Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға мүдделілік танытты
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына және Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуіне қатысты.
Ортақ мүдде көзделген бұл кездесудің өзіндік сыр-себебі де жоқ емес. Кеден одағына мүше Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының бір үстел басында осылайша бас қосуының мақсаты үш мемлекеттің 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін Біртұтас экономикалық кеңістік туралы халықаралық келісім-шартына байланысты Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияның көкейкесті мәселелері бойынша келіссөз жүргізу болды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ – Мәскеуден.
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге жұмыс сапары аясында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылады.
Дмитрий Медведев кездесудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
Елбасы өз сөзінде бүгінгі кездесудің ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Ал бұл күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекет басшыларының үшжақты ресми кездесуі өтті. Үш ел басшылары басқосуының күн тәртібінде Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Кеден одағы қызметінің, Еуразиялық экономикалық кеңістік құру бағытындағы өзекті мәселелер қаралды. Мәселен, келелі отырыс аясында мемлекеттердің ортақ мақсат жолында өзара ықпалдасуының келесі сатысына көшу жөніндегі бірлескен жұмыстары назарға алынды. Әңгіме негізінен Еуразиялық экономикалық одақ, ықпалдасу үдерістеріндегі ұлтаралық органдардың басқаруын жетілдіру мәселелері төңірегінде өрбіді.
Кеден одағы аталған үш мемлекет арасындағы мемлекетаралық құнды интеграциялық құрылымның бірі екені анық. 2011 жылдың 1 шілдесінде осы елдер арасында біртұтас кедендік шекараның негізі қаланған болатын. Бүгінде Одақ аясында үш елдің экономикалық бағыттағы бастамалары жүзеге асырылып, болашақта атқарылар жұмыстар турасындағы келіссөздер жүйелі түрде өз жалғасын табуда.
Осыған орай, бұл күнгі Кеден одағына мүше елдер мемлекет басшыларының үшжақты кездесуі барысында үш мемлекеттің де ортақ мүддесіне, әріптестік қарым-қатынастарына негізделген, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды саналатын бірқатар келісім-шарттар жан-жақты талқыға салынды. Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісім-шартты, аталған келісім-шарт негізіндегі Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тәртібін, Еуразиялық экономикалық ықпалдастық туралы декларацияны атап өтуіміз керек.
Мемлекет басшыларының үшжақты кездесуінен кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Ол басталмас бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Дмитрий Медведев және Беларусь Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға, Еуразиялық экономикалық комиссия жөніндегі келісім-шартқа, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері ретінде Еуразиялық экономикалық комиссиясының жұмыс мерзімі туралы шешімге қол қойды.
Баспасөз мәслихатында алғашқы болып сөз алған Ресей Президенті Дмитрий Медведев өздерінің мұндай маңызды қадамға үлкен дайындықпен келгендерін атап өте келе, бұл отырыстың биылғы жылдың маңызды оқиғалар санатынан ойып тұрып орын алатынына сенім білдірді. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия жөніндегі келісім-шартқа, Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға қол қойдық. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру бағытын көздеген тағы бір кезекті әрі батыл қадамға бардық. Бұл қадам біздің елдеріміздің болашағын айқындай түсетін болады. Мен, бірінші кезекте, өзімнің әріптестеріме ризашылық сезімімді жеткізгім келеді. Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіре келе, мынаны анық әрі нақты түрде атап өтсем деймін: Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ортақ интеграция жөніндегі идеяны сонау, қиын-қыстау 90-шы жылдары-ақ, айтқан болатын. Сол бір кезеңде «интеграция» сөзі кеңестік кезеңнің лексикасы ретінде дұрыс қабылданбайтын еді. Бірақ, соған қарамастан, Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің күш-жігерін аямай, посткеңестік кеңістік шеңберінде интеграциялық үдерістерге бару қажеттігін көпшілікке түсіндіріп, ұғындырып отырды. Оған, әрине, көп уақыт кетті. Бірақ, белгілі бір кезеңге өту жолындағы күш-жігер кез келген күрделі жағдайдың түйінін шешуге көмектесетіні белгілі. Бұл ретте, бүгінгі таңда біздің қолға алып жатқан бастамаларымыздың барлығы да көпжоспарлы жұмыстарымыздың нәтижесі дер едім. Бұл жұмыстар тарихи мазмұнға ие болады деп ойлаймын. Сондықтан, мұндай маңызды қадамдар көпшілік тарапынан бүгін де, болашақта да бағаланады деген сенімдемін.
Осы орайда, Александр Лукашенкоға да интеграциялық үдерістер бағытындағы жүйелі жұмыстары үшін алғысымды білдіремін. Мұндай күш-жігер Кеден одағы құрылғаннан кейінгі жүргізілген жұмыстар кезінде де айрықша байқалған еді. Сондықтан, мұндай жұмыстардың барлығы да күрделі келіссөздер кезінде өз септігін тигізіп отырды. Осы орайда, мен өз әріптестеріме жүргізіп жатқан ауқымды жұмыстары үшін шексіз алғысымды білдіремін, деген Д.Медведев өзекті мәселелерді оңтайландыру жолында күш-жігер танытқандары үшін мемлекет басшыларына ризашылығын жеткізді.
Бұдан кейінгі кезекте Ресей Президенті биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Кеден одағына кіретін «үштіктің» бастамалары мен соған негізделген жұмыстары жүйелі жолға қойылғанын атап өтті. Бүгінде Кеден одағының жұмыс тетіктері жандандырылып, нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылуда. Яғни, бұл тек «қағаз жүзіндегі» жұмыс емес, я болмаса жаңа құрылымдардың дүниеге келуі немесе қандай да бір жұмыс тәртібінің оңайлатылуы емес. Мұндай қадамдар өзара тауар айналымына да тың серпін берді. Тауар айналымы күн санап өте жоғары қарқында артып келеді. Ал бұл – біздің басты бағдарымыз. Экономикамыздың қарыштап дамуын көздеген ортақ мақсатымыз. 2012 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық комиссия өз жұмысын бастайтын болады. Бұл комиссия аясында Қазақстан, Ресей және Беларусьтің Біртұтас экономикалық кеңістігіне қатысты халықаралық келісім-шарттар пакеті іс жүзіне асырылады. Біз биылғы жылдың аяғына дейін Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының іс жүзінде жұмысқа кірісуі үшін бірқатар мемлекетішілік мәселелерді оңтайландырамыз деген келісімге келді», деді Ресей Президенті. Сондай-ақ ол Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының төрағасына Еуразиялық экономикалық комиссия жөніндегі келісім-шартты ратификациялау жөнінде ұсыныс хат жазып, оған қол қойды.
Д.Медведев, сонымен қатар, бүгінгі таңдағы басты мақсаттардың бірі – ол еркін тауар айналымын, капиталды және кеңістік шеңберінде еркін жұмыс күшін қамтамасыз ету екендігін атап өтті. Болашақта біз бірлескен валюталық және макроэкономикалық саясатты жүзеге асыруды да көздеп отырмыз, деді Ресей Президенті. Оның айтуынша, Кеден одағы қызметінің тетігі іске қосылуы үш ел экономикасының инвестициялық тартымдылығын жандандырып қана қоймай, үш ел экономикасының модернизациялануына да ықпал ету қажет.
Баспасөз мәслихаты барысында айрықша мән берілген тағы бір мәселе 2015 жылы құрылуы көзделген Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты болды. Д.Медведевтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссияның басты мақсаты – үш ел мүмкіндігінің теңдей қамтамасыз етілуі. Ал бұл комиссияның қағидалары нарықтық және демократиялық тетіктерге және ең озық деген дүниежүзілік тәжірибелерге негізделіп жасалатын болады. Біз белгілі бір келісімге келе аламыз, белгілі бір мәселені бірлесе шеше аламыз, бір-бірімізді тыңдай аламыз. Ал бұл Қазақстан, Ресей, Беларусь экономикаларының тиімді интеграциялануына, сол арқылы ондағы халықтар мүдделерінің бірдей дәрежеде ескерілуіне негіз болмақ, деді Ресей Президенті.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде мемлекеттерді дамыту бағытында көптеген идеялар туындағанын, солардың бірі экономикалық интеграцияға негізделгенін тілге тиек етті. Бүгінде бұл идея шын мәнінде жүзеге асырылып келеді. Оның бірден-бір дәлелі – Кеден одағы тетігінің тиімді іске қосылуы, үш ел экономикасының тығыз байланыста болуы. Әрине, біздің бастамаларымыздың жүзеге асуы жолында талмай ізденген, бар күш-жігерлерін жұмсаған үш елдің вице-премьерлеріне, экономика, қаржы ведомстволарының жетекшілеріне алғыс білдіруіміз керек. Біз өзіміз бастаған жұмыстардың тек қағаз жүзінде ғана қалғанын қаламаймыз. Оның жоғары деңгейде жүзеге асырылуын қалаймыз. Бүгінгі күнге дейін бірқатар тәжірибелік қадамдарға бардық. Менің ойымша, еуразиялық кеңістік шеңберінде қалыптасқан тиімді саясат Қазақстанды да, Беларусьті де, Ресейді де дұрыс бағдармен әкеле жатыр. Себебі, Еуразиялық экономикалық кеңістіктің жетістігі тек біз үшін ғана маңызды емес, ол бізге көршілес жатқан елдер үшін де айрықша маңызға ие. Беларусь үшін Қазақстанмен, Ресеймен арадағы экономикалық ықпалдастық үдерісі болашақта да жалғаса беретін болады, деді А.Лукашенко. Өзінің сөзінде Беларусь Президенті болашақта Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын жүйеге қоятын бірден-бір маңызды органға айналатынына сенім білдірді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы отырысы өткенін көлденең тартты. Бұл отырыс біздің, яғни Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру жөніндегі ортақ қызметіміздің аясында өткізілді. Оның барысында біз Кеден одағын дамыту және Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырудың негізгі бағыттары туралы бірқатар мәселелерді талқыладық. Кеден одағының тетігі іске қосылған күннен бастап, өзара сауда айналымына қатысты көптеген кедергілер жойылды, біздің елдер экономикасының инвестициялық тартымдылығы жақсара түсті. 165 миллион тұтынушыны біріктіретін ауқымды рынок құрылды. Отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы тауар айналымы 40 пайызға артты. Ал биылғы жылдың өзінде өнім 46 пайызға жетіп отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеуде Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл құжатта үш елдің Еуразиялық экономикалық одақ құруға мүдделілік танытуы көрініс тапқан, деді Қазақстан Президенті.
Үш мемлекет басшыларының кездесуі аясында қол қойылған құжаттар жайына тоқталған Н.Назарбаев олардың мән-маңызын атап өтті. Бүгін біз Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға қол қойдық. Бұл құжатта Кеден одағының жеткен жетістіктері көрсетілген және 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырудың тәжірибелік үдерістерін бастауға деген біздің ынта-ниетіміз көрініс тапқан. Өзара ықпалдасудың келесі сатысы саналатын Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесіне көшу жайы, соған қатысты мақсат-міндеттеріміз айқындалды, деді Қазақстан Президенті.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бірінші шешімі аталған комиссияның жұмыс тәртібін бекіту болып табылады. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағы комиссиясының негізінде құрылады. Сол арқылы Еуразиялық экономикалық кеңістіктің ұлттық органына айналады. Комиссия Еуразиялық экономикалық кеңістіктің қызметін жолға қойып, өзінің құзыреті аясында арнайы ұсыныстар әзірлеп отырады. 5 жылдық мерзім ішінде бұл органға 175 ұлттық қызметтік мүмкіндіктер өкілеттігі берілмек. Олар техникалық оңтайландыруға, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауға, сыртқы және өзара сауда байланысы жөніндегі статистикаларға, өзара бірлескен макроэкономикалық және монополияға қарсы саясатты жүргізуге бағытталады. Өздеріңіз білетіндей, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17 үшжақты келісім-шарт жүзеге асырылмақ. Олар Біртұтас экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық арқауын қалыптастырып қана қоймайды, еуразиялық интеграцияның сапалық тұрғыдағы жаңа кезеңін анықтауға негіз болады, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте Кеден одағы аясында тауар айналымы еркін қозғалысының қамтамасыз етілуіне жол ашылғанын да атап өтті. Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында жалпыға ортақ нарық қызметі, капитал мен жұмыс күшін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі. Барлық отандық компаниялар Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің шынайы монополиялары мен көліктік инфрақұрылымдары қызметіне теңдей қолжетімділікке ие болады. Олардың барлығында да бірдей бәсекелестік жағдай қалыптасады. Ал бірдей бәсекелестік жағдай өз кезегінде отандық кәсіпорындармен иықтаса отырып, Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше елдердің мемлекеттік тапсырысқа байланысты кез келген трендіне қатысуға мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің өз ішіндегі еңбек миграциясына қатысты барлық шектеулер алынып тасталады. Атап, айтқанда, бір елдің азаматы Еуразиялық экономикалық кеңістікке мүше екінші бір елдің аумағында өкілетті органдардың тіркеуінен өтпей-ақ 30 күндей жүре алады, деді Н.Назарбаев.
Жалпы алғанда, мазмұн-мағынасына байланысты біздің ортақ интеграциялық бірлестігіміз ауқымды бірлестік екенін, оның түп негізі халықтарымыздың өмір сапасы мен әл-ауқатын көтеруге бағытталатыны атап өтілді. Бүгінде үш елдің ІЖӨ-сі 2 триллион долларға, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 115 миллиард долларға пара-пар көрінеді. Қазақстан Президенті өзінің сөзінде мұндай келіссөздерге жету үшін күрделі кезеңдерді бастан өткізуге тура келгенін, алайда бірлескен бастамалар бүгінгі күннің өзінде өзінің жемісі мен нәтижесін беріп жатқанын атап көрсетті. Сөзінің соңында Н.Назарбаев бірлескен интеграциялық кеңестің қозғаушы күші саналатын Ресейге, оның халқына үлкен табыс тіледі.
Соңынан Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттері Еуразиялық интеграциялық одақ, Еуразиялық экономикалық кеңістік, Кеден одағы қызметіне қатысты журналистердің сауалдарына жауап берді.
Мәскеудегі мемлекет басшыларының қатысуымен өткен отырыс өзінің маңыздылығымен ерекшеленді. Себебі, бұл күнгі отырыс аясында мемлекет басшылары Біртұтас экономикалық кеңістіктің негізгі құжаттарын бекітті. Бұл құжаттарға сәйкес, Кеден одағы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңістікті жаңа көкжиекке көтермек. Бұрын Кеден одағы аясында әр елдің дауыс беру құқығы әртүрлі болатын. Мәселен, Ресейге дауыстың 57 пайызы тиесілі болса, Қазақстан мен Беларуське тиісінше 21,5 пайыздан келетін еді. Ал отырыс шеңберінде Қазақстан Президентінің ұсынысы негізінде келешекте Біртұтас экономикалық кеңістіктегі барлық шешімдер консенсуспен қабылданатын болады. Яғни, барлық елдер – Ресей де, Қазақстан да, Беларусь те ендігі кезекте тең дауыс иеленеді. Бұл, әрине, экономикалық интеграциялық үдеріске мүдделі кез келген ел үшін үлкен нәтиже.
Кеше кешкісін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен бірге Үлкен театрға келіп, «Ұйқыдағы ару» балетін тамашалады.