Өткен ғасырдың сексенінші жылдары әдебиет сүйер қауым аузынан Тәкен Әлімқұлов есімі әрдайым түспей, қас шеберлігіне таңырқап, таңдай қағатын әдеттерінен әсте жаңыла қоймайтын. Пысықтау талапкерлердің кейбірі әңгімесіне қолдау қолтаңбасын алып, қоштау сөзі арқылы жарияланып үлгергенін көзіміз көрді. Солардың қаншасы жазушы санатын құрғанын қазір кім білсін, әйтеуір «Жұлдыз» журналынан «Сейтек сарынын» оқушы кездің өзінде кезіктірген бойда бас алмай оқып шығып, жайлау қойнауына сыймастан албырттанып керемет алып-ұшқаның есіңде.
Адам жаратылысы бәрін ұмытып қалатын әдеті ме, әлде алғашқы қабылдаудың ыстық табы басылып, қилы-қилы өмір сынын өткерген сайын ерік-жігеріңнің жүзі қайтып, жасық тартасың ба, міне, сондай ерекше күйге тап қылған кісіңді алғаш жолықтырған сәт күні бүгінгідей көз алдыңда. Сырттай оқитын сабаздар топ болып Алматы сыраханасының біріне шөл басу үшін жолай соға кететінбіз.
Араның ұясындай гүжілден құлақ тұнып, тұс-тұстан шығатын дауыстардың кейі өктем, өзара тілдескендердің енді бірінің дыбыстары алысқа ұзай қоймайтын ұяңдау. Қызара бөртіп алған кейбіреулер ұрынарға қара таппағандай алақ-жұлақ етіп, атырыла шақшиып қарайтынын аңдайсың. Назарларына түйісіп қалмау үшін өзіңді пәс ұстап, бәсең тіл қатқаннан артыққа бармастан сақтанып бағасың. Міне, сол кезде бөрене тіреуішке жанамалата орнатылған үстелге ыдысын қойып, ұзынша орындыққа жайғасып ап осынау ырду-дырдуға зер салмаған күйі өзімен-өзі саяқ отырған адамға кенет көзіміз түсті. Жазу-сызуына біраз қанық кісінің бітімі жатырқатпаса да, сопақтау ұзыншақ кесек пішінінен қоңқақ мұрны бөлекше зорайып көрінетінін аңдадық. Нұры жұмсақ қоңырқай көзін бадырайта іркілте қадалып барып, самарқау салғырт райда назарын баяу бұрып әкететін әдеті еріксіз тосылта ма, әлде қайтеді, біршама жүрексіне кідірдік. Қарасөзін былай қойғанда әдебиет турасындағы тұжырымдары имендірмей тұрмайтын бұ кісінің әлгіндей қылығы түрімізді көріп қалжамыздан түңілген назырқану мен азырқануға ұқсайтындай.
Қасына жақындап, тіл қатудың өзіне батылымыз бармай бөгеліп қалғанымыздың себебі де сол еді. Қоңыр үнін соза ақырын шығарып, жөн-жосығымызды сұрады-ау, шамасы. Әуірі басыла қоймаған албырттау шақтың делебесі қозбай тыныш тұра ала ма, өлең жазатыныңды құлақағыс қып үлгердік-ау, әйтеуір. «Оқышы» деген ишарасын елеусіздеу жасаған сияқтанды. Дереу заулата жөнелдік. Қарсы алдына қасқая қарап бөгелгенде өң-түсінен әсер бояудың жұқанасы да сезілместен; «Ұзады емес, ұзатылды ғой» деп құлықсыз тіл қатқаннан басқа артық сөзге бармай тұқшиып отырды да қойды. Тәкен Әлімқұловтың өз тілімен айтқанда сұрайтынды сұратқызбайтын шәргездеу қылық рухани тәжірибенің аздығынан шығар, бәлкім. Өйткені ол кездегі бітім-болмысы сергек, толымы мен болымы кемел, қиядағыны қияннан шалатын шалымы мен алымы жетіп артылатындай көрінген.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас шенінде жастар газетінің редакциясына дамыл-дамыл бас сұғатын Тәкен Әлімқұлов тұрпаты сонау жылдары кезіктірген бейнесіне мүлде қереғар, адымы қып-қысқа, соның өзін ауырсынатындай сүйретіле ілбіп басады. Әлденеге ашулы сыңайда түксиіп кіріп келеді де, аманыңа селт етіп қабағын керместен айбақ-сайбақ жазылған қолжазбасын алдыңа тастай салады. Қолын айырып танып әуелі оқып болғанша біраз уақыт озады, бірақ мына кісі сазарып отырған қалпы төрелігін тапжылмастан күтеді.
Ол кезде әдебиет бөлімінде қызмет ету екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін ырысқа баланатын. Соны малданудың астамшылығы немесе суреткер қадіріне жете қоймаған мәдениет шіркіннің жетімсіздігі шығар анау-мынау емес Тәкен Әлімқұловтың өзіне шімірігіп қоймастан: «Мынауыңыз очерк іспеттес екен, басқа бөлімге апарыңыз», дедім де бетіне бедірейіп қарадым-ау, шамасы. Мұндай оқыстықты күтпеген ол көзін кең аша абыржулы кейіпте жабырқау тіл қатты. «Қазір өмірдің өзінен алынып жазылған жайлар әлдеқайда өтімді. Мәскеу жазушыларын оқымайсың ба?» Ең таңданарлығы, Тәкен Әлімқұлов шамшыл мінезден ада, мұндайда өршіп өңмендемейтін нәті жуас қалпынан айнымағаны тұрсын, өзгенің пікірін құрметтеу ұстамы бойынша әріптес қаламгерлердің біріне де ұқсамайтын қасиетін дәл сол арада аңдатып өткенін байқамаппын, тіпті. Отырған орынның болымсыз жауапкершілігін әлдеқандай көріп, өмірдің өтпелілігін сезініп қоймаған есерлеу кездің өктем нойыстығы есіңе түскен сайын ұяласың бәрібір. Бір ғана шығармасымен қойлы ауылда өтіп жатқан елеусіздеу балалық шаққа жан шуағын сыйлаған шарапатын еселеп қайтарудың орнына – кесім айтып кекірейгенің қай бір жарасымды, есіңе алып елестетіп көрген сайын амалың бітіп, шарасыздыққа тап болатының бар.
Қазақ жазушыларының шығармашылық ізденісінің бастау көзіне үңіліп, үйренген мектебінің төркінін тап басып айыру барысында әңгіме Тәкен Әлімқұловқа тірелген кезде бірден жауап қата алмай еріксіз іркілесің дегенге ұқсас сөзді кезінде Тұрсынжан Шапайдың айтқаны мұндайда жадыңда жаңғырып тұрады да қояды. Оқуы мен тоқуы өзіңнен анағұрлым ілгері, ұшқарылық дегенге әстінде аттап басып бара бермейтін дос-інінің бұл тұжырымын әрі қарай өзіңше өрбітіп бақсаң, Тәкен Әлімқұлов жазушылығы қазақ қарияларының әңгімешіл дәстүрінен көп алыстамағанын байқайсың. Баяндау ағысы алып-ұшпастан баяу басталып, сыңғыраған сарын үзілместен діттеген тұсына жетіп сәл тыныстап, болымсыз үзіліс жасап алады. Оның және қызуы бойында со күйі тұрған ауысым иірімінің толқынысын сабырға жеңдірген сәті шалдардың ауызша әңгіме айту тұрғысын есіңе салып өтеді.
Қысқа қайырымына әуелі тұшынбағандай олқы сезіністен арылмай тұрғанда – тыңнан қосылатын сарын әуелгі халді ұмыттырып, еліктіре жетектеп әкетеді. Айналадағы қозғалысты қамтып үлгеріп, бір-екі ауыз сөзбен бейнелер кейпінің тірідей елесі көкейіңе орнығып, басқалаларға шатастырмай әрдайым айыра аласың. «Ақбозат» сынды ірі шығармасының желісінде дәл осы уақытты баяндағанда көп жылдар бұрынғы оқиғаны қабаттастырып, жанамалата ілестіретін желісінің табиғилығына еш нұқсан келе қоймайды. Мұндағы ұрпақ алмасуының өзінде әр кезеңнің жастық шақтары параллель алына отырып, махаббат пен ғадауаттың күрделі түйіндері шаң берген сайын Тәкен Әлімқұлов қарымы көркем талдаудың тереңдігіне шоласы жетпей қалатындай көрінеді.
Сөйте тұра «Ақбозаттың» кейбір иірімдерінің иіні қанбағандай қабылданса да, оқушыны тартатын қуатының сонылығы қатты таңырқатады. Қайта «Сейтек сарынындағы» күйші қарияның ұлттық тініндегі жұмбағы ашылмаған күйі қалғандай. Бұл хикаят лебінің кісіні үйіріп әкетуі алдыңғыдан анағұрлым шалымды. Өмірбаяндық сарынын аңғартып өтетін осы шығарманың өн бойында балаңдау компоненттер әредік бой көрсетіп қалатыны бір жағы қызық та. Онысы аса оғаш көрінбесе де, жазушының бұл хикаятқа келу тұрғысының ахуалы адамды алаң қылып тұратыны ашылмаған сыр барынан хабардар ететіндей. Өйткені жазушы кейіпкеріне жаны ашып, бүйрегі бұра жақсы көретінін әрдайым сездіріп қояды.
Тәкен Әлімқұлов қазақ күйі бейнесін қарасөз арқылы жеріне жеткізе бедерлесе де, өзі шертіп я шалудан махрұм көрінеді. Сапарлас інісі академик Рахманқұл Бердібаевтан бірде домбырасын тастамай алып жүруін өтініп, ұзара түскен жолдың бойында үздіксіз тарттырып қойып, ұйи тыңдаған сәтінде тебіреніске толы ажары көрнеу көзге ұрып шыға келетін еді дейді.
Бір уақыттарда серпіле сілкініп алып Тәтімбет, Сүгір күйлерін ауызбен уілдетіп күңіренте жөнелгенде – аспап үнінен бір кем соқпайтынын қайран қала баяндап тұрып, байқамастан өзі де қосылып кетіп еді академик жарықтық. Күй тақырыбын қаузаудың мұншалықты тұрлаулы ерекшелігі қазақ қарасөзінің ырысына бұйырған несібе екенін кейінгілер бір мезгіл парыз тұрғысында жүгініп қойғаны абзал-ау. Өйткені Тәкен Әлімқұлов табиғаттың ұлтымызға сыйлаған аса жомарт сыйы, қазақ сахарасының өрі мен ылдиын, шөлі мен көлін, даласы мен құмын қаламына алаламай кіріктіріп, тұтас әлем жасап, соңына өлместей мұра тастаған бірегей жазушы сирек-ау.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ