• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Ақпан, 2018

ОҚО әкімі халық алдында есеп берді

459 рет
көрсетілді

Мемлекеттің даму қарқыны өңір­лер­дегі тұрмыстан байқалады. Жыл бойғы еңбектің нәтижесін көріп, жетістігін саралау, жақсы­лығы мен кемшілігін безбендеп, келер жылдарда биіктен көріну үшін есеп беретін уақыт келеді.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына еркін кіруі үшін өнеркәсіптің алатын орны ерекше. Ғылым мен білімнің жетістігі ұштасқан жерде қолбайлаулар азайып, еңбек өнім­ділігі артады.

Облыс басшысы өткен жылға қара­ғанда өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнімнің 69,5 млрд теңгеге өскендігін айтты. Яғни облыс өнеркәсібі 858,8 млрд теңгенің өнімін дайындаған. Бұл салада жақсы ілгерілеушілік бар. 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылған. Қазіргі таңда 11 индустриялық аймақ­тың 9-ы толыққанды жұмысқа көшкен. Бүгінде аймақтарда іске асырылған жобалар саны 78-ге жетіп, 35,9 млрд теңге инвес­тиция тартылды. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

 Облысқа тартылған инвести­ция­ға келетін болсақ, бұл бойынша аймақ экономикасына 482 млрд теңге инвестиция бағытталып, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артты. Бұл көрсеткішпен облыс республикада алдыңғы орында. Өңірге инвестиция тарту мақсатында өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан аса іскер­лік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде Ресей­мен кіші гидроэлектрстансасының құрылысы, Қытаймен – биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәу­лесінен электр қуатын өндіретін электр­ стансасының құрылыстарын жүр­гізу жөнінде келісімдер жасалды.

Аймақтың агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарына тоқталған әкім мемлекеттік қолдаудың арқасында 522 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін айтты. Облыс республикадағы үлесі бойынша екінші орында келеді. Есепті жылы салаға 24,9 млрд теңге субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық шаруаға қолдау көрсетілген.

Қазір дүние жүзінің мықты мем­лекеттерінде баламалы энергияға қатты көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, көп қабатты «ақылды үйдің» шатырын­да күн, жел энергиясын алатын шағын қон­дыр­ғылар бар. Коммуналдық төлемге артық ақша шығармайсың. Егін, мал шаруашылығында да осындай тәсілдер қолданылып, табыс молаюда.

Осындай игіліктер Оңтүстік өңірі­нен де көрінуде. Бүгінде табиғи ресурстар­дың көмегімен 207,3 МВт бере алатын алты жоба іске асырылып жатыр.

– Жаһандық жаңартылған энергия көздерін қолдануды инвестор­лар арқылы жүзеге асыру біздің басты бағыт­­тарымыздың бірі. Осыған байла­нысты, Төле би ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стан­сасының құрылысы. Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасы, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы бас­талады. Бұл электр стансасы күн энергиясынан өндірілген электр энергияны теміржол көлігі саласында пайдаланатын әлемдегі ең алғашқы жоба болып табылады. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы маңында күн электр стансасы құ­ры­лысын жүргізу жоспарда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Сонымен қатар Бәйдібек ауданын­да қуаты 40 МВт және Отырар ауданында жалпы қуаты 135 МВт күн электр стансалары бой көтереді, – деді облыс басшысы.

Биыл Оңтүстікте индустриялық карта аясында жалпы құны 40 млрд тең­геге тең 20 жоба іске асырылады. Осы­ның арқасында жаңадан 1,5 мыңдай жұмыс орны ашылады, өнеркәсіп көлемі 920 млрд-ға жетеді. Облыс әкімі осы мәселені баса айтты.

«Елбасы биылғы Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорын­дарға әлемдегі жетекші өндірушілердің жаңа цифрлы технологиялары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін кеңінен енгізуді жоспарлап отыр­мыз. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында банк несие­лері бойынша пайыздық мөлшерле­мені суб­сидиялауға 3,4 млрд теңгеге 350 жо­ба­ға қолдау көрсету жоспарланған»,  деді өңір басшысы.

Сондай-ақ әкімнің есебінде мәлім болғандай «Оңтүстік» аймақтық инвес­тициялық орталығы арқылы 4 млрд тең­геге шағын және орта бизнеске көмек көрсету көзделсе, жастарды қол­дау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдар­ламасы жүзеге асырылып келеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы адам ресурсына бай. Осы мәселені баса айтқан облыс басшысы «Әр ауылға – өз шебері» жобасының табысты жұмыс жасап жат­қанын тілге тиек етті. Әр аудан, ауыл­дардағы керек мамандықтар анық­талып, қысқа мезгілде кәсіби оқуға жібе­ріліп жатыр. Мәселен, оқуға қабыл­данған 12 мың 159 азаматтың 8 мыңнан астамы бүгінде өзіне тұрақты жұмыс тапқан.

Жалпы, жыл басынан бері 82 мың 227 жаңа жұмыс орны ашылған.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 9-шы, 11-сыныпты бітір­гендер мен жұмыссыз, ешқандай маман­дықты игермеген жастардың тізімін қалып­тастыру мақсатында облыста 43 мобильді топ жұмыс істеп жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы