Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰ ДБ) және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) әріптестікте іске асырып жатқан «Ауғанстан мен ДРК (Дамуға ресми көмек) саласындағы ынтымақтастығына Қазақстанға жәрдемдесу» жобасын басқару комитетінің II отырысы өтті. Жобаны іске асыру туралы уағдаластық Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэнің 2015 жылғы қазандағы бірлескен мәлімдемесінде бекітілген болатын.
Іс-шарада СІМ Сыртқы экономикалық саясат департаментінің директоры – жобаның ұлттық үйлестірушісі Олжас Исабеков, Ауғанстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кадам Шах Шахим, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, Жапония елшілігінің дипломаттары және еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Семинарға арнайы қатысу үшін JICA-ның Токиодағы штаб-пәтерінің сарапшылары, сондай-ақ Жапония агенттігінің Бішкектегі өңірлік кеңсесінің өкілдері келді.
Өзінің алғы сөзінде О.Исабеков отырысқа қатысушыларды елімізде дамуға ресми көмек (ДРК) ұлттық жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар турасында хабардар етті. ДРК саласындағы қазақстандық қанатқақты жобаларды іске асыру мәселелері бойынша Қазақстанның халықаралық әріптестермен, соның ішінде JICA, БҰҰ ДБ-мен жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылды ерекше атап өтті. Ол болашақта бұл салада жаңа қанатқақты жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге қатысты қазақстандық тараптың дайын екендігін білдірді.
Отырыс аясында БҰҰ ДБ өкілдігінің жоба менеджері Генадий Рау аталған жобаны іске асыру барысындағы 2017 жылы орындалған жұмыс туралы таныстырылым өткізді. Сонымен қатар ол отырысқа қатысушыларды 2018 жылғы 30 наурыз – 12 сәуір аралығында Астана қаласында Ауғанстанның мемлекеттік қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдары өкілдеріне арналған Ана және бала денсаулығын сақтау семинарын өткізуді көздейтін 2018 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды.
Жалпы бұл жобаның бірегейлігі – мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында ауған мамандарының әлеуетін арттырумен қоса, еліміздің мемлекеттік органдары өкілдерінің ДРК саласындағы сарапшылық әлеуетін дамыту болып табылады. Бұған дейін аталған жоба аясында Қазақстан мемлекеттік органдары өкілдерінің Душанбе, Бішкек және Токиоға таныстыру сапарлары ұйымдастырылғанын атап өткен жөн, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.