Гумилев анықтамасына жүгінсек, пассионарлық – жұлдыздардың әсерімен, табиғат пен тарихаттың қилы дүмпулерімен қайталанып тұратын заңды құбылыс. Пассионарлар бойларында тасыған күш-қуатты, жүректеріндегі жалын жігерді айнала төңірегін, келе-келе күллі қауым-жұртын өзгерту орайындағы мақсатты жұмысқа жұмсайды. Олай болса, пассионарларды қоғамдық қозғалыстың неғұрлым белсенді тегершіктері, жаңашылдар, жасампаздар десек те жарасады.
Ұлы пассионарлар адамзат дамуын алға бастырып, тарихта талай-талай сілкіністер тудырған. Мұндай алапат тұлғалар қалыптасқан өмір қағидаларын бұзып-жарып, қасаң түсініктерді қиратып, құлдық сананы күресінге лақтырып, қоғаммен немесе сол замандағы билеуші топпен қақтығысқа түседі, әрі-беріден соң қан майданға шығады.
Осы тұрғыдан келгенде пассионарлықты өркендеу жолындағы белсенді іс-қимыл әлеуеті деп қарастырған да дұрыс. Пассионар идея үшін өз өмірін құрбан етуге қабілетті. Пассионарлықтың не екенін білмесе де, қазақ «еркек тоқты құрбандық» екенін әлдеқайда ертерек айтқан, атын білмесе де, пассионарлықтың затын жанымен ұғып таныған. Гумилевтің айтуынша, өз мұратын әсте бас пайдасын көздемей, риясыз әрі қалтқысыз бағалайтын әмбе сол үшін өмірін қиюға әзір адамдар болады. Егер мұндай жанкештілер болмаса, бүкіл тарих басқаша болар еді, мимырт жүрістен, көңілсіз қаражаяу сылбырлықтан танбас еді, күштілердің алдында «шыбындап бас изеген» сорлылықтан арылмас еді.
Бұдан шығатын қорытынды: демек, пассионарлық құбылыс, пассионар тұлғалар адамзат қоғамы үшін, халық үшін, әрбір ұлт үшін, жалпы жарқын болашақ үшін күресте аса қажет. Қай этностың болсын құрамында пассионарлар қашанда некен-саяқ, ат төбеліндей аз болады. Бірақ соған қарамастан, жоғарыда айтылған қасиет-сапаларына, сом алтындай санасына байланысты олар бүкіл ұлт жүйесін, қадір-қасиеті мен ар-ожданын ұстап тұрған жұлын-омыртқа, арқау-өзекке, жан-жүрекке баланады. Тағы да пассионарлық теориясының әйгілі авторына жүгінсек, ондай тұлғалар барлығын қозғалысқа келтіретін мотормен барабар.
Қазақы жалпақ ұғымда пассионарлықты жанкештілік, құрбандыққа бару деп түсінеміз. Тек, әрине жайдан-жай, мәнсіз, мағынасыз құрбандық емес. Ұлт үшін, ұлыс үшін, ұлы мақсат үшін жаннан кешу, дүниенің сол бір асқақ мұраттан басқа барлық қызығын тәрк ету, сол жолда басыңды бәйгеге тігу. Ал енді біздің қазақ: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп бұл мәселенің де баяғыда-ақ басын ашып қойған.
Елі-жұрты үшін құрбан болудың қазақ топырағындағы ұлы үлгісі сонау сақ бабаларымыздан бастау алатынын байқаймыз. Парсының көкірегі аяққаптай Кир патшасына елінің намысын таптатпаған Тұмар патшайымның, ұлы далаға кек қуып келген Дарийдің қалың қолын шөлге тығып қаталатып қан қаптырған Шырақ батырдың ерліктері жеке мәртебеден жалпы халықтық мұратты артық қастерлеуді аңғартады. Міне, пассионарлық энергетиканың Алаш жұртындағы алтын тамыры қайда жатыр!
Осы арада қазатың елім деп еңіреген ерлерінің көпшілігінің түп тамыры, тұқым-тегі адамзат тарихындағы ең ұлы пассионар Шыңғыс ханға барып тірелетінін ескермеске болмайды. Пассионарлық қасиет тұқым қуалайды. Ұлы қаған ұрпақтарының ішінен нақ қазақ жұртында Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары хан сынды жұлдыздары тым биікте жарқыраған, туған халқын тығырықтан шығарудың жолын шарқ ұрып іздеген, тарихты сілкіндірген көсемдердің шығуы әсте де тегін емес. Елінің тәуелсіздігі жолында өзін құрбандыққа байлаған, ұлы мақсатынан бір мысқал да таймаған көкжал Кенесары – қазақ пассионарлығының шыңы. Өзі де баяғы Алтын Орданың Ахмат ханының бір үрім-бұтағы болып табылатын Гумилев Хан Кенені қазақтың соңғы пассионары деп санаған екен. Десе де, «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды», Құдайға шүкір, одан кейін де қазақ топырағы қасиет дарыған, уызына жарыған, Отан үшін отқа да, суға да түскен пассионар тұлғаларға кенде болып көрген емес.
Шоқан мен Ыбырай Алтынсаринде пассионарлық қасиеттер молынан болды. Абай даналығының энергетикасы халқымызды күні бүгінге дейін ұйыстырып, мақсат пен бірлікке, еңбекке жұмылдырып, ғибрат-тағылым болып қуаттандырып, қанаттандырып келе жатқаны айдай ақиқат. Алаш арыстарын биік санаға жетелеп шыңдаған, халық бақыты жолындағы қайтпас күрескерлер етіп шығарған да Абай хакімнің тәлім-ұлағаты, оның басты еңбектерінің бірі дер едік. Жаңа тұрпаттағы Қазақ мемлекеттілігінің идеясын ту етіп көтерген, осы жолда барлығы да шаһид кешкен Алашорда қайраткерлерін қазақтың арғы-бергі тарихындағы бас пассионарлары демеске әддіміз жоқ.
Кеңестік қапас заман пассионарлық рухты әлсіретті. Бірақ жоя алмады. Бауыржан Момышұлының, Жұмабек Тәшеновтің, Олжас Сүлейменовтің және басқаларының отаршыл өктемдікке қарсы отаншыл күрестері осының айғағы. Халқымыздың пассионарлық рухы Желтоқсанда көтерілген қазақ жастарының жан-жүрегінде жалындаған болатын. Қазақ аман болса, әлі талай тұлғалы пассионарлар өмірге келері хақ.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»