Президенттiк мәдениет орталығына тапсырылды
Бұл кешенді елiмiздiң ежелгi және бүгiнгi тарихынан сыр шертетiн ұлттық құндылықтар қоймасы десе де болады. Әлемнiң әр түкпiрiнен тәуелсiз мемлекетiмiздiң астанасына келген қонақтар осы орталыққа келсе, республикамыздың барлық өңiрiнен жинақталған жәдiгерлерден толыққанды мағлұмат алады.
Мәдениет кешенi ашылғанда оңтүстiк өңiрiнен оған 200-ден астам көнеден жеткен бағалы заттар тапсырылған болатын. Олардың арасында облыстық тарихи-өлкетану, Отырар, Сайрам мұражайларынан iрiктелiп алынған өте сирек кездесетiн бұйымдар бар.
Өлкемiздiң сан ғасырлар бұрынғы өмiрiн, халқының тұрмыс-тiршiлiгiн танытатын қайың қабығымен қапталған садақ және ши, кiлем, басқұр, алаша тоқитын қондырғылар, оқ құюға арналған тас қалып, қолөнер шеберлерiнiң таңдаулы бұйымдары, киiз үй жабдықтары және басқа да ұлттық дәстүрлi өнер туындылары мәдениет кешенiнiң этнографиялық залында тұр. Отанымыздың орталық мұражайы қорында елеулi орын алатын және оны байыта түсетiн оңтүстiктiң жауһар жәдiгерлерiне шетелдiк меймандардың қызығушылығын олар қалдырған жылы лебiздерден айқын аңғаруға болады десек, Президенттiк мәдениет кешенi тағы бiр аса құнды жәдiгермен толықты. Ол – ұлтымыздың кемеңгер ұлы, үш жүздiң төбе биi атанған Төле бабаның шежiресi. Тарихы күллi қазаққа ортақ абыздың айрықша дүниесiн Төле бидiң жетiншi ұрпағы, оның өмiрiне қатысты деректердi ықтияттап, жинастырып жүрген, ардагер судьялар кеңесiнiң төрағасы, «Құрмет» орденiнiң иегерi Өмiрбек Темiрұлы мәдениет кешенiнiң директоры Мырзатай Жолдасбековке өз қолымен апарып тапсырды.
Біз Өмiрбек Темiрұлынан дана баба жөнiндегi тың деректiң қалай табылғанын сұрағанбыз.
– Бұл дүние менiң қолыма 1987 жылы тидi. Леңгiрде тұратын Айдар деген iнiм: «Жоғалтып алармын, сiзде тұрсын», деп әкеп бердi. Ал оның мұны қайдан қолына түсiргенiн анықтағанымда, ол жалайыр руының азаматына тұрмысқа шыққан анамыздан алғанын айтты. Мен екi басы дөңгеленiп түйiнделген ұзынша таяққа орнатылған қағаздағы жазуды түсiнбедiм де, үйге тығып қойдым. Кейiннен таныстарым: «Сенде Төле бидiң шежiресi барын естiдiк. Көрейiк», деп қайта-қайта есiме сала берген соң, Отырар университетiнiң араб тiлi оқытушыларына апарып көрсеттiм. Бес мұғалiм шұқшиып қарады. Ешқайсысы оқи алмады. Содан олардың бiрi: «Бұл шағатай тiлiнде жазылған сияқты. Бiздiң облыста оны оқи алатын бiр-ақ адам бар. Ол – Абдолла Жолдас. Соған барыңыз», деп ақыл қосты. Жұртпен көп араласпайтын, үйiнен сирек шығатын ол кiсiнi әзер дегенде iздестiрiп тауып, көптен берi құпиясына қаныға алмай жүрген жағдайдың жай-жапсарын бiлдiргенiмде, меселiмдi қайтармады. Құжаттағы жазу шынында да шағатай тiлiнде екен. Қағаздағыны тәптiштеп оқығанда ол Нұһ пайғамбардан Төле биге, одан бабамыздың Шойбек деген ұрпағына дейiнгi шежiре болып шықты. Мен шежiренi Төле бабаның ұлы Қожамжардың туған немересi Шойбек би жаздырған-ау деп пайымдаймын. Өйткенi, қағаздағы деректер Төле бидiң шөбересi датқа Шойбекке дейiн таратылады. Кеңес өкiметiнiң бай-манаптарын қуғындау нәубетi басталғанда сол шежiреден айырылып қалу қаупiнен сақтанып, қолдан-қолға өткiзiлiп, ең соңында өзге жұрттағы апайымыз Бүбiрайханда сақталған деген де жорамал бар.
Қолыма тиген шежiренi жергiлiктi мамандарға зерделеткенiмде, оның папирустан жасалған қағазға алтын сиямен жазылғанын айтты. Ұзындығы екi метрден асады. Енi – 25 сантиметр. Қысқасы, бабалардан жеткен аманат жәдiгердi халықтың ортақ құнды мүлкi ретiнде Президенттік орталық мұражайына тапсыруды өзiме парыз санадым, – дедi ол.
Әдiлдiгiмен қара қылды қақ жарған, асқан шешендiгiмен қалың қауымды аузына қаратқан, ел бiрлiгi үшiн күрескен дана баба Төле бидiң шежiресi қазiр мамандардың түбегейлi тексеруiнен өткiзiлiп жатыр.
Жеңiс БАҺАДҮР, журналист.
Шымкент.