• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2018

Теміртаудағы «Қысқы бақта» шеффлера гүлдеді

408 рет
көрсетілді

Қыстың күні қырауда бұл жердегі экзотикалық өсімдіктер иранбақтай құлпырып тұрады. Мұнда тропикалық, субтропикалық және шөлейт жерлерде өсетін өсімдіктің 100-ден астам түрі бар. Теміртаудағы атағы алысқа кеткен «Қысқы бақтың» келушілерге есік ашқанына да ширек ғасыр болыпты.

Рас, мұндай оранжерея еліміз­дің басқа да қалаларында бар. Бірақ олар тек ғылыми мақсатта ғана пайдаланылады. Ал аумағы 2000 шаршы метрді алып жатқан теміртаулық бақтың есігі келем деушілерге қашанда ашық. 

«Қысқы бақтағы» флора біткен­нің дені Алматы мен Қарағанды ботаникалық бақтарынан әкелін­ген. Мұнда қала тұрғындары сый­­лаған гүл тұқымдары да бар. Сондай-ақ танымал тұлғалар еккен экзотикалық өсімдіктер де жет­кілікті. Мысалы, ғарышкерлер Тоқ­тар Әубәкіров пен Талғат Мұса­баев сауырағаш пен олеандр отырғызған. 

Мұндағы өсімдік атаулының ішіндегі биігі – құрма пальмасы мен вашингтония. Ал төменде ұйы­са өскен традесканция гүлде­рінің жанына аялдамай өте шығу тіпті де мүмкін емес. Күтімі өте күр­делі гибискус (қытай раушан гү­лі) гүл­дері де көздің жауын алып, адамды кәдімгідей арбайды. Бір таңғаларлығы, бақта жыл сайын банан жеміс береді екен. Жеу­ге жарамсыз, әрине. Сәндік ағаш сұрпынан: текстильді абака. Сонымен қатар, оранжереяда зоологиялық бұрыш та бар. Келушілер мұнда тауыс, қоян, кірпі және басқа да жануарларды тамашалай алады. 

Экзотикалық өсімдіктерді баптау оңай шаруа емес. Бақтың ішінде 12 градустан төмен түс­пейтін жылылық әрдайым сақ­талуы тиіс. Өсімдіктердің бар­лығы да қолмен суарылады. Осы және басқа да ұқыптылық пен ық­тияттылықты қажет ететін жұмыс­тың барлығын екі-ақ адам – агроном Ботагөз Тәшенова мен оның көмекшісі атқарады. 

Мерейтой жылы жабайы таби­ғаттың өзінде өте сирек гүл­дейтін шеффлера да бүр жарып, тосынсый жасапты. «Шеффлераны осыдан 10 жыл бұрын біздегі дәстүр бойынша жас жұбайлар отыр­ғызған болатын. Жақында қарасақ, бүр жара бастапты. Бұл дегеніңіз үлкен қуаныш болды, себебі шеффлера бізде алғаш рет гүлдеді», дейді Ботагөз Тәшенова қуанышын жасыра алмай.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Теміртау қаласы