Мәссаған!
Батыс Қазақстан облысында өсімдік майын шығаратын зауыт жұмыс жасайды. Ендеше, оны қажетті шикізатпен қамту бірінші кезектегі іс болып қала бермек. Осы мақсатта биыл 80 мың гектарға жуық алқапқа күнбағыс дақылы егілген еді. Алайда соңғы мәліметтер 5830 гектар алқаптың дақылы қар астында қалып қойғанын айғақтайды. Оның дені Зеленов ауданының еншісіне тиеді. Бүгінде осы ауданға қарасты «Жәрдем» шаруа қожалығында қарбалас жұмыс жүріп жатыр. Олардың мақсаты қар астында қалған күнбағысты жинап алу. Біз жауын-шашында, ауа райының басқа да қолайсыз кезеңдерінде егіс орып көрдік. Бірақ ақ қарда күнбағыс оруға алғаш рет түсуіміз. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, оның да орайын келтіруге ұмтылудамыз, дейді қожалық жетекшісі Серікқали Әжиев. Сондай-ақ облыстың солтүстік шығысындағы Шыңғырлау ауданында да майлы дақылдың біраз бөлігі қар астында қалып қойыпты. Осындайда неге деген сауал еріксіз туындайды. Бұған Шыңғырлау аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы ветеринария бөлімінің бастығы Наурызбай Манкеев күнбағыс күннің көзін сүйетін дақыл. Сондықтан да күн шуағы жетіспесе пісуі кешеуілдей береді. Биыл өңірде осындай ауа райы қалыптасты. Оның үстіне күз айларының жаңбырлы болуы және қараша айының басында түскен қар өнімді уақытында жинап алуға мүмкіндік бермеді деп жауап қайтарды. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.
•
23 Қараша, 2011
Қар астынан күнбағыс оруда
292 рет
көрсетілді