• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Қостанайлықтар «Нұр Отанмен» бірге

294 рет
көрсетілді

Қостанайда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының сайлауалды тұ­ғыр­нама жобасы талқыланды. Партияның бұл аса маңызды құжаты «Халық дауысы» ак­ция­сының барысында келіп түскен ұсыныстар негізінде әзір­ленді. Акцияға миллионнан аса қазақстандықтар қатысты. Олардың қатарында қоста­най­лықтар да белсенділік танытты. Тұғырнама жобасына эконо­ми­ка­ны дамытып, әр қазақ­стан­дық­тың өркендеген елде өмір сүруін қамтамасыз ету негізгі өзек етіп алынды. – «Нұр Отан» Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұзақ мерзімдік мақсаттарын іске асыратын басты саяси ор­та­лық болып табылады. Экономика құлдыраған 90-шы жылдар мен бүгінгі нығайған Қазақстанды са­лыстыру келмейді. Айналасы жи­ырма жылдың ішінде экономи­ка­сы тұрақты, әлеуметтік көркейген елге айналдық. Оған қостанай­лық­тардың қосқан үлесі қомақ­ты, – деп атап көрсетті жиынға Ас­танадан арнайы келіп қатыс­қан партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин. Партияның облыстағы саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілі­сін­де сөз алғандар өңірде жүзеге асырылған істерді тілге тиек етті. Өндірісі де, ауыл шаруашылығы да қарқынды дамып отырған Қостанай облысы биыл 8 миллион 700 мың тоннадай астық бас­тырды. Сонымен қатар, нұротан­дық­тар қатарының көптігі және партияның жергілікті ұйымдарын материалдық-техникалық нығай­ту жөнінен де Қостанай жетекші өңірдің бірі. «Қарқын» жауапкершілігі шек­­теулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов өз шаруашылығында еңбек ететін мамандардың басым көпшілігі жастар екенін, өзі ауыл жастарына мүмкіндігінше әлеу­мет­­тік жағдай жасап отырғанын айта келіп, ауылда инфра­құ­ры­лым­ды дамытуды, әлеуметтік нысан­дарды көптеп салуды ұсынды. Н.Нығматулин партияның сай­лауалды тұғырнама жобасына нақты тоқталып өтті. Онда 2020 жылға дейінгі жүзеге асатын істер нақты, тиянақты көрсетілген. Халықтың денсаулығын жақ­сар­ту­да, жолдар салып, білім сапа­сын көтеруде нақты істер атқа­ры­лады. 400 мектеп салынады. Мектепке дейінгі мекемелер саны екі есе арттырылады. Ал бұл жөні­нен Қостанай облысы тамаша үлгі болып саналады. Қазір өңір­дегі бүлдіршіндердің 90 пайызы мектепке дейінгі мекемелерге қамтылған. Нұрлан Зайроллаұлы мұндай көрсеткіш тек Қа­зақ­стан­да ғана емес, ТМД елдерінде жоқ екенін жеткізе отырып, облыс әкімі Сергей Кулагинге рахмет айтты. Н.Нығматулин келер жылдың 15 қаңтарына белгіленген сайлау­дың өңірде ынтымақты, тиянақты өтетініне және партияның сай­лауалды тұғарнамасы жобасының әр ұжымға, әр үйге, әр адамға жететініне сенім білдірді. Өңірлік саяси кеңестің кеңейтілген мәжі­лісінде ардагерлер мен өнерде, спортта, бизнесте табысқа жеткен қостанайлықтарға партия билеті табыс етілді. Сонымен қатар, партияның ХІV съезіне баратын делегаттар анықталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.