Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың азаматтарды толығымен экономикалық өмірге тарту арқылы жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Осы орайда еңбек ресурстарының сапасын арттыру мен еңбек қатынастары туралы Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Біржан НҰРЫМБЕТОВПЕН әңгімелескен едік.
– Біржан Бидайбекұлы, жуырда Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссия отырысында бас келісімге қол қойылғаны белгілі. Осы құжаттың қоғамдағы еңбек бөлінісін реттеудегі маңызы қандай болмақ?
– Иә, биылғы 31 қаңтарда елімізде еңбек қатынастарына қатысты әлеуметтік әріптестер арасында, яғни Үкімет, жұмыс берушілер және жұмысшылар өкілдерінің арасында өзара міндеттерді бекітетін бас келісімге қол қойылды. Жалпы, еліміз әлеуметтік әріптестікке егемендік алған алғашқы жылдары қол жеткізді. Бұл – 1993 жылы Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымына мүше болып кіргелі бері жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қоғамдық институттардың бірі. Яғни еңбек қатынастарының үш тарабы өздерінің іс-қимылдарын бірге атқарады. Оның арнайы алаңшалары бар. Республикалық үшжақты комиссияның отырысында осы құжат қабылданды.
Бұл 3 жылға қабылданатындықтан, жаңа құжат 2018-2020 жылдарға арналып отыр. Бас келісімнің ерекшелігі – Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы және «Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» атты ірі бағдарламалық құжаттардың негізгі бағыт-бағдарларының ескерілуінде. Әрине әлеуметтік әріптестіктің бір жағында кәсіподақтар ұйымының тұрғаны мәлім. Бұл құжат билік пен жұмыс берушілер бірлестіктерінің ашық диалогқа, еңбек қатынастары мен әлеуметтік саладағы күрделі де маңызды мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенін көрсетеді.
Негізгі бағыттарға тоқталар болсақ, біріншіден, бұл – экономиканы жаңғырту. Қазір әлемде төртінші өнеркәсіптік революцияның трендтері мен жаңа мүмкіндіктері туралы айтылуда. Бірақ жаңа қауіп-қатерлер де бар екенін ұмытпауымыз керек. Себебі цифрлы экономикаға көшу, өндірістік процестерді автоматтандыру еңбек нарығына міндетті түрде әсер етеді. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына алып келуі ықтимал. Осы тұрғыда алдын-ала атқарылуы тиісті шаралар бас келісімде көрсетілді.
Яғни бұл келісім жұмыстан босап қалуы мүмкін жандардың мемлекет пен жұмыс берушілер назарынан тыс қалмайтынына кепілдік береді. Бұл ретте біз, кәсіподақтар ұйымдары, жұмыс орындары босауы ықтимал ірі кәсіпорындардың тізбесі мен қысқаруы мүмкін адамдардың санын белгілейміз. Олардың әрі қарайғы тағдыры мен табысына қатысты жергілікті атқарушы билікпен және ірі кәсіпорын басшыларымен бірге жол карталарын жасақтаймыз. Жол карталарында азаматтарды басқа өндіріс орнына жіберу, иә болмаса басқа саладағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытып, жұмысқа орналасуын сүйемелдеу көзделіп отыр. Бұл жұмысқа кәсіподақ ұйымдары белсене қатысып, жол картасының әзірленуіне және орындалуына мониторинг жүргізеді.
Екінші жағынан, төртінші өнеркәсіптік революция жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Қазір елімізде жаңа технологияларды жетік білетін маман бар ма, біздің білім беру жүйесі цифрлы жүйеге жетік мамандарды әзірлеуге дайын ба деген сұрақтар туады. Осы бағытта көптеген іс-шара атқарылуда. Соның ішінде 4-5 жылға жуықтаса да, әлі ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыра алмай келе жатырмыз. Бұл қарапайым үш бөліктен тұратын жүйе. Ең бастысы, оқып жатқан жастарымыз нені білуі, білімі мен дағдысы қандай болуы тиіс деген талапты реттеуіміз қажет. Мұны «кәсіптік стандарт» дейді. Кәсіптік стандартты бұрын мемлекеттік органдар жасақтайтын. Оны шенеунік емес, бизнес өкілі, жұмыс беруші жасақтауы керек. Себебі маманға талап қоятын ең алдымен жұмыс беруші. Сондықтан кәсіптік стандарттарды әзірлеп, оған білім беру бағдарламалары мен стандарттары сәйкестендірілуі керек. Сонда қайта оқыған мамандар заман талабына сай болады. Үшінші жағынан, біліктілік әлемде тек дипломмен расталмайды. Біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйе бар. Осы жүйені қалыптастыруымыз керек.
– Адами капитал еңбек қатынастарын реттеуде елеулі рөл ойнайтыны белгілі. Бұл ретте біліктілік ресурстарын қайта қараудың қандай тәжірибелері ескерілуде?
– Бас келісімде қаралған екінші ауқымды мәселе – адами капиталды дамыту. Адами капиталдың негізі – білім. Қазіргі заманда білікті азамат озық. Осы тұрғыдағы сын-тегеуріндердің бірін айтқым келеді. Мысалы, статистикаға жүгінсек, елімізде 9 миллионға жуық экономикалық тұрғыдан белсенді халық бар. Бұл – еңбекке жарамды халық. Өкінішке қарай, оның 28 пайызы орта біліммен шектелген. Жұмыссыз азаматтардың 32 пайызы мектептегі біліммен жүр. Өзін өзі жұмыспен қамтыған 2 миллионнан астам азаматтың жартысының, яғни 49 пайызының кәсіби білімі мен дағдысы жоқ.
Сондықтан жаңа талаптарға сай азаматтардың білігін қайта бағыттаумен қоса жалпы білім берумен айналысу керек. Соңғы жылдары жұмыспен қамту бағдарламасы іске асырылып, жаппай оқыту қолға алынды. Осы арада біз еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін зерттеп, нақты болжам жасауымыз қажет. Егер соңғы үш жылдағы мәліметтерге сүйенсек, жұмыс берушілер сұранысының 73-75 пайызы кәсіптік-техникалық мамандар екен. Сол себепті жұмысшы мамандықтарын насихаттау, мәртебесін көтеру тікелей жұмыс берушімен бірге атқарылуы керек. Оның үстіне Елбасының кәсіптік-техникалық білімді тегін беру туралы тапсырмасы бар екені белгілі. Сондықтан дуалды оқытуға басымдық берілгені абзал. Ол жұмыс берушінің оқыту орталығында оқытылса, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де кеңейеді.
Сондай-ақ жастардың, әсіресе ауыл жастарының арасында еңбекке бағыттау жұмыстарын жүргізу өте өзекті. Қай жерде қандай мамандық алуға болатыны туралы кеңес беру бастамалары қолға алынатын болады. Қазір кәсіподақ мектептерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жақында «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ-пен бірге кәсіподақ мектептерін ашу жөніндегі алғашқы қанатқақты жобаны жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылмақ.
– Еңбек құқықтарын тараптарға тең жүргізудің тиімді тетіктері қарастырыла ма?
– Иә, үшінші күрделі жайт, еңбек нарығында бейресми жұмыспен қамтылғандар. Мәселен, былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысында ауқымды халықтық сауалдама жүргізді. Сауалдама барысында 1 миллионнан астам адам өзінің жұмыс істейтінін растады. Бірақ олардың міндетті зейнетақы жарнасы мүлде аударылмаған. Бұл азаматтардың еңбек қатынасы реттелмегенін, еңбек шартының жоқтығын көрсетеді.
Олардың еңбек құқығы қорғалмайды. Олар зейнетақылық, міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінен тыс қалады. Ертең бұл салалардағы көмекке де қол жеткізе алмайды. Бұл өте өзекті мәселе. Сол сияқты орта және шағын бизнестегі еңбек шартын жасаспау жұмыс берушілердің тікелей заң бұзушылығы болып табылады. Өз кезегінде, бұл жұмысшылардың жеке еңбек құқын білмеуін де көрсетеді. Сондықтан бас келісім бойынша біз шағын және орта бизнес нысандары арасында құқықтық сауаттылық сабақтарын жүргізуді, әлеуметтік әріптестер арасында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының араласуымен мыңдаған бизнес нысандарын жеке-жеке аралап, олардың еңбеккерлермен еңбек шартын жасасуын бақылауға алмақпыз.
Төртінші мәселе – жұмыс барысындағы еңбек қауіпсіздігін сақтау әрі қорғау. Өйткені еңбек адамының өмірі мен денсаулығынан артық құндылық жоқ. Елімізде бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынса да, жыл сайын өндірісте 1,5 мыңға жуық адам жарақат алады. Өкінішке қарай, оның 250-ге жуық жағдайы өліммен аяқталады. Бұл ретте кәсіпорындардағы өндірістік қатерлерді жұмылып реттеу жүйесін енгізу қарастырылды. Соның ішінде бір тетігін атап өткім келеді. Бұл тікелей кәсіподақтардың міндеті деп санаймын.
Елімізде 2016 жылдан бастап Еңбек кодексі күшіне енді. Онда әлемдік тәжірибелер ескерілген. Яғни қауіпті, зиянды жұмыс орындары бар кәсіпорындарда еңбекті қорғау мәселесін бақылау жөніндегі өндірістік кеңестер құру ісі қолға алынды. Кеңестің жарты мүшесі кәсіподақтан болса, жартысы жұмыс берушілер тарапынан сайланады. Ал жетекшісі кәсіподақ пен жұмыс берушіден кезек сайланып, ротация тәртібімен екі жыл сайын ауысып отырады. Осылайша, олар өз жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін қадағалайды. Ерекшелігі, заңда бұл бірінші рет қолға алынып отыр, өндірістік кеңес шешімінің орындалуы жұмыс беруші үшін міндеттелген. Бұл неліктен маңызды?
Біріншіден, мемлекет тарапынан еңбек заңдылығының сақталуын тексеретін Еңбек инспекциясы бар. Мысалы, жалақының төленбеуін айына бір мәрте тексеру керек болса, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау күнделікті бақылауды қажет етеді. Бұл ретте мемлекеттік тексеруші органның өкілдері күнде қажетті жерде бола алмайды. Сол себепті кәсіподақ тарапынан қоғамдық бақылаудың болуы өте қажет. Екіншіден, өндірістік кеңестер екі тараптың бастамасы болса ғана құрылады. Жұмыс беруші тарапынан бастама бола қоймас, өйткені ол өз өзіне баға беруге құлықты емес. Бұл бастама кәсіподақ жақтан болуы тиіс. Осы жұмыстың жолға қойылмауы кемшілігіміз деп, және оны жолға қоюды міндетіміз деп санаймыз. Бас келісім аясында осы іс-қимылды жандандыру, күшейту жоспарланып отыр. Қазір елімізде 15 мыңға жуық ауыр, қауіпті, зиянды кәсіпорындар болса, соның ішінде өндірістік кеңестермен қамтылғаны 10 пайыздан да төмен.
Міне, бас келісімдегі назар аударатын негізгі мәселелер осы. Бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік мәселелер қаралды. Бұл әлеуметтік әріптестердің осы мәселелерді бірлесе шешуге дайын екенінің белгісі. Біздің мақсатымыз – еңбек құқықтарын қорғауға қол жеткізу.
Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»