• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Ақпан, 2018

Елбасы меңзеген елдік сана...

420 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы елдің руханияты мен жалпы өркениетіне жол сілтейтін маңызы зор еңбек ретінде көзі қарақты, көкі­регі ояу кім-кімді де болсын бейжай қалдырмағаны анық. Бұл мақаладағы ұлтымыздың көшін түзеп, ойтүрткі болатын дүниелерді талдап-талқылауға зия­лы қауым өкілдері мен әр саланың жілігін шағып-майын ішкен мамандар мен ғалым­дар да барлық ақпарат көздері арқылы белсене кірі­сіп кетті. Әр елді мекендегі атқарылып жатқан ізгі іс-шара­лар­дың дені осы мақаланың аясында ұйымдастырылып жатыр.

Ұлттың ұюына, елдің бірлігі мен тірлігіне қызмет ететін, ізгі істерді қолдай білгенге не жетсін. Бірақ сол ұрандаудың мәні мен сәнін етіміз үйренген даңғаза науқаншылдық пен көзбояушылық сұйылтып жі­бер­месе болғаны да...

Бұл еңбекте көтерілген ой­ды сабақтап, қуаттай отырып жазылған небір құнды пікір­лер­ді де, айта қаларлықтай іс­тер­ді де естіп-біліп те, көріп те жүр­міз. Соған орай мен де осы ел­дің бір азаматымын ғой – деп, өремнің жеткенінше ой қосу­­ды жөн деп білдім.

Иә, жеке азамат ретінде мені ойландырған да, үміттен­дірген де осы мақаладағы рухани код туралы шешуші мәні бар, терең мән-мағыналы толғаныс болып отыр. 

Ғұлама бабамыз әл-Фара­би «тәр­биесіз берілген білім – адам­заттың хас жауы», демек­ші, біз ғылым мен білімді, ин­­­но­­­­­вация мен техниканы да­мы­та­мыз деп жүріп, руха­ният мәселесін жайына қалдырып, атақты ағамыз айтқандай «компьютер басты жарты адамдарды» тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? – деп алаңдаймын. 

«Бәсекеге қабілеттілік» де­генді тіршіліктің қай қыры, қай саласында болсын, маңыз беріп, алға тартамыз. Ал рухани код, яғни ұлттық құндылығымызды, тектік қорымыз бен рухымызды, иман-күшімізді бүгінгі жа­һан­дану деген «жеті басты аж­да­һаға» қарсы қоя аламыз ба?.. Ес біліп, етегімізді жиғалы бірінші білеріміз, күнкөріс қамын күйттейтін, тұрмыстық дең­гей мен құлдық санадан қашан құтыламыз деген бол­мыс-бітімімізді, жалаң ұранмен жолға қалай салмақпыз?...

Бұл сұрақтың шешімін тауып, қиюын келтіру үшін, ұлтын сүйетін, мемлекетшіл, шынайы зиялы деген ел азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жанашырлық танытатын кез келіп жеткенін, Елбасының өзі меңзеп отыр деп түсінгеніміз жөн.

Сол тұрғыда атқарылар сан алуан істердің бір қыры – жас ұрпақтың тәрбиесі төңірегінде ой қозғар болсақ, мектеп пен мәдениет үйлерінің, мектептен тыс мекемелердің алар орны ерекше.

Науқаншылдық сананың бір көрінісіндей болып, кезін­де жас­ты да, үлкенді де тәрбие­леуге, қо­ғам­дық ізгі ой-сананы қа­лып­тастыруға зор ықпалын ти­гі­зіп жүрген пікірталастар, түр­лі саланың тұлғаларымен, ұла­­ғат­ты отбасы иелерімен өт­к­ізі­ліп жататын ғибратты кез­десулерді, тағы да басқа ток-шоу­ларды теледидардан ғана көре­тін жағдайға жеттік.

Қалта телефондарынан бас алмайтын, кітап оқыған­ды былай қойғанда, теледидар жаңа­лықтары мен тәр­бие­­лік мән-мағынасы бар бағдар­ламаларға да көңіл аудармайтын жастарға сонда қандай тәрбие бермекпіз? 

Жоғарыда атап өткендей, бірқатар шаралар мен әдеби поэзиялық конференцияларды, қыздар мен жігіттер сынын ай құрғатпай өткізіп жататын мәдениет үйлері, мектептер мен кітапханалар қатары бұл күнде де көп деп өз басым айта алмас едім. 

Өз ауылдарымызда кез кел­­ген ортаға үлгі ететіндей ең­бек пен спорттың, мәдениет пен әдебиеттің, ғылым мен эко­но­миканың, заңгерлік пен сая­сат­тың, педагогиканың дегендей, небір саланың майталмандары Аллаға шүкір, баршылық. Бірақ сол адамдарды кезегімен ша­қы­рып «жаныңда жүр жақсы адам» – дегендей тақырыптарда кездесу өткізіп, жастарға үлгі етіп жатқан, солай етуге мін­дет­ті мекемелерді де, оған м­ұ­­рын­­дық боларлық лауазым ие­­­лерін де сирек көремін. Сон­да жас­тарымызға туған жер­ге, ата-анаға, бір-бірімізге деген махаб­батты, ізгілік пен қайы­рым­­­ды­лықты, ұлттық-мемле­кет­­­шілдік рух­ты қалайша, қай­­да жүріп сан­аларына сің­іріп, иман-күшін дамытып, тәр­биелемекпіз?

Мектептерде тәрбие мәсе­ле­сі екінші ме, әлде үшін­ші орынға ма, сырғып кет­кендігін ешкім де жоққа шыға­ра қоймас деп ойлаймын. Қағаз­бас­ты­лық пен әлеуметтік мұқ­таж­­ды­ғынан бас ала алмай жүр­ген мұғалімдердің, руханият мәсе­лесіне бас ауыртуға күш-қуаты жете бермесі де айдан анық.  Жағымпаз жәдігөйлік пен екіжүзділікті, көрсе де көр­мейтін немкеттілік пен бой­күйез, салғырттықты жою үшін, жалпы қоғамдық мүдде үшін бас ауыртарлық сана мен ахуал қалыптастыру үшін, ең бі­рін­­ші жүйелі де, шынайы ру­х­ани-идея­логиялық табанды жұмыс қажет. 

 «Бәрін айт та – бірін айт»  демекші, ең бастысы, біз бесік­тен белі шықпаған бала­ларға өз өтірігімізді үйретіп, сағын сындырмауымыз керек. Нақты­рақ айтқанда, спорттық жарыстарда, өнер байқауларын­да, пән олимпиядалары мен ҰБТ сынақтарында оларға жасаған әділетсіздіктерімізден қорла­нып, өксіп-жыламау­ларына барын­ша күш салуымыз керек. Олар­дың сәби жүректерін әлден жара­лап, бейкүнә жандарына қаты­гез­діктің уын сіңі­ретін бол­сақ, онда бүгінде еліміздің бас ауруына айналған жемқорлық, парақорлық сияқ­ты ғасыр дерт­терімен ертеңгі күні кім күрес­пек? Рухани тәр­бие­ні басты орынға шығара алма­сақ, жаппай тексіз­дендіру мен бейәдеп дүниелері сана­ны жаулап келе жатқан, ақпа­раттық ағымдар мен жер-әлем­ді меншікте­гісі келетін, Құдай­дың емес, ақшаның құл­ы­­на айналған, ішкі-сырт­қы күш­тер­ге, жалпы өмір бәсе­ке­сіне қан­дай адами құн­ды­лығымыз ар­қылы төтеп бермекпіз?...

Төлеген ҚАЛИМАЖАН, Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты

Шығыс Қазақстан облысы