Енді аз уақытта бүкіл еліміз атап өткелі отырған ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевқа жолығып, көші-қонның бүгінгі тынысы жөнінде әңгімелескен едік.
– Сұлтеке, бүгінгі әңгімені Тәуелсіздік бізге не берді деген ойдан бастасақ...
– Тәуелсіздіктің жақсылығы мен игілігі ұшан-теңіз. Бұл ретте экономикалық саладағы жетістіктеріміз бірінші кезекте ойға оралады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап, жас мемлекеттің экономикалық дамуының бағыт-бағдарын барынша дұрыс анықтап, қажетті шешімдерді дер кезінде батыл қабылдай білді. Соның нәтижесінде Қазақстан қазір күш-қуаты барынша мол, өндірісі тез қарқынмен дамыған мемлекеттердің біріне айналды.
Бірақ сонымен бірге, мұндай мол байлық сан ғасырлар бойы отаршылдықтың құрсауында болған қазақ халқы үшін негізгі мұрат еместігін де естен шығармаған жөн. Біз үшін Тәуелсіздіктің ең басты жемісі – қазақ халқының ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне даңғыл жол ашылуы. Тәуелсіздік енді бір жиырма-отыз жылға кешіккенде қазақ халқының ұлт ретінде жойылып кетуі әбден мүмкін еді. Иә, Тәуелсіздік қазақ халқын ұлт ретінде жойылып кетуден құтқарып қалды. Мысалы, басқа жерді былай қойғанда, Тәуелсіздікке дейін Алматыда бір ғана қазақ мектебі болған болса, қазір олардың саны елудің деңгейіне жетті. Алматыда осынша қазақ мектебі ашылады деген ой баяғыда бізге қиял сияқты еді. Енді сол қиялдың жүзеге асқанын көзімізбен көріп, куә болып отырмыз. Мұны ешуақытта ұмытпағанымыз абзал.
– Сіз жиырма жылдай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істеп келесіз. Яғни, күнделікті жұмысыңыз шетелдегі қазақтармен байланысты. Осы ретте Қазақстанның Тәуелсіздігі шетелдегі қазақтарға не берді, қандай игілік әкелді дейтін сұрақтың да туатыны заңды. Ендігі әңгімемізді осы мәселеге қарай бұрсақ...
– Қазіргі кезде алыс және жақын шетелдердегі қазақтардың жалпы саны 5 миллионнан астам адам. Олар дүниежүзінің қырықтан астам елінде тұрып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, Өзбекстанда 1,5 миллион, Қытайда 1,5 миллион, Ресейде 1 млн-ға жуық, Түркіменстанда 80 мың, Моңғолияда 100 мыңнан астам, Қырғызстанда 45 мың қазақ бар. Түркия, Иран және Ауғанстанда да қазақтар біршама. Дегенмен, бұл мәліметтердің бәрі дәл деп ешкім де айта алмайды. Мұның себептері – алуан түрлі. Мысалы, қазақ диаспорасы тұратын елдердің біразында соңғы он бес-жиырма жылда халық санағы өткізілген емес. Кейбір елдерде санақ өткізілгенмен ұлт туралы мәлімет көрсетілмейді.
Мұның сыртында соңғы уақытта өзіміздің қазақтардың Қазақстаннан басқа елдерге қоныс аударуы көбейе бастады. Мысалы, жақында ғана Швецияға жолымыз түсті. Міне, сонда Қазақстан мен Қырғызстаннан көшіп барған біраз қазақтарды кездестірдік. АҚШ пен Канадаға да қоныс аударған ағайындарымыз бір қауым ел. Яғни, шетелдегі қазақтардың саны үнемі өзгеріп тұратыны даусыз.
Ал тәуелсіздік шет елдегі ағайындарға қандай игілік әкелді деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, бұған төмендегідей екі бағытта жауап беруге болады: біріншіден, тәуелсіздіктің нәтижесінде Қазақстан мен шетелдегі ағайындардың арасындағы барыс-келіс барынша жақсарып, мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Екіншіден, тәуелсіздік шетелдегі қазақтардың атажұртқа қоныс аударуына, яғни, этникалық көші-қонға бұрын-соңды болмаған кең жол ашты.
– Енді осы мәселелер жөнінде кеңірек әңгімелесеңіз?
– Ең алдымен мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы байланысқа тоқталайын. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бастап бұл мәселе Елбасының назарынан бір сәт те сырт қалған емес. Мысалы, Президенттің «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасында шетелдегі қандастарымызбен байланыс жасап, қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлінген. Осыған орай жыл сайын қадау-қадау шаралар белгіленіп, көптеген игі істер жүзеге асырылып келеді. Бұл игі іс-шаралардың арасында Дүниежүзі қазақтары құрылтайларын өткізудің алар орны да, маңызы да ерекше.
Мұндай басқосу да тұңғыш рет Қазақстан Президентінің тікелей бастамасымен 1992 жылы өтті. Бұл Құрылтай Қазақстан республикасының шетелдегі қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсетудің негізгі бағыт-бағдары мен басты міндеттерін де нақтылап берді. Кұрылтайдың шешімдеріне сәйкес «Шетелдегі отандастарға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, ұзақ жылдар бойы нәтижелі жүмыс істеді десек, бұдан кейін де әлем қазақтарының үш құрылтайы өтті.
– Биылғы жылғы төртінші құрылтай атүстілеу өтті, көп мәселені шеше алмады деген сыңайдағы пікірлер де айтылып жүр. Бұл туралы не дейсіз?
– Жалпы, бізде шет ел қазақтары мен көші-қонға байланысты көрмей-білмей, сырттан тон пішіп әңгіме айту жиі кездеседі. Ал шындап келгенде төртінші Құрылтайда Елбасы арнайы баяндама жасап, шетелдегі қазақтарды қолдау мен этникалық көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарын жақсарту жөнінде нақты мәселелерді белгілеп берді. Құрылтай өтісімен нақты мәселелер қолға алынды.
Алыстағы ағайындармен тұрақты байланыс жасап, оларға қолдау-қамқорлық жасаудың және бір тиімді жолы – қазақтар тұратын шетелдерде кіші құрылтайлар, басқа да түрлі басқосулар, мәдени іс-шаралар өткізу. Бұл ретте, әсіресе, Еуропа қазақтарының кіші құрылтайларының маңызы ерекше.
Қазақ диаспорасының мұндай кіші құрылтайлары Тәжікстан, Ресей, Моңғолия, Түркия сияқты елдерде де өткізіліп келеді.
– Шетелдегі ағайындар бұдан да басқа қандай қолдау-көмекке мұқтаж?
– Бүгінгі таңдағы шет ел қазақтарының ең басты мұқтаж мәселелерінің бірі – оқу-білімге байланысты. Өйткені, олардың басым көпшілігі өзге тілдерде, түрлі жазу мен басқа бағдарламалар бойынша білім алуда. Бұл жағдай олардың өз ана тілін игеруіне белгілі бір дәрежеде қиындық келтіреді. Сондықтан да олар Қазақстаннан ерекше қолдау мен көмек күтеді. Соған орай, елімізде біраз жақсы істер қолға алынған. Мысалы, шетелдік қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдері ашылып, біраз жылдан бері нәтижелі жұмыс істеуде. Қазір оған қабылданатындардың саны 1400 балаға дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты іс-шаралар да қолға алынған.
– Сөз реті келгенде Қауымдастықтың қызметі мен мақсат-мүддесіне де кеңірек тоқталсаңыз...
– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы 1992 жылғы әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайында құрылып, оның Төралқа Төрағасы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланған еді. Содан бергі кезеңде қауымдастық елімізге ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал халықаралық ұйымға айналды. Қауымдастықтың мұндай дәрежеге жетуі – Елбасының тікелей қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі.
Сондай-ақ, қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары қызметін көрнекті қаламгер Қалдарбек Найманбаевтың өмірінің соңына дейін ұзақ жыл атқарғанын да атап өту – біздің парызымыз. Қазір ол кісінің ісін белгілі қоғам қайраткері Талғат Мамашев ойдағыдай жалғастыруда.
Қауымдастық шетелдік қазақтармен байланысты Қазақстандағы ресми мекемелермен, шетелдердегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады. Қазіргі кезде қазақтар көп тұратын елдерде қазақ мәдени орталықтары бар. Мысалы, Түркия, Германия, Франция, Австрия сияқты елдерде мұндай орталықтар ежелден жұмыс істейді. Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы да жемісті қызмет атқаруда. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларынан бастап, Қазақстанмен шектес барлық облыстарында қазақ мәдени орталықтары бар. Соңғы кезде Қытайдағы қазақтармен де байланысымыз барынша жақсарды. Балтық жағалауы елдерінде де қазақ мәдени орталықтары шаңырақ көтере бастады десем, қауымдастық Моңғолияда өз бөлімшесін ашып, ондағы қазақтармен байланысты сол бөлімше арқылы жүргізуде. Иран, Ауғанстан сияқты елдердегі ағайындармен байланысымыз да ойдағыдай.
– Шетелдегі ағайындардың Қазақстанның жаңалықтарына әрқашан да құлақ түріп, асыға күтіп отыратындары даусыз. Бұл салада Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қандай жақсы жаңалықтар болды деп есептейсіз?
– Бұл саладағы ең басты жаңалық – шетелдерге хабар тарататын «Каспионет» телеарнасының ашылуы. Шетелдегі ағайындарымыздың басым көпшілігі осы телеарна арқылы Қазақстанның жаңалықтарын күн сайын үзбей көріп отырады.
Мұндай игі іске қауымдастық та өз үлесін қосып келеді. Осыған орай, қауымдастықтың жанынан «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағын шығарып, шетелдердегі ағайындарға тарату қолға алынған. Бұл басылымдардың жарық көруіне Байланыс және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті мен Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті нақты қолдау жасауда.
Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінде Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларының алар орны ерекше. Соған орай, қауымдастық бұл жолдауларды шетелдегі отандастарға насихаттауға да айрықша назар аударады.
Қауымдастық шетелдегі қазақ диаспорасының демографиялық және әлеуметтік жағдайын зерттеу жөнінде арнайы экспедициялар ұйымдастыруды да қолға алып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Өзбекстандағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Ресейдегі қазақтар» деген монографиялық жинақтар жарық көрді.
Қауымдастық шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын жинап, жарыққа шығарып насихаттауға айрықша назар аударады. Бұл орайда қауымдастықтың «Атажұрт» баспа орталығы нәтижелі жұмыс істеуде.
– Тәуелсіздіктің шет ел қазақтарына берген игіліктерінің бірі көші-қон екендігін ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
– Шетелдерде шашырап жүрген қандастардың басын қосу айтуға оңай болғанымен, іске асуы қиын шаруа. Сондықтан да біз сияқты егемендік алған республикалардың ешқайсысы да сырт жерлердегі өз диаспорасына қолдау жасап отырған жоқ. Бұл салада батыл да нақты істерге барған бірден-бір ел – Қазақстан болды. Бұл ретте Тұңғыш Президентіміз өзінің шынайы ұлт жанашыры екендігін таныта білді.
Осыған орай тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде атажұртқа 1 млн.-ға жуық қандастарымыз оралды. Қазір көші-қон квотасының мөлшері 20 мың отбасына дейін жетті. Жақында «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заң да қабылданды.
Яғни, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде көшіміз көлікті болды деп толық сеніммен айта аламыз.
– Соңғы кезде «Нұрлы көш» бағдарламасы туралы жиі сөз болып жүр. Бұл бағдарламаны мақтаушылар да бар, сын айтушылар да кездеседі. Осы жөніндегі пікіріңіз қандай?
– «Нұрлы көш» бағдарламасы да Елбасының тапсырмасымен дүниеге келген. Бұл бағдарлама еліміздегі «Көші-қонды басқару жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасының» құрамдас бөлігі болып табылады. Бағдарлама бойынша оралмандарды қоныстандыру Солтүстік, Оңтүстік және Орталық болып үш аймаққа бөлінеді. Бағдарлама, әсіресе, солтүстік облыстарға көбірек көңіл бөледі. Әрине, жаңадан басталып жатқан соң бұл бағдарламаны жүзеге асыруда кейбір кемшіліктердің кездесіп отырғаны да рас. Бірақ бұл игі істің болашағы үлкен екендігіне күмәндануға болмайды.
– Көші-қон мәселесі сөз болған жағдайда «Дүниежүзі қазақтары қайда қарап отыр?» деген сияқты әңгімелер де жұрт арасында жиі айтылады...
– Бұл біздің жиырма жылдай уақыттан бері естіп келе жатқан әңгімеміз. Бұдан біраз жыл бұрын біреулер Қытайдан 1500 баланы оқытамыз деп ақша алып, шақырып әкеліп, біразын Қауымдастық үйінің алдына топырлатып қойып, өздері ағаштың аржағына тығылып тұрып, «бұларды неге оқуға түсірмейсіңдер» деп бізді сынап-мінеген еді. Яғни, көші-қон мен оралман мәселесі жөнінде сын айтылса, оның біржағына қауымдастықты да қосып қою әдетке айналған. Сондықтан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының көші-қон жұмыстарымен тікелей айналыспайтынын тағы да бір рет қайталап айтқымыз келеді. Көші-қонды ұйымдастыруға қауымдастықтың құқы да, мүмкіндігі де жоқ. Бірақ шетелдегі ағайындардың көші-қон жөніндегі ұсыныс-өтініштерін Қазақстанның тиісті орындарына қауымдастық арқылы жеткізуге тырысатындары да анық. Соған орай, біз көші-қон мәселесіне араласып, бұл жөнінде керекті мәселелерді көтеріп отыруға мәжбүрміз. Мысалы, менің өзім қауымдастықтың атынан «Егемен Қазақстан» газетіне сонау 1993 жылы «Қазыналы көштің қадірін білейік» деген проблемалық мақала жазып едім. Содан кейін де «Алыстағы ағайын қайда оқиды?», «Қазақтың басын қоссақ деп...», «Алыста жүрген ағайын...», «Қазақ халқы қайтсе көбейеді?..», «Қабылданған заң қайда қалды?..», «Шетелдегі қазақ: бүгін және ертең», «Оралмандарды орналастырудағы оралымсыздықтар», «Атамекенді аңсаған ағайын», «Көші-қон және жаңа Заң», «Оралман көші: күдік пен үміт», «Көш қайтсе көбейеді?!» деген сияқты көптеген проблемалық мақалалар жарияладым. Басқа ақпарат құралдарында көтерген мәселелерім өз алдына. Яғни, көші-қон мәселелерін тікелей шеше алмасақ та бұл салаға атсалысып, үн қосып отыру – біздің азаматтық парызымыз, қауымдастықтың қызметкері ретіндегі міндетіміз.
– Қауымдастық бұл жұмыстарын қандай жолдармен жүзеге асырады?..
– Бүгінгі таңда бізде этникалық көші-қон жұмыстарын басынан аяғына дейін бір орталықтан басқарып, ұйымдастырып отыратын нақты мемлекеттік мекеме жоқ. Мысалы, шетел қазақтарының Қазақстанға келу құжаттарын реттеуді шетелдердегі елшіліктеріміз, келгеннен кейінгі құжаттарын жинауды Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы, түрлі жәрдемақы мен зейнетақы беруді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, оқу-білім беруді Білім және ғылым министрлігі, жер беруді жергілікті әкімдіктер шешеді. Көші-қонға қатысты заң жөніндегі мәселе Парламент депутаттарына барып тіреледі.
Міне, осыған орай шетелдік ағайындардың өтініш-тілектері қай министрлікке қатысты болса біз сол министрлікпен байланыс жасаймыз. Мысалы, шетелдегі қазақ диаспорасына мәдени-рухани салада қолдау көрсету жұмыстарын Мәдениет министрлігінің Тіл комитетімен бірлесіп жүргіземіз. Көші-қон полициясы комитетімен бірлесіп, биылдың өзінде этникалық көші-қон жөнінде төрт-бес рет дөңгелек үстел мәжілісін өткіздік. Енді Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп Шымкент қаласында қазақ диаспорасының оқу-білім мәселелері жөнінде республикалық басқосуын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Түйіп айтқанда, Қауымдастық алыстағы ағайындардың өтініш-тілектерін Қазақстанның тиісті орындарына жеткізіп тұратын «алтын көпір» міндетін атқарады.
– Соңғы уақытта шетелдегі сан миллион қазақтардың бәрін тез арада Қазақстанға түгел көшіріп әкелу керек деген ұсыныстар да айтылып жүр. Қалай ойлайсыз, бұл мүмкін бе?..
– Заңдық-құқықтық жағынан келсек, бұған ешқандай кедергі жоқ, толық мүмкіндік бар. Шетелдегі бес миллион қандастарымыз Қазақстанға түгел өтіп, қалаған жерлеріне өз күштерімен барып орналасамыз десе, есік ашық. «Халықтың көші-қоны туралы» заңда да, басқа құжаттарда да бұған толық еркіндік берілген. Ал шын мәніне келсек, әлемдегі барлық қазақты бірден көшіріп алайық деу ешқашан жүзеге аспайтын әңгіме шынтуайтына келгенде шетелдегі қазақтардың бәрін емес, жыл сайынғы өсімін түгел көшіріп әкеліп отырсақ та үлкен жетістік болар еді.
– Бұлай деуіңізге не себеп?!.
– Себеп көп. Мысалы, шетелдегі қазақтың бәрі бірдей көшуге дайын деген қайдан шыққан әңгіме?!. Оны кім зерттеген, қалай білген?!. Ал егер көшкісі келмегендер болса не істейміз, зорлап әкелеміз бе?! Жалпы, жұрт алдына шығып алып «бүкіл қазақты көшірейік» деп айту оңай. Ал бірақ мұның артында қаншама қыруар көп жұмыс; қаншама адамның тағдыры тұр. Мысалы, келген әрбір қазақ баспаналы болуы, жұмысқа орналасуы керек. Бала-шағасын оқытуы, жасы келсе зейнетақы алуы, басқа да әлеуметтік жәрдемдерге қол жеткізуі керек.
Жалпы, бізде көші-қон, оралман туралы мәселе көтеру көзге түсіп, «белсенді» көрінудің ең оңай жолына айналған. Этникалық көші-қонға байланысты қызыл сөзбен неше түрлі қисынға келмейтін әңгімелер айту осының бір айғағы. Ал егер оралмандарға жанымыз шынымен ашитын болса онда ең алдымен көші-қонның ең өзекті, басты мәселелерін зерттеп, түсініп алып, ұсынысты содан кейін айтқанымыз абзал. Бізде осы ескерілмейді.
Сондай-ақ, қазір кім көрінгеннің «оралман мәселесін біз шешеміз» деп қолданыстағы заң-ережелерге мүлдем сәйкес келмейтін нешетүрлі талап қойып, айқай-шу көтеруі де жиі кездеседі. Көші-қон полициясының алдына барсаңыз «Оралмансың ба, қандай мәселең бар, бәрін мен реттеймін» дейтін делдалдар да қаптап жүреді. Соның салдарынан Қазақстанға келген ағайын көші-қонмен нақты кім айналысатынын түсінбей басы қатып, әркімге бір алданып, әуре-сарсаңға түседі. Мысалы, квотаға кіргіземін деген біреулердің сөзіне сеніп, ақша берген, бірақ ақыр соңында квота да жоқ, ақша да жоқ, санын соғып алданып қалған ағайындар әр жерден де кездеседі . Мұндайға жол беруге болмайды.
– Бұл үшін не істеу керек?
– Бұл үшін көші-қон туралы қолданыстағы заң-ережелерді бұлжытпай орындап, оралмандарға қатысты жұмыстарды осыған сәйкес жүргізу керек. Соған орай халықтың көші-қоны, оның ішінде оралмандар мәселесі де, ең алдымен мемлекеттік органдардың айналысатын шаруасы екендігін қадап айтқымыз келеді. Олардың жұмысына көлденең біреулердің араласуға қақысы жоқ. Бәрі тек қана заң аясында жүзеге асуы тиіс. Мысалы, шетелдегі ағайындардың Қазақстанға келуі, оралман мәртебесін, ықтияр хат, азаматтық алуы, оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы, т.б. бәрі нақты заң, ереже-тәртіптермен белгіленіп, бекітілген. Бұл ереже-тәртіптерді бұзғандардың қанша айыппұл төлейтіндері де нақты көрсетілген. Көші-қон полициясы, Консулдық қызмет департаменті және басқа мекемелер оралмандармен осы заңдар мен ереже-тәртіптерге ғана сүйеніп жұмыс істеуге тиіс. Ал егер бұл заңдар мен ереже-тәртіптер алыстағы ағайындардың келуі мен орналасуын қиындататын болса, біз ең алдымен оларды тиісті орындардың алдына қойып, өзгертіп алуымыз керек. Ал ондай жасамай, тек «мынау алыстан келген ағайын еді, анау қиындық көріп жүрген оралман еді, заңға, ереже-тәртіптерге сай келмесе де жұмысын бітіріңдер» деп талап қою ақылға қонбайтын әңгіме.
– Соңғы кезде көшіп келген ағайындарды оралман деп бөлуге болмайды, оларды жергілікті халықтан ажыратпау керек деген мәселе жиі көтеріле бастады.
– Оны өте дұрыс деп есептеймін. Жалпы, оралман деген кім?!. Оралман деген Қазақстанға жаңадан ғана келіп, тұрақты тұруға тіркеліп, қолына «оралман» деген заңды куәлік алған, ұлты қазақ шетелдік азамат. Оралман куәлігі көші-қон квотасына кіріп, тиісті жәрдемақы алу үшін бір жыл мерзімге ғана беріледі. Қазақстан азаматтығын алып, тиісті жәрдемақыларға қол жеткізгеннен кейін ол куәліктің мерзімі өтіп, күші жойылады. Бұдан кейін ағайынның өзін оралманмын деп есептеуге де, бұл жөнінде қосымша жеңілдіктер мен жәрдемақы талап етуге де ешқандай құқы жоқ. Ол енді жергілікті жұртпен мәртебесі тең, толыққанды Қазақстан азаматы. Ал әртүрлі себептермен Қазақстан азаматтығын алмай, шет ел паспортымен не ықтияр хатпен жүрсе ондай жағдайда ол ешқандай да оралман емес, шетелдік этникалық қазақ. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында мұның бәрі тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ соған қарамастан, біздің кейбір ағайындар атажұртқа келіп, Қазақстан азаматтығын алғанына бес жыл, он жыл өтсе де өздерін әлі күнге оралманбыз деп есептейді. Мұндай ұғым-түсініктен біржолата арылатын кез әлдеқашан жетті. Осыған орай, өзімнің де негізгі мамандығым журналист болғандықтан, газет-журнал мен телерадиодағы әріпттестеріме бір өтініш білдірсем деймін. Айтуға болады ғой?
– Әрине, айтыңыз!
– Айтсам былай! Бүгінгі таңда оралмандар жөніндегі біраз мәселе бұқаралық ақпарат құралдарына да тікелей байланысты. Яғни, журналистер қауымы атажұртқа келген ағайындарға Қазақстанның көші-қон жөніндегі тиісті заңдары мен ереже-тәртіптерін насихаттауға, оралмандардың құқы мен міндеттерін дұрыс түсіндіруге өз үлестерін қосса екен дейміз. Осыған орай, журналистер этникалық көші-қон мен оралмандар мәселесі жөнінде мақала жазып, хабар түсіргенде бұл мәселенің мән-жайына тереңірек үңілгендері абзал. Мысалы, қазір кез келген адам газет-журналдарға, радио мен теледидарға шығып алып «мен оралманмын» деп сайрап сөйлей беретін болды. Ал оның қолында оралман екендігін дәлелдейтін куәлігі бар ма; айтып отырған сөзі шын ба; қойған талабы заң-ережелерге сәйкес келе ме – оған ешкім де ой жүгіртпейді. Осының салдарынан көбіне әлдекімдердің жеке бастарына қатысты ұсақ-түйек жағдайлар сөз болып, шын оралмандардың ең өзекті, ең басты мәселелері тасада қалып қояды. Болашақта осының есте болғаны жөн.
– Сіз көші-қон саласында жемқорлық бар дегенді жиі айтып, жазып жүрсіз. Қазір жемқорлықпен күрес күшейді, соған байланысты көші-қон да бұл дерттен арыла бастады деуге бола ма?
– Осыдан біраз жыл бұрын оралмандарға баспана орнына ақшалай жәрдемақы берілетін болды. Яғни, бір отбасы адам санына қарай орта есеппен 1 миллион теңге жәрдемақы алады. Бұл жемқорлыққа «даңғыл» жол ашты. Әсіресе, Қазақстанға келмеген немесе өмірде мүлдем жоқ адамдардың атынан неше түрлі жалған құжат жасап, оралманға бөлінген ақшаны талан-таражға салу үйреншікті жағдайға айналды. Мысалы, 2008 жылы баспасөз бетінде солтүстік облыстардың біріне келген 700 оралман отбасының жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жоқ болып кеткені айтылды. Ал бірақ шын мәнінде ол облысқа 700 оралман отбасының өздері емес, жалған құжаттарының ғана барғаны даусыз еді. Бұл бір облыста кемінде 700 миллион теңге қолды болды деген сөз. Ал бүкіл Қазақстан бойынша алатын болсақ, талан-таражға түскен қаржы сан миллиардтаған теңгені құрайтынын есептеп шығу онша қиын емес.
Мен бұл туралы баспасөз бетінде сан рет мәселе көтердім. 2008 жылдың аяғында Көші-қон комитетіне «Көші-қондағы жемқорлық және оны тоқтатудың жолдары» деген тақырыппен арнайы анықтама-хат та жаздым. Бірақ бұған дер кезінде назар аударған ешкім болмады. Тіпті, оралмандарға жанашырмыз деп жүрген азаматтар да бұған елең етпеді. Неге бұлай екендігін түсінбей, әлі күнге аң-таңмын. Тек соңғы бірер жыл көлемінде ғана бұл мәселе нақты қолға алынды. Бұған бірінші кезекте Көші-қон комитетінің Көші-қон полициясы комитетіне қосылуы үлкен ықпал етті. Сондай-ақ, квотаға кіріп жәрдемақы алудың тәртіп-ережелерінің қатайтылуы да дұрыс болды. Дегенмен, көші-қондағы жемқорлық толығымен тыйылды деуге әлі ерте. Көші-қон полициясының жақында таратқан мәліметіне қарағанда, 2010 жылы оралман ретінде 42 млн. теңгені заңсыз алған 64 факті тіркелген.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон мекемесінің бір топ қызметкерлерінің жалған құжат жасау арқылы 180 млн. теңгені талан-таражға салып, сотты болғаны жақында ғана теледидардан айтылды.
Көші-қон саласындағы мұндай қылмысты әрекеттер тек Қазақстанның өзімен ғана шектелмей, шетелдерге де тараған. Мысалы, баспасөз бетінде Қытайдағы бір топ азаматтардың Қазақстанға баратын жалған виза жасап сатумен айналысқаны туралы жазылды. Қылмысты топтың құрамында қазақстандық азамат та болған. Шетелге шығатын жалған виза жасау – қылмыстың сирек кездесетін әрі барынша ауыр түрі. Міне, осыған Қазақстан азаматының белсенді араласуы біздің елімізде оралмандарға арнап жалған құжат жасаудың қаншалықты «дамығанын» айқын көрсетеді. Бұл сөзімізді жақында ғана Алматы облысына Қытайдан келіп оралман ретінде тіркелген 87 кісінің құжатының жалған болып шыққандығы да дәлелдей түседі.
Дегенмен, болашақта мұндай келеңсіздіктер түбегейлі тыйылар, оралмандарға бөлінген қаржы неше түрлі алаяқтар мен делдалдардың қалтасына түсіп кетпей, әрбір тиынына дейін толығымен оралмандардың өздеріне жетер деп үміттенеміз.
Әңгімелескен Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.