Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауымен таныса отырып, оның мемлекеттің стратегиялық даму жолына бағытталған ауқымы кең бағдарлама екендігіне көз жеткіздік. Елбасы өз Жолдауы арқылы елдің даму жоспарын әлемдік бағыт-бағдарлармен қатар алып жүрудің жолын көрсеткен.
Жалпы, Жолдауда үстіміздегі жылы жүзеге асырылуы тиісті нақты он бағыт белгіленген. Енді оларды тиянақты орындау әрбір қазақстандықтың міндеті болып саналады.
Елдің болашағын сенімді қолға тапсыру үшін жоғары оқу орындарының алдында білікті маман даярлау бойынша зор міндет тұр. Елбасы Жолдауының жетінші бағыты білім саласында еңбек етіп жүрген мамандарды толғандырары анық. «Адами капитал – жаңғыру негізі» аталатын бағыт елдің даму стратегиясында маңызды орын алады. Президент бізге білім сапасының жаңа қадамына өтуді, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту екендігін жеткізді. Осы бағытта біздің университетте бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Біріншіден, біз кәсіби стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын жасауды қолға алдық. Ол үшін өткен оқу жылында мамандар даярлаудың барлық бағыттары бойынша Академиялық комитеттер құрылды. Академиялық комитеттердің мақсаты – кәсіби стандарттар, салалық біліктілік шеңберлері, еңбек нарқы, ғылым, технологиялар мен өндіріс дамуының заманауи деңгейі талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жасау болып табылады. 2017 жылы Академиялық комитеттер бакалавриат, магистратура және докторантураның 99 білім беру бағдарламасын жасаса, оның ішінде бакалавриат деңгейі бойынша 21, ғылыми-педагогикалық және бейіндік магистратура бойынша 4 бағдарлама кәсіби стандарттар негізінде құрастырылды.
Екіншіден, кәсіби стандарттар енгізілмеген секторлар бойынша білім беру бағдарламаларын жасауға жұмыс берушілер тартылды. Жұмыс берушілер бағдарламаларды құрастыруға да, оларға сараптама жасауға да қатыса отырып, жаңа, өзекті оқу пәндерін енгізу бойынша ұсыныстарын береді. Мәселен, үстіміздегі оқу жылы жұмыс берушілердің ұсынысымен тәжірибелік маңызға ие 96 жаңа элективтік пән енгізілді.
Үшіншіден, университеттің барлық білім беру бағдарламалары «Цифрлы Қазақстан» жағдайында жұмыс жасауға бейімді мамандар даярлауға бағытталатын болады.
Төртіншіден, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ білім алушыларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуды есепке ала отырып, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерінің аймақтық кеңесі мүшелерінің ұсынысы бойынша бакалавриаттың бағдарламаларының барлығына осы дағдыларды қалыптастыруға бағытталған «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері», «Экономика және бизнес» элективті пәндері енгізілді.
Елбасы Жолдауында ғылымға да ерекше назар аударылған. Бұл ретте сөз қозғар болсақ, университетте 64 студенттік ғылыми бірлестік белсенді жұмыс істейді. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады. Университетте мұнай-газ химиясы, АӨК, био және IT технологиялар бойынша студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізуге басымдық береді.
«Ауыл шаруашылығы» кафедрасында «Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғалымдарымен бірге Солтүстік Қазақстан орманды-дала аймағында пайдаланудан шығарылған алқаптарды тиімді пайдалана отырып, құнарлылығы төмен (селдір) аймақтарда жоғары өнімді шөп шабатын жайылымдық жер алу жобасы әзірленуде. «Шағала-Агро» компаниясы әріптес әрі инвестор ретінде өз көмегін ұсынды. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл мақсатты бағдарлама белсенді ауыл шаруашылығы айналымына 900 гектар құнарлылығы төмен жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді, өнімділігі жоғары шабындықтар құруға және жайылымнан алынатын жем мен мал шаруашылығы өнімінің сапасын жақсартуға, топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыруға мүмкіндік туғызады.
БҒМ Ғылым комитеті конкурсының қорытындысы бойынша, СҚМУ-да ашылған, университеттің ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерін коммерцияландыру кеңсесі «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы бойынша 116 млн теңге сомасында грант ұтса, екі жобамыз ғылыми және ғылыми-техникалық іс-әрекет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша 443 млн теңге сомасында қаржыландырылып отыр.
Жетекші шетелдік университеттер және зерттеу орталықтарымен, ірі кәсіпорындар және ТНК-мен бірлескен жобаларды қолға алып, тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды өзімізге міндет етіп отырмыз. Бүгінге дейін СҚМУ шетелдік ұйымдармен және университеттермен 135 келісімшарт жасады. Сондай-ақ «Эразмус+» бағдарламасы шеңберінде халықаралық жоба жүзеге асырылуда. Жоғары оқу орнымызда идеологиялық жұмыстарды дамыта отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жобалық офис ашылды және ғылыми-педагогикалық әлеуеті бар сарапшылар тобы құрылған.
Елбасы Жолдауы қазіргі заманғы қоғамның барлық басым салаларын дамытуды көздейді. Біздің міндетіміз – өз саламызда, яғни жоғары оқу орнында Жолдауды іске асыру және одан ұтымды нәтиже шығару болып табылады.
Серік ӨМIРБАЕВ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры