Елімізде адамдар арасындағы табыс айырмашылығының алшақтай түскені бұқаралық ақпарат құралдарында ауық-ауық сөз болып қояды. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында finprom.kz сараптама порталы Қазақстанда байлар мен кедейлердің табысы арасындағы айырмашылық жылдан-жылға алшақтап барады, деген тақырыпта хабар таратқан болатын.
«Атамекен» телеарнасы арқылы берілген хабарға қарағанда, 2017 жылдың екінші тоқсанында оның алдындағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда еліміздегі бай адамдардың табысы 15,8 пайызға өссе, ең кедей адамдардың табысы 9,1 пайызға ғана көтерілген.
«Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, кедей мен бай табысының айырмашылығы 5,8 есе болды. Әлеуметтік аз қамтылғандар табысының төмендеуі 2016 жылдың соңынан бері байқалуда. Тұрмысы төмендердің табысының 54,7 пайызы азық-түлік алуға кетеді. Ал аяқ киім, техника, киім секілді азықтық емес зат алуға кедейлердің ақшасы жете бермейді. Егер 2012-2013 жылдары кедейлер мұндай заттарға табысының 30 пайызын жұмсаса, қазір тек 20 пайызға жетер-жетпесін ғана жаратуға тырысады», делінген портал хабарында.
Ал әлем бойынша алғанда, жағдайдың бұдан да күрделене түскендігі жуықта Швейцарияда өткен дәстүрлі Давос форумында мәлім болды. Форум сарапшылары адамдар арасындағы табыс айырмашылығының алшақтауы қорқынышты деңгейге дейін жеткендігін мәлімдеді. Мұндай алаңдаушылық Давос форумына қатысып, АҚШ экономикасының енді тек көтерілу жағына қарай бет түзегендігі, ал бұл жағдайдың бүкіл әлем экономикасына жағымды әсер ететіндігі туралы мәлімдеген осы елдің президенті Дональд Трамптың сөзінен кейін туындаған көтеріңкі көңіл күйді қайта сейілтіп жіберді.
Форум қарсаңында Оксфам (Oxfam) ұйымы қоғамдағы материалдық алшақтықтың етек алуы туралы кезекті есебін жариялаған болатын. Форум барысында бұл есеп көптеген талқылауларға өзек болды.
Оксфам – әлемнің 90-нан астам елінде жұмыс істейтін 17 ұйымнан тұратын халықаралық бірлестік. Басты мақсаты бүкіл әлем бойынша кедейлік және онымен қабаттаса жүретін әлеуметтік әділетсіздік проблемасының шешілуіне атсалысу болып табылады. 1942 жылы Оксфард қаласында құрылғандықтан Оксфам аталып кеткен.
Міне, осы ұйымның жаңа есебі бойынша, әлемдік байлықтың 82 пайызы Жер тұрғындарының 1 пайызының ғана қолына шоғырланып үлгерген. Соңғы бір жылдың ішінде планетаның бай адамдарының активтері 762 млрд долларға өскен.
Тағы бір сенсация: 2017 жылы адамзаттың бүкіл тарихында долларлық миллиардерлер санының жаңа рекордттық өсімі тіркелді. Әлемде олардың саны 2043 адамға жетті.
Оксфамның атап көрсетуі бойынша, миллиардерлердің байлығы 2010 жылдан бері 13 пайызға өсті. Бұл – қарапайым халық арасындағы жұмысшы жалақысының өсімінен 6 есе жедел өсім болып табылады.
Баяндама авторлары планетаның аса дәулетті адамдары жұмысшылар мен қызметшілердің еңбек жағдайы мен жалақыларының нашарлауы есебінен байып отыр деген қорытындыға келген. Қарапайым жұмысшылардың еңбекақылары қысқартылғанымен компания акционерлерінің төлемдері тек өсу үстінде болған.
Оксфамның атқарушы директоры Винни Бьянимнің мәлімдеуінше, миллиардерлер санының артуы экономиканың дамуын емес, экономикалық жүйе мен оның тәртібінің құлдырауын білдіреді. Киім тігушілер, машина жөндеушілер, плантациялардан кофе жинаушылар, басқа да еңбек адамдары арзан тауарлардың ағымын тудырып, ірі корпорациялардың байлыққа кенелуі үшін қанауға тап болуда.
Ол бұған мысал ретінде Вьетнамда тігінші әйелдің үнемі жұмыста жүретіндіктен айлар бойы өз балаларын көрмейтіндігін, ал АҚШ-та құс фабрикасы жұмысшыларының еңбек орнына памперспен келуге мәжбүр екендігін, өйткені оларға ауысым кезінде дәретханаға баруға рұқсат берілмейтіндігін айтты. Ал мұндай фабриканың бас директоры жұмысшы адамның бір жылда алатын еңбекақысын бір-екі күннің ішінде ғана табатын көрінеді. Оксфамның былтырғы жылы жасаған баяндамасында әлемдегі ең бай 8 адамның капитал жиынтығы, әлем халқының тең жартысының жиынтық кірісімен теңесіп, 425 млрд долларды құрағандығы жазылған болатын.
«Әлемнің ең бай сегіз адамы – Билл Гейтс, Амансио Ортега, Уоррен Баффетт, Карлос Слим, Джефф Безос, Марк Цукерберг, Лари Эллисон, Майкл Блумбергтің қолында осыншама қаржының тең жартысы шоғырланған, қалған бөлігі 3,6 млрд адамға бөлінген. Сонда әрбір қарапайым адамның қолындағы капитал бар болғаны 118 долларды құрайды», делінген былтырғы баяндамада.
Ал биылғы есеп қорытындысына сәйкес Оксфамның Германиядағы бөлімшесінің басшысы Йорг Калински байлар тобы азшылық болса да, олардың саяси шешімдерге ықпалы жүретіндігін, сөйтіп өз табыстарын ұлғайту үшін салықтар мен жалақыларды жөнсіз қысқартуларға қол жеткізгендігін сынады.
Осындай жағдайға орай Оксфам бай адамдарды салықтан босату тәжірибесін тоқтатуды, ерлер мен әйелдер арасында табысты бөлуді неғұрлым әділетті жүргізуді, сондай-ақ білім мен денсаулыққа бөлінетін қаржыны көбейтуді талап етті.
Давос форумына қатысқан сарапшылар әлеуметтік теңсіздікті жаһандық деңгейдегі 50 тәуекелдің ең өткірлерінің бірі деп есептейді. Олар табыс айырмашылығындағы мұншама алшақтықты жою үшін мемлекет тарапынан атқарылуға тиісті шаралар кешенін ұсынған. Олардың арасында салық жүктемесін табысқа байланысты бөлу, ақысыз медицинаны, мемлекеттік қызмет пен білім беруді инвестициялау шаралары бар. Экономика ғылымдарының докторы Игорь Николаевтың атап көрсеткеніндей, адамдар арасындағы табыс айырмашылығының мұншама алшақтауы әлеуметтік сілкіністер туғызбай қоймайды. «Өйткені бұл жағдай адамдардың еңсесін түсіріп, күйзелісін тудырады. Ақыр аяғында еңбектің өнімділігіне, бизнес жүргізуге де теріс әсер ететін болады», дейді ол.
Адамдар арасындағы табыс айырмашылығының ұлғаюына тек сарапшылар мен ғалымдар, саясаткерлер ғана емес, сол байлардың өздері де алаңдаушылық таныта бастағандығы бұрыннан белгілі. Мәселен, әлемнің ең бай адамы Билл Гейтс осыдан біраз жыл бұрын өзінің 75 миллиард долларлық қаржы капиталының үштен бір бөлігін қайырымдылық қорына тапсырған болатын. Сондай-ақ ол атақты инвестор Уоррен Баффеттпен бірігіп «Клятва дарения» атты филантроптық компания құрып, миллиардерлер мен миллионерлерді осы компанияға қосылуға, өз байлықтарының бір бөлігін қоғамға беруге шақырды. Өзі өлгеннен кейін жеке байлығы тұтастай қоғамға беріліп, балаларының алаңсыз өмірі үшін бірнеше миллион доллар ғана өз есептерінде қалатындығын мәлімдеді.
Билл Гейтс пен Уоррен Баффеттің бұл бастамасына әлемнің 500-ден астам бай адамы қолдау білдірді. Олардың арасында Ресей миллиардері Владимир Потанин де бар.
Атақты байлардың міне, осындай ұмтылыстарына қарамастан, әлемдік капиталдың жеке қолдарға шоғырлану үдерісі тоқтар емес. Давостағы соңғы форум көрсеткендей, тіпті бұл келеңсіз құбылыс бұрынғыдан да күшейе түскен. Соған қарағанда, әлемдік экономикалық жүйе мен тәртіп бұзылды деген тұжырым әбден рас болуы мүмкін.
Егер Қазақстанға келсек, біздің елімізде байлар тарапынан қайырымдылық қорларын құру, халыққа демеушілік, әлеуметтік көмектер көрсететін құрылымдар қалыптастырып, мемлекет мойнындағы жүктің біраз бөлігін өз қолдарына алу секілді шарапатты шаралар әлі де өте сирек кездесуде. Әрине, құр алақан емеспіз. Қазақстанның ең бай адамдарының қолдауымен құрылған «Аналар үйі», BI Group құрылыс-инвестициялық компаниясының басшысы Айдын Рахымбаевтың бастамасымен дүниеге келген «BI Жұлдызай» секілді бірқатар қорлар сәтті жұмыс істеуде.
Бірақ еліміздегі демеушілік, қайырымдылық шаралары, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері қазақ халқының дархан көңіліне сәйкес дейтін дәрежеде өріс алып кете алмай тұр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»