• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2018

Қоныс аударушыларға қолайлы жағдай болса...

732 рет
көрсетілді

2008 жылы елімізде 2009-2011 жыл­дары жүзеге асырылатын «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Кейбір өңірлерде қоныстанушыларға арналған қалашықтар салынатыны айтылды. Біздің облыста да жоба жасалды. 

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі­мен келісіліп, бекітілді де. Павло­дар, Екібастұз, Ақсу қалалары­ның түйілісі қоныстандыру аумағы деп таңдап алынған-ды. Қазір орал­мандар қалашықтан бұрын об­лыс орталығынан «Бейімдеу орта­лығының» ашылуын асыға күтуде.

Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масы­ның мәліметінше, былтыр өңірге 75 отбасы, яғни 328 адам көшіп келген. Оның 86-сы Өзбекстаннан, 99-ы Моң­ғолиядан, 123-і Қытайдан, 19-ы Ресей­ден, екеуі Украинадан келген. Был­тыр «Атажұрт» қоғамдық бір­лес­­тігі Қытайдан шыққан 20-дан аса от­басы бар көштің үшінші легін Ус­пен­­ка және Шарбақты аудандарына жет­кізіпті. Алдағы уақытта да елге кел­мекші орал­мандардың Қытай­дағы виз­а­сының ашылуынан бастап, бері қарай шекарадан өткенде күтіп алып, баратын ауылдарына дейін жет­кі­зіп, орналастыру жұмыстарын қолға ал­мақшы. Бірақ, Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы облыстық филиалы­ның төрағасы Болат Зауыттың сөзін­ше, жалпы, осы күнге дейін көшіп келу­ші­лердің құжаттарын ресімдеу кезін­д­е кедергілер де аз емес. Былтыр өңірге 150 квота бөлінгенімен, көшіп келу­ші азайған. Ағайындар оның себе­бін еліміздің көші-қон полициясы қыз­метінің күрделілігімен байланыстырады. Яғни тұрақты тіркеуге тұру, оралман куәлігі мен ықтиярхат ресімдеу және еліміздің азаматтығын алу үшін бәленбай мекемеге бір емес, бірнеше рет бару қиындық туғызады. Өздері алыстан шаршап келген ағайындар жергілікті жерді де, қалай жүріп-тұру­ды да білмейді. Баспана алу, жұмысқа тұру, балаларын мектепке беру сияқты мәселелер де қос-қабат. Аудандарға жол­­са­п­арларға барған­да, тіпті қалада да орал­ман ағайын­дар бізге де құжат тол­тырудан, қағаз­бас­тылықтан, тексерулерден, күні бойы кезек күтуден, шаруа­ларын ана тілін­де түсіндіре алмай, мамандардың жауап­сыздығынан шар­шағандарын айтады. Қытайдан келген қандастар болса, кириллицаны оқи да, жаза да алмайды.

Осы орайда, Көші-қон полиция­сы қыз­меті ағайындардың ортаға бе­йім­­­д­еліп, орналасуына құқықтық-ақ­­­па­рат­тық ақыл-кеңес, әдістемелік ұйым­­дас­тыру­­шы­лық және техникалық тұр­ғы­да көмек көрсетулері қажет-ақ. Қазақ тілін білетін мамандар қызмет жаса­сын де­ген ұсыныстар да түсуде. Екін­ші­ден, Бо­лат Зауыт елі­міз­­дің азамат­ты­ғын алу жұмыстары жеңіл­­детіл­се дейді. Үшін­­шіден, облыс орта­лы­ғын­­да орал­ман­­дарды бейімдеу орта­лы­ғын ашу қажет. Сонда алыстан келген аға­­йын­­ның барлық құжаттарын бір жер­ден дайындап алуына мүмкіндік жасаймыз.

Елге көш басын бұрар кезде, сол елдегі біздің елшілік әр оралман отбасына жолдама береді. Елге келгенде қандай құжаттар керек болады дегенді алдын-ала ескеріп, алып келуі шарт.

Жалпы, ағайындардың дені Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласы мен олардың ауылдық аумақтарында тұрады. Қалған 40 пайызы басқа аудандарда. Бұл күндері 1991-92 жылдары Моңғолия­дан екі Үкіметтің келісімімен еңбек шарты бойынша көшіп келгендер облыс­тың Майқайың, Май ауданының Ақжар ауылында, Екібастұз, Ақсу қаласы аума­ғына қарасты ауылдарда тұрып жа­тыр. Осы жылдарда өңірімізге 34 мың­нан астам оралман қоныстаныпты. Қазір Болат Зауыт бастаған жергілікті қауымдастық шетелдердегі қазақ балаларын облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне, колледждерге оқытуға үлкен үлес қосуда. Биыл Моңғолия, Қытайдан тағы да 130-дай жас қосылды. Оралмандарға өтініштері бойынша қала аумағындағы Павлодар, Кенжекөл, Жетекші ауылдарынан жер телімдерін алып беруге де қолдау көрсетілген. Железинка, Успен­ка аудандарында да 2008 жылдары Өзбекстаннан келген оралман отбасылары тұрып жатыр.

– Бір кездері өзіміз асыға жетіп едік. Бірақ, әлі соңымызға қарайлап жүрміз. Өйткені, атамекенге оралғысы келетін шетте жүрген қандастарымыздың қарасы көп, – дейді Болат Зауыт.

Айтпақшы, облыс әкімі Болат Бақауов Успен ауданы Ольгинка ауылындағы Қытайдан келген ағайындарға барып қайтты. Аудан әкімдігі «көшіп келген отбасы өзі таңдап, ауылдан үй сатып алса, түрлі көмек, қаражаттар бөліне­ді. Жер бөліп береміз, жұмыспен қамты­лады» деп отыр. Өзара топтасып келген қандастардың мақсаты – бірлесіп корпоративтер құру.

Ольгинкаға барған сапардан кейін Болат Бақауов ішкі және сыртқы көші-қон мәселесіне орай жиын өткізуді жоспарлады. Аудандардан автобустармен оралмандарды жеткізуді тапсырды. Әр аудандағы оралмандар отбасының жағдайымен танысатын да болды. Өкінішке орай, аудандардан автобуспен әкеле алмадық. Әкімдіктер қар аралас жаңбыр жауғанын сылтау етті. Ағайындар «облыс әкімінің өзі шақырып жатыр» деген хабарды естісе, құс боп ұшар. Тау асып жеткен ағайынға облыс орталығына жету сөз болып па! Керісінше, залды аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, басқарма, бөлім басшылары толтырды.

Жиында Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылына Қытайдан көшіп келген Нияз Құрманұлы жерді жалға алу үшін кедергі көп деп Б. Бақауовтан көмек сұрады.

Біздің ойымызша, облыс әкімі бастаған «Оралмандармен кездесу» өткізу жақсы бастама. Оралмандар мәселесіне қатысты конференция, дөңгелек үстел, семинар, кеңестер жиі өткізілсе, оның өзі түйткілді мәселелерді шешуге ықпал жасар еді. Ағайындар жиі қоныстанған Екібастұз, Ақсу қаласы мен оларға қарайтын ауылдарда, Майқайың кентінде, аудан орталықтарында басқосулар өтіп тұрса ол да үлкен көмек болмақ. Ауылдар, мектептер бос қалып барады. Әкімдіктер өздері жүгіріп, елге ел қондыру жайларын ойлаулары керек. Тіпті бағдарламға енген жаңа өзгеріске сай көшіп келем деушілерге жер ешқандай конкурссыз, аукционсыз беріледі деген де сөз бар.

Қазір солтүстік өңірлерде көш жүгі тіпті ауырлады. Бірі шетелдегі қазақтың атамекеніне оралуы болса, екіншісі – оңтүстіктен қоныс аударушылар. Үкімет шешімімен 2017 жылы 2700 отбасының қоныс аударуына квота бекітілген. Онда оңтүстіктегі және батыстағы облыстардан жеті өңірге (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс күші мен оралмандарды көшіру тетіктері нақтыланды. Біздің өңір де оралмандарды және қоныс аударушыларды қабылдайтын өңір болып белгіленді. Жұмыспен қамту басқармасының мәліметіне сенсек, былтыр оңтүстіктен өңірлік квотамен 69 отбасы (296 адам) келіпті. Биылғы жылға арналған қабылдау квотасы 9 есеге көбейіп, 380 отбасы (1520 адам) болыпты. Алыстан келетін ағайындарды қабылдау квотасы 80 отбасы (320 адам) болып белгіленіпті. Оңтүстік Қазақстан облысынан – 200 және Қызылордадан 300-дей отбасы өңірімізге қоныс аударуға ниет білдіруде.

Қоныс аударушылардың құжаттарын толық тексеруден өткізу әрине, қажет. Аудандарға барғанда бағдарламамен келген өзбек ағайындар да кездесті. Қоныс аударушыларға нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Көмір, мал берілуде. Көшіп келуші отбасының кемінде бір мүшесінде мамандық болуы керек. Ал, шеттен келген оралмандарға бұл талап қойылмайды. Оңтүстікте үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілуде. Солтүстікке көшіп барғысы келетін тұрғындар үшін арнайы өкілдіктер де ашылды. Бірақ, жұмыс бәсең.

Мысалы, Баянауылға жолсапар кезінде Ақсаң ауылының әкімі Кенжебек Дүйсенбаев «Ауыл бос қалып барады. Уайым осы. Тәуекелге бел буып, оңтүстікке барып 20 отбасын көшіріп әкелсем деймін. Баянға келмегенде қайда барады? Орман шаруашылығында жұмыс бар, үйді де табамыз, елдің іші емес пе», деді. Сыртқы-ішкі көші-қонға елдік мақсат-мүдде тұрғысынан мән берілсе ауылдарымыз жанға толар еді. Бірақ, баспана жоқ, үй жоқ, олар жұмыс берушілер тарапынан берілетін қызметтік пәтерлерді жалдап тұруда.

Көшіп келуін келеді-ақ, жұмыс та тапты, орналасты, жәрдемақыны алды, бірақ, басында тұрақты баспанасы жоқ. Еріксіз қайта жолға жиналады. Басқарманың мәліметінше, былтыр оңтүстіктен көшіп келген 69 отбасының 68-і өңірлік квотаға енгізіліпті. Май ауданы квотаны игермеген. Үш отбасы қайтадан кетіп қалыпты. Облыстық әкімдікке оңтүстіктен халықты көшіру жайлы жоба-жоспар қажет сияқты. Көшіп келушілерді өңірдің қандай ауылдарына қоныстандыру қажеттігін көрсететін карта міндетті түрде керек. Бірді-екілі отбасын көшіріп әкелумен, олардың 5-6 ай тұрып қайта кетіп қалуымен қоныстандыру мәселесі шешім таппайды.

Енді, жоғарыда айтылған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынбақ болған қоныстанушылар қалашығы жайлы мәселеге оралайық. Облыс орталығының іргесіндегі Ленин атындағы кентте 2012 жылы 90 пәтерлі 45 үй салынды. Бірақ, қалалық әкімдік бұл құрылыс жұмыстарын «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша «Өңірдегі болашағы жоқ ауылдардан қоныс аударушыларға» арналады деп хабарлады. Арнайы түрде оралман ағайындарға берілмеді.

Иә, шеттегі қазақ та, оңтүстіктен келетін қазақ та солтүстіктің ауылдары үшін құт-береке. Шетелдердегі қазақты атамекеніне көшіру Елбасының саясаты. Сондықтан көшіп келушілерге-үлкен көмек, қолдау қажет-ақ. Қазақтың туысқандық жолы, ерулікке шақыруы, Асар жасау дәстүрі ұмыт қалғандай. Сырттан келіп жатқан ағайындарға ыстық ықылас, қамқор пейіл танытылса жағдайда жақсара түсер еді.

Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы