мәселе деп білемін. Осы ұлы істердің бастауы инновация, бұрын Қазақстанда мүлдем қолданылмаған жаңа технологияны енгізу болмақ. Ендеше, осы міндетті орындауға бір кісідей жұмыла кірісейік демекпін.
Батыс Қазақстан облысы.
БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРШАМЫ
Б.ЕРМЕКБАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика және бизнес факультетінің деканы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес факультеті ұжымы үлкен қызығушылықпен, мұқият тыңдады.
Рас, соңғы екі жыл Қазақстан үшін аса бір күрделі кезең болды. Алайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басқаруымен іске асырылған сауатты саяси-экономикалық шаралардың нәтижесінде Қазақстан халқы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын аса сезінбеді. Ұлттық қордың арқасында дағдарыс кезінде қаржы-банк жүйесіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетілді.
Жолдаудың негізгі мақсаты – ел экономикасын дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу деп білеміз. Соған орай Жолдауда алдағы онжылдықта Қазақстан экономикасының дамуының негізгі бағыттары көрсетілген.
Білім сапасын жақсарту, Қазақстан жоғары оқу орындары дайындаған мамандардың бәсекелестікке қабілетті болуы еліміз үшін маңызды. Білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру мақсатында университетте оқу бағдарламалары мен оқу жоспарлары түбегейлі жаңартылды. Профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру мақсатында “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет елде тәжірибеден өткен оқытушылар мен кәсіби мамандар жұмысқа қабылданып, ағылшын тілінде дәріс беруде.
Елбасы атап көрсеткен тәуелсіз Қазақстанды ұлықтау, мемлекет тұрақтылығына кедергі жасайтын қадамға бармау, экономикалық өрлеу, өңірлік және әлемдік интеграцияға ену Қазақстан халқына айтылған болашақтын бағдаршамы деп білеміз.
ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ ҚАЖЕТ
Бекболат ТҮЗЕЛБАЕВ, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ОҚО бойынша басқарма бастығы.
Елбасымыз биылғы Жолдауында мемлекетіміздің алдағы даму болашағы жайында Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Орындалмайтын емес, орындалатын, орындалуға тиісті міндеттер. Халық жүзеге асатындығына сенеді. Өйткені, бұрынғы дәстүрлі жолдаулардағы тапсырмалардың қалай орындалғаны, дүние жүзінің ең мықты мемлекеттерінің өзін бір сілкіп алған әлемдік дағдарыстың елімізде өте баяу өткенін көзі көріп отыр.
Нұрсұлтан Әбішұлы құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша байыпты жұмыс жүргізуді міндеттеді. “Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды” деп өте орынды айтты.
Осы жүйеде жұмыс істеп келе жатқандықтан біз мұның қасіретін анық білеміз.
Адам – мемлекеттің байлығы. Әртүрлі жағдайлармен темір тордың арғы жағына аттанғандардың құқығын аяққа басып, олардың өміріне сенімсіздікпен қарауға болмайды. Қанжарынан қан сорғалаған кәнігі қылмыскерлерден бөлек, абайсызда от басқан отандастарымыздың да көп екендігін ұмытпайық.
Қылмыс жасаған адам жазасын алуға тиіс. Бірақ, түрмелерде заң талаптарын білмегендіктен өз құқығын қорғай алмай жазалы болған азаматтарымыз бен азаматшаларымыз жеткілікті. Олар туралы жүздеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, оңтүстіктің бір кәсіпкер әйелінен жақын құрбысы әкесі қайтыс болып ірі көлемде қарыз алады. Жақсы таныс болған соң араларында ешқандай құжат түзілмейді. Халықта “қарыз күліп барып жылап қайтады” деген даналық сөз бар. Қарыз алған келіншек қайтаруға асыға қоймайды. Әртүрлі сылтау айтып кешеуілдете береді. Арада қату сөздер айтылады. Сондай күндердің бірінде ақша берген кәсіпкер ашумен құрбысының үйіне келсе, ол өзі сауда жасайтын алтындарын үстел үстіне жайып, саудаға дайындалып жатыр екен. Отты, қайратты келіншек сол жерде өзі үшін дұрыс, заң үшін қате қадам жасайды. Қарыз берген ақшасына шақтап бір бөлігін үстелден сыпырып алады да “менің ақшамды қайтарған күні аласың” деп шығып кетеді. Кәсіпкер әйел шетел асып келсе үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Қолыңмен істегенді басыңмен көтеруің керек. Ашынған екі жақтың дауы қарыз берген келіншектің төрт жылға бас бостандығынан айырылуына әкеп соғады. Құрбысы қателігін кеш түсініп, кешірім сұрағанымен сот үкімі шығып қойған.
Ипотекамен үй алу, банктен ірі көлемде несие алғанда алаяқтардың арбауына түсіп, болмашы ақы үшін үлкен қылмысты арқалап кеткендер көп. Оларды жұмсағандардың, дорбалап ақша тапқандардың қылшығы қисайған жоқ, момындарды соттатып жіберіп түк болмағандай жүр. Олардың қатарында балалықпен, әлі де оң-солды айыра қоймайтын аңғалдықпен біреулердің ұялы телефондарын алып қашқандардың істі болғанын көргенде ішің удай ашиды.
Осындай жандарды түрмеге тоғыта бергеннен кім ұтады, кім ұтылады? Заң алдына бәрі бірдей болғанымен жазалау арқылы олардың өмірін бұзып алмаймыз ба? Түрмеден шыққан адамға қоғамда күдікпен қарайтындай көзқарас бар. Жұмысқа алуда да олардың құқығы өзгелерден төмендетіле береді. Олар да бостандыққа шыққаннан кейін өзін өгейсіп, адамдар арасына еркін кіре алмай жүреді. Ал, жастар арасында көкжал қасқырдай айналасына жыртқыштықпен қарауға тәрбиеленіп шыққандар да болады. Түзетеміз деп қоғамға өшпенділігін қоздырып алып жатамыз.
Президентіміз “біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет” деп атап көрсетті.
Өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып, құқық қорғау қызметін жетілдірсек мыңдаған жастарымыздың өмірін бүлдіріп алмауынан сақтар едік. Ойламаған жерде құқық тәртібін бұзатындар көп. Сол мезетте өзінің не бүлдіргенін сезінбейтіндері де болады. Сондықтан халқымыздың құқықтық сауатын арттыру қажет.
Ел газеті “Егеменде” осындай тағдырлар жөнінде жиі жазылса, ақпарат өкілдері белсенділік танытса, адасқан адамдар қатарын азайтар едік. Олар тас түрмелерге емес, көгінде ақ көгершіндер ойнаған, күн күлген өмірдің бақытты күндеріне лайық. Заңдарымызды ізгілендіру талай олқы тұстарымызды түзер еді.
Шымкент.