Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Алматыдағы ғылыми-зерттеу орталықтарының жетекшілері және сарапшыларымен кездесті деп хабарлайды СІМ ресми сайты.
«Еліміз Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындайтын көпвекторлы, теңдестірілген, прагматикалық және белсенді сыртқы саясатты іске асыруды жалғастырып отыр. Мемлекет басшысының халықаралық қызметін және бастамаларын түсіндіруде СІМ бұқаралық ақпарат құралдары мен кең қауымдастық үшін ашық болуын жалғастырады», деді министр кездесуде.
Министр атап өткендей, бұл салада СІМ отандық сарапшы қоғамдастықтың белсенді қатысуына үміт артады. Министрлік өзекті ақпаратпен, қажетті ұстанымдық және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етуге дайын. Сондай-ақ, сыртқы саяси ведомство саясаттанушылармен кері байланысты сақтауға, соның ішінде халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылауға мүдделі.
Қ.Әбдірахманов әлемдегі қазіргі ахуал бойынша өз көзқарасымен бөлісті және Қазақстанның негізгі сыртқы саяси міндеттеріне тоқталды. Ол негізгі басымдықтар 2014-2019 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында баяндалғанын еске салды. Қазақстан Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия, Еуропа, Азия, Таяу және Орта Шығыс, Латын Америка мен Африка мемлекеттерімен, негізгі халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында өзара тиімді және тең құқылы қарым-қатынастарды белсенді дамытуда.
«Бұл ретте, жұмысымыздың басымдығы әдеттегідей Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау болып қала беріп, оның тиімділігінің басты өлшеуіші Президент Н.Назарбаевтың ауқымды жаңғырту бастамаларын іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды сақтау және нығайту болмақ», деді СІМ басшысы.
Осы күні Сыртқы істер министрі Алматыдағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Әңгіме барысында Елбасының еліміздің сыртқы саясаты, оның халқымыз үшін рөлі, қоғамды қызықтыратын халықаралық мәселелер бойынша еркін түрде пікір алмасу болды. Кездесуге «31 арна» мен «Қазақстан» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Qamshy.kz», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы», «Абай-ақпарат», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ үні», «Заң», «Qazaq» және «Ана тілі» басылымдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты.