• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
22 Қараша, 2011

Торқалы той алдындағы толайым табыс

364 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Алдымызда тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесі тұр. Еліміздің жаңа тарихындағы бұл бедерлі белеске көтерілу сәтінде әлемдегі іргелі мемлекеттер қа­та­рынан көріну, өркенді өзгерістер шуағы өмірді нұрландыра түсуі әрбір өңірде мақтаныш та қуа­ныш етілсе, осы сүйінішті леп бүгінде Арқа төсіндегі өндірісті аймақта да айрықша еседі. Күні кеше елестей болып көрінген іргелі істерге санаулы уақыт ішінде қол жеткізу жемісі, жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық жа­ңа­ру­­лардың жаңғырығы Елба­сы­ның байсалды да көреген басшы­лығының арқасында екені мерекелі жылдағы тамаша табыстар арқылы қарағандылықтарға тағы бір дәлелденіп отыр. Барлық жерлердегідей қазыналы өлкенің де биылғы қадамы қарышты. Мұ­ның жарқын нышан-көріністері кеше Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Н­а­зар­баевтың облысқа жұмыс са­па­рымен келіп, жалпы жағдаймен танысуында айқын танылды. Отандық индустрияның қара- шаңырағы әрі қажымас қара нары саналатын аймақта атқа­ры­лудағы жұмыстар құлашы жыл­дан-жылға кең. Соған дәйекті дерек ретінде 10 айдың көрсеткіші бойынша өнеркәсіп өнімі өн­ді­рісінің көлемі 1 триллион тең­ге­ден асқанын атауға болады. Ал жыл соңында айғақты көлем индексі 105 пайыз болады деп кү­тілуде. Тәуелсіздіктің 20 жылын­да аталған көрсеткіштің 3 млрд. теңгеден 2 триллион теңгеге дейін өсуі өңір өндірісінің қуат-қа­білеті қарымдылығын көрсетеді. Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарламасы ая­сын­дағы жобаларды іске асыруда еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келе жатқан облыс­тың индустрияландыру карта­сы­на енгізілген 45 ірі жобаның тең жартысын атқарып шығуы ағым­дағы жыл еншісіне тиді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Мерекелі белестегі берекелі еңбектің екпінді лебі бұл. Өзіндік көрік-келбеті көз тар­тарлық Қарағандының, әсіресе, биылғы құлпыруы бөлек. Жаңа­дан жарыса бой көтерген, жұрт көзайымына, игілігіне айналған сәні келісті нысандардың бірқа­та­ры торқалы тойға тарту, тарал­ғы етіліп, осы күндері бірінен соң бірі пайдалануға беріліп жа­тыр. Шаһардың бас көшесі Рес­пуб­лика даңғылы бойындағы қа­тарласа сап түзеген теннис, бокс орталықтары, мұз айдыны сәулет өнерінің бар айшығын тағынып алғандай жарқырай көрінеді қазір. Мемлекет басшысы алдымен соларды аралап көрді. Өркендеу деңгейі неғұрлым биік сапаларға көшкен сайын өмірдегі өзгеріс­тер­дің соған лайықтығы аталған ғимараттардан аңғарылады. Ежел­ден үлкен спорттың ордасы екендігімен, соны сүйікті серік етушілер молдығымен мәлім қалада бір жылда үш бірдей бірегей спорт ошағының отау тігуі тұр­ғын­дардың өскелең талап-тал­ғамына, саламатты тұрмыс сал­тын қалыптастыруға, соны мұрат еткен жастарға деген сергек қам­қорлықтың нақты бір айғағы. Жалпы аумағы 5 277,78 шар­шы метр теннис орталығында 402 жанкүйер сайыстарды тама­ша­лайды. Әрқайсысы 18х36 метр көлемінде 2 жабық, 3 ашық теннис корты бар. Хорватияның белгілі «Соncерт 90» фирмасы жаб­дықтаған мұнда облыстық ма­мандандырылған балалар мен жас­өспірімдер олимпиялық резерв мектебінің талапкерлері үс­тел теннисі бойынша түрлі жарыстарға дайындалып, қатыса алады. Сонымен қатар, бадминтон, гандбол, волейбол ойнауды машық етушілерге де есік ашық. Алаңдарға «Хард» төсеніштері жабылған. Спорттың бұл түрлері әзірге кенжелеу қалып келсе, алдағы уақытта талай жергілікті жастың осы бағытта талпы­ныс­тарын жануға мүмкіндіктері то­лық. Үш қабатты жабық ғима­рат­та ойыншылар мен жаттық­ты­ру­шы­лардың, қызықтаушылардың қажеттіліктерін қанағаттан­дыр­ар­лық жағдай мен қызмет халық­ара­лық стандарттарға сай ұйым­дастырылған. Елбасын жас теннисшілер зор қуанышбен қарсы алды. Құрбы-құрдастары атынан сөз алған қа­ладағы №92 гимназия оқушысы Анар Сембекованың: «Аса құр­мет­ті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осын­­дай ғажайып теннис орта­лығын салдыртқаныңызға ақ ал­ғы­сымыз шексіз. Сіздің де бұл ойынды ұнататыныңызды білеміз. Үлкен тенниске алғашқы жол­ды өзіңіз ашып беруіңізді өті­неміз», деген тілегіне орай ойын рәсімі көрсетілді. Дәл жанында орналасқан бокс орталығы да әрдайым спорт­шы­ларға толы болмақ. 764 орындық кең зал сән-салтанатымен көз тар­тады. Оның ортасындағы қол­ма-қол орнатылып, жиналатын екі бокс рингінде аймақтық, рес­публикалық, халықаралық жа­рыс­тарға қатысушылар күш сы­на­сады. Ал былғары қолғап шеберлері жеке жаттығулар жасай­тын орындар болса-болмасын оңаша. Лондон Олимпиадасына жолдама алушылардың бүгінде тыңғылықты дайындыққа еш алаңдаушылықтары жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев осында ашылған Қазақстан мен Ресей бокс командалары арасындағы жарыста рингке шыққан әлемнің екі дүркін жеңімпазы Серік Сә­пиев пен ресейлік танымал бокс­шы Виталий Дохменконың өнер­ле­рін жанкүйерлермен бірге тамашалап, мұндай сайыстар орта­лық­ты дүбірге бөлей беруін тіледі. Осы екі спорт орталығынан қадам аттар тұста мұз айдыны алдан шығады. Жабық хоккей корты бұл ойынмен әуестенуші жеткін­шек­тердің шеберлік шың­дайтын, сынасатын мұз алаңы болса, сон­дай-ақ конькимен мә­нер­леп сырға­нау­шыларға да бо­са­тылып тұрады. Үшеуінде де ар­наулы жаттық­ты­рушылар құрамы жеткілікті. Айта кету керек, бұған дейін қалада жекелеген спорт түрлеріне лайықталған қазіргі заман үл­гі­сіндегі мұндайлық кешенді ғима­раттар жоқтың қасы болатын. Кеңес Одағының Батыры, ұш­қыш Нұркен Әбдіров атындағы жалғыз Спорт сарайы соңғы уа­қытта спортпен шұғылданушы­лар ұлғая түсуіне байланысты тарлық етуге айналған-ды. Бұдан былай қарай жаңа кешендер осынау олқылықтың орнын тол­ты­ратын болды. Елбасы теннис, бокс орталық­тарының, мұз айдынының ашы­луы­на жиналғандармен жүзде­су­де спортты дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғандығын еске салып, сол арқылы өздерімен бірге ел мерейін де өсіруге тілек білдірді. Елбасының Қарағандыда биыл салынған нысандармен танысуы жаңа мешіттің құрылысы аяқта­луы­мен де тұспа-тұс келді. Мешіт бюджеттен тыс қаржыға салын­ды. Шаһардағы осыдан біраз жыл бұрын бой көтерген бірінші мешіттен алыс емес тұста, Тәуел­сіздіктің 10 жылдығы атындағы саябақ төрінде 4 мұнарасы асқақ­таған еңселі, зәулім ғимарат ішінде Аллаға мінәжат етуші жама­ғатты қастерлі орынмен құт­тық­тады. Бір мезгілде 4 мың адам, ерлер мен әйелдер бөлек намазға жығыла алатын, жүрекке иман­ды­лық ұялататын киелі үй Қа­зақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ең үлкен әрі сәнді мешіт болып табылады. Жас жұбай­лар­дың шариғаттық жолмен неке қидыруына еркі бар. Басқа да мұсылмандық ғұрып-дәстүрлерді атқару үшін жағдайлар жасалған. Мешітке келуші адамдардың жаны да, тәні де таза болуы керек. Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге беріктікті сақ­тауымыз қажет, деді Елбасы. Дін – рухани тірегіміз. Тәуелсіздік – мемлекет тірегі. Тәуелсіздікке дейін еліміздегі мешіттер санаулы болса, бүгінде 3 мыңнан асады. Аза­маттарымыздың имандылыққа бет­бұрысы жағымды құбылыс. Алайда кейбіреулердің мұсыл­ман­дық жолға жатпайтын жат әрекеттерге ұрынуы ұшырасып жүр. Дін тазалығына, ел тыныш­тығына іріткі салатын қылық­тар­дан ондайларды сақтанды­ры­ңыз­дар, неше түрлі ағымдардың алдын алыңыздар. Бірлік пен татулықты бұзғысы келетіндерге тосқауыл қойылуы керек. Ардагер ақсақалдармен әң­гі­ме кезінде Мемлекет басшысы айтқан ой қосталып, қолданды. Бұдан соң Елбасы Теміртауға келді. Атбасы бірден №2 домна пешіне тірелді. Мұндағы метал­лур­гиялық комбинаттың жүрегі іспеттес бұл өндіріс біраз жыл­дар­дан кейін қайта жаңғыр­ты­лудан өтіп, пеш көлемі 425 шар­шы метрге кеңейтілді. Соның ар­қа­сында еңбек өнімділігін 15 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік туды. Бұдан былай қарай шойын өндіру жылына 1,3 миллион тон­наға дейін жеткізіледі. Пештің жұмыс істеу мерзімі ұзаратын, кокс шығыны азаятын, зиянды заттардың қоршаған ортаны ластауы төмендейтін болды. Сол үшін орнатылған электр сүзгілері оларды тазартып отырады. Домна газы да сүзіліп, ол бу өндіруге қолданылады. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на осындай өзгерістер туралы «Арселор Миттал» компания­сы­ның басшысы Лакшми Миттал мен вице-президенті Франк Паннер айтып, жұмыс үрдісімен таныстырды. Оған ертеден көзі қанық Президент пешті іске қос­қанда, домна іші еңбек әуеніне бөлене жөнелді. Жалпы алғанда, осынау алып тынысына тың серпін берген биыл­ғы жылдағы жаңарулар аз емес. Солардың бірі №3 үздіксіз дайын өнім құятын мәшине кешенінің де Елбасы болуы кезінде жұмысқа кірісуі ұмытылмас оқиғаға ұласты. Бұған дейін сорттық илек өндірі­сіне қажетті шаршы пішінді әзір­лемелер Ресей мен Украинадан сатып алы­нып келген-ді. Енді мұ­ны­мен бірге құрылыста үлкен сұ­ранымға ие материалдар шығарыла бас­тай­ды. Жылына 900 мың тонна әзірлеме жасау жобаланған. Мұ­ның өзі өзгеге алақан жайыл­май, отан­дық өнімнің бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға ықпал етеді. Мемлекет басшысы Теміртауда бой көтерген тарихи-мәдени орталықты барып көрді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың өңірге жұмыс сапары бүгін жалғасып, ол аймақтағы кәсіпорындарда жүзеге асырыл­ған ірі жобалардың телекөпір арқылы іске қосылу тұсау­к­е­се­ріне қатысады. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды облысы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.