Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында баспанамен қамту көрсеткішін 2030 жылы бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойды.
Осыған орай, төмендегі мәселенің өзектілігін атап өту қажет деп санаймын. Бүгінгі күні республикамыздың көптеген қалаларында «апаттық» жағдайда деп танылған үйлер баршылық. «Апаттық» деп танылған үйлердің тұрғындары жергілікті атқарушы органдарда тұрғын-үй алу кезегіне тіркелген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға апатты жағдайда деп танылған үйлерде тұрып жатқан азаматтардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Бірақ бұл мәселені шешуде қолданыстағы заңнама әлі толық шешім жасай алмайды. Өйткені апатты жағдай деп танылған үйдегі азаматтар тұрғын үй алу кезегіне әртүрлі мезгілде тіркелген. Егер апатты үй күтпеген жерден жарамсыз болып, істен шықса тұрғындардың бәрі бірдей үй ала алмай, жартысы баспанасыз қалады. Мысалы, қос қабатты тұрғын үйде 18 отбасы тұрып жатыр делік. Олардың тұрғын үйге тіркелу кезегі әртүрлі, бірінші тіркелген отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі болса, соңғы тіркелген отбасының кезегі 10 жылдан соң келуі мүмкін. Тұрғындар он жылды күте алмайды ғой, демек апаттық тұрғын үйдегі азаматтардың барлығын бір мезетте тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет.
Сондықтан мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына апаттық жағдайдағы үйлерді жою мақсатында, тұрғын үй құрылысын «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының бір бағыты ретінде енгізу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қарастыруды ұсынып, депутаттық сауал жолдадым.
Ерболат МҰҚАЕВ,
Сенат депутаты