Елбасының биылғы Жолдауын салмақты түрде сараптап оқып шыққаннан кейін арқаланып қалдық. Расында да өркениетті елдердің қатарынан орын алған елімізде халықтың мүддесі үшін жасалып жатқан жағымды жаңалықтар аз емес.
26 жыл ішінде әлем алдындағы абырой-беделі асқақтаған еліміздің жасампаздық жолында жаңғырып жатқан баянды бастамалары ешкімді де бейжай қалдыра алмайды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, Индустрияландыру бағдарламалары жүзеге асырылу үстінде.
Қызу қолға алынған «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары да халықтың жүрегіне жылы ұялады. Осының бәрі халықтың қамы үшін, алдыңғы қатардағы отыз елдің қатарына қосылу үшін ұмтылыс пен құлшыныстағы тынымсыз тірлік екені анық. Ал жаңа Жолдаудағы еліміз үшін жүктеліп беріліп отырған мәні де, маңызы да зор он міндеттің орны бөлек. Таразыға сала қарасақ, басым бағыттағы индустрияландыру мен жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналу, ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт үшін» міндеттері қай салада болмасын бірден орындала салатын оңай шаруа емес. Бұл үшін игілікті ізденістермен қатар, аса жоғары жауапкершілік пен талап тұрғысынан қарайтын табандылық ауадай қажет-ақ. Жалпылама айтқанда, жұдырықтай жұмылған ұтымды ұйымшылдық үлгісін көрсеткен абзал.
Танымы мол тарихи құжатта агросаланың ауқымында жүрген бізге де ауыз толтырып айтарлық тапсырмалар мен нұсқаулар тайға таңба басқандай нақтыланып берілген. Мәселен, үшінші басымдықта «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екендігін айырықша атап көрсетілген. Айқын атап көрсетілген тармақтардағы сындарлы сипаттамалар кемелді келешегімізден молынан хабардар ете алады. Мұны барар бағытымыздың, алдағы атқаратын жұмысымыздың анық та қанық ауқымы десек қателесе қоймаймыз.
Осы жерде мына мәселеге назар аудармай кетуге болмайды. Елбасымыз «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда ол қазір жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ең алдымен, жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуымыз қажет», деп атап көрсетуі тегін емес. Сол сияқты Елбасы аграрлық университеттердің рөлін қайта құру керектігін, олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы келешегінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлауға тиіс екендігіне баса назар аударды. «Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналдыру талап етіледі. Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. Жүргізушісі жоқ техника адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді», деп анықтама беруінен де көптеген түйткілдердің шешімін табуға болатынын анық аңғартты.
Бұл тұрғыдан алғанда көкейкесті мәселелер шегіне жеткен емес. Елбасымыз ауылшаруашылық субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керектігін тағы да ескертті. Ең бастысы, «мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек. Тиімсіз субсидияларды ауылшаруашылық кешені субъектілеріне арналған банк несиелерін арзандатуға қайта бағыттау қажет. Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнімінің экспортын тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», деп шегелеп айтуының түп-төркінінде заманауи сұранысқа қарай бетбұрыс жасау қажеттілігі жатыр.
Түйіндеп айтқанда, отандық өнімді өндіруде оның экологиялық тиімділігін арттыру мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары және шетелдік жаңа технологияларды трансферттеу, оларды жергілікті жағдайға бейімдеу – біздің Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басым міндеті болып табылады. Олай дейтінім, институт ғалымдары халықаралық ғылыми орталықтармен бірлесіп жүгері, қант қызылшасы, көпжылдық мал азығы мен майлы дақылдардың жоғары өнімді әрі бәсекеге қабілетті әлемдік сұрыптары мен будандарын трансферттеу және оларды отандық жағдайға бейімдеу бағытында бірқатар жұмыс жүргізуде. Егіс алқаптарын жалдап-тарақтап себу, тамшылатып суару, дәлдік егіншілік жүйесінде өсімдікке минералды тыңайтқыш енгізу тәрізді дүниежүзілік озық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді шетелдерден елімізге жеткізіп, жергілікті жағдайға бейімдеудеміз. Оның беріп отырған нәтижесі ойдағыдай.
Тағы бір атап айта кетерлігі, ғылыми-зерттеу институтымыздың ғалымдары ауылшаруашылық дақылдарын өсірумен айналысатын әлемге әйгілі CIMMYT, ICARDA орталықтарымен бірлесіп, күздік бидайдың «Егемен», «Тұңғыш», ноқаттың «Икарда 1», «Али-Бар», Сербияның іргелі ғылыми мекемелерімен жүгерінің «КазЗП-125», «КазЗП-678», «КазЗП-589», «КазЗП» будандарын бірлесіп шығарып, өндіріске енгізуге қол жеткізді. Алға қойған басты мақсатымыз – жерге егілетін егіншілік, өсімдік, бау-бақша, мал азығы дақылдардың түрлерін жаңа будандармен, жаңа сұрыптармен ғылыми бағытта көбейте түсу. Мұндай ізденіспен жасалып жатқан игілікті істер алда да ілгерілеп, жалғасын таба бермек.
Жолдауға байланысты мен агросаланың жетік білгірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев әріптесімнің алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінен оқып, оның құнды пікірлері мен ұсыныстарына дән риза болдым. А.Күрішбаевтың айтқандары қалың қауымның көкейіндегі көптен бері жүрген өзекті мәселелер еді.
Таяуда біздің институттың ұжымында Жолдауға орай бас қосқан алқалы жиын өтті. Ғалым-мамандарымыз Жолдауға қатысты ойларын ортаға салып, өзіндік пікірлерін білдірді. «Қазақ бидайының атасы» атанған белгілі селекционер ғалым, Ұлттық ғылым академиясының, Ресей, Украина аграрлық ғылым академияларының академигі Рақым Оразалиев пен институттың бөлім меңгерушісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман, тағы басқалар құнды пікірлерін айтып, көпшілікті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды орындауға үлес қосуға үндеді. Түптеп келгенде, Елбасы Жолдауы бізге зор сенім мен жаңаша серпіліс туғызды.
Серік КЕНЕНБАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры