«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин жердің Оңтүстік полюсіне алғашқы қазақстандық экспедицияның басталуына байланысты топ мүшелерімен кездесті.
Айтулы оқиғаның ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен орайласуының да өзіндік мәні бар. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан осы жылдар ішінде зор жетістіктерге қол жеткізіп, қарқынды дамып келе жатқан елдер қатарына кірді, деп атап өтті кездесуде сөз алған партия Төрағасының бірінші орынбасары. Партия мемлекет беделін көтеретін салмақты жобаларды әрқашанда қолдап келеді. Сондықтан, экспедиция құрамына өз өкілін – «Нұр Медиа» ақпараттық холдингінің жетекшісі Қайсар Жанахановты қосу арқылы осы жобаға тікелей қатысып отыр.
Топ жолсапарын «Новолазаревская» стансасынан бастап, Тәуелсіздік күні Оңтүстік полюске жетеді. Дәл айтулы күн қарсаңында Антрактидада Қазақстан туы желбірейтін болады. Қазақ география қоғамы командасының құрамына зерттеушілер де қосылды. Ғалымдар Антрактидада орналасқан полярлық стансаларда болып, ақ құрлықтың табиғаттық, климаттық, экологиялық көрсеткіштері туралы ақпараттар жинамақ.
Бұл сапар тек ғылыми жағынан маңызды болып қана қоймай, еліміздің бүкіл әлем алдындағы абыройын арттыруда да ерекше рөл атқарады. Жоба бастамашылары – «Нұр Отан» партиясы мен Қазақ география қоғамы өкілдері осы арқылы қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың туған елінің жеңісіне деген мақтаныш сезімін туғызуды көздейді.
Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, патриотизм – әрбір қазақстандықтың табысқа жету абыройы және өз майданында қандай жағдайда болмасын биікті бағындыруға деген талпынысы. Және әрбір азамат өзінің осы жетістігін Отанының атын шығаруға, оның әлем алдындағы беделін көтеруге арнауға тиіс.
Кездесуді аяқтай келе Нұрлан Нығматулин экспедицияға жердің Оңтүстік полюсіне ілінетін «Нұр Отан» партиясының туын табыс етті.
«Егемен-ақпарат».