• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2018

Тұрақты даму әлеуеті – әріптестікте. Ақмола облысының әкімі халыққа есеп берді

367 рет
көрсетілді

Облыс басшысы Мәлік Мырзалин халық алдында есеп берді. Келтірген мәліметтеріне қарағанда, 2017 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгеріс орын алды. 

Тартылған инвестиция 257 мил­лиард теңгені құрап, 106,1 пайызға артқан. Об­лыс­та 12 мың жаңа жұмыс орны құ­ры­лып, жұмыссыздық көрсеткіші 4,8 па­йыз деңгейінде қалыптасқан. Нәтижесінде жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту бағдарламасы бойынша был­тыр 15 мың адам тұрақты жұмыс тап­қан. Ал орташа айлық жалақы 110 мың тең­гені құрапты. 2017 жылы өңдеу өнер­кәсібі­нің үлесі 80 пайызға жетіп (еліміз бойынша 4-орын), өңірлік жалпы өнім көлемі 17 пайызға өскен. Степногор подшипник зауыты, «Алтынтау Көкшетау» ЖШС, «Қазақалтын» концерні, «ЕНКИ» кірпіш зауыты және өзге де кәсіпорындар ақмолалық индустрияны алға сүйреуші локомотивке айналып отыр. Мысалы, «КамАЗ-Инжиниринг» АҚ жүк және өзге де арнайы техниканың 900 данасын шы­ға­рып, 40 пайыздық өсім көрсетсе, осы­дан 3 жыл бұрын Целиноград ауданын­да ашылған «Sky Express Elevator KZ» ЖШС-нің 77 лифт және 8 эскалатор шығарғаны да әкім есебінде көрініс тапты. Және де «КАИК» ЖШС мемлекеттік қолдаудың арқасында тіркемелі техника мен аспалы құрал-жабдықтар­ды шығаруды қолға алған. Елбасы­ның АҚШ-қа сапары нәти­жесін­де «Amity» тұқым себу кешенін құ­рас­тыру лицензиясына қол қойылып, құны 1,5 мил­лион доллар болатын алғашқы 12 данасы үстіміздегі жылдың наурызын­да шы­ға­ды деп күтілуде. Сонымен бір­ге «Рост­­сель­маш» компаниясымен «Buhler» маркалы ауыр тракторларды құрастыру үшін лицензиялық келісімге қол қойылады деп күтілуде. Беларусь елімен бірлесіп биыл 1800 дана техника құрастыру жос­парланып отыр. Бұдан басқа Көкшетау қаласындағы «Eurasian Group Kazakhstan» ЖШС базасында John Deer комбайндарын жинау да көзделген.

Индустрияландыру картасына сәйкес өткен жылы құны 95 миллиард теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылып, жаңа­дан 1119 жұмыс орны құрылғанын облыс әкімі ерекше атап көрсетті. Жеке инвестордың 63 миллиард теңге салуы есебінен жылына 2 миллион тонна цемент шығаратын ірі зауыт та іске қосылған. Бұдан басқа, өңірде жалпы алғанда қуаты жылына 4 тонна болатын үш алтын өндіру зауыты салынады. Мемлекеттік инновациялық грант (60 миллион теңге) арқылы «BIOTRON GROUP» ЖШС ауыл шаруашылығы малдарына арналған вакцина шығара бас­тады. Жоба Степногор қаласында биотехнология кластерін құрудың алғашқы қадамы саналады. Сондай-ақ қайта өңдеу секторын әрі қарай дамыту мақсатында Индустрияландыру картасына сәйкес құны 500 миллиард теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауын аяқтау биыл жоспарланған. Баламалы қуат көзіне қатысты айтар болсақ, әкім қазір жұмыс істеп тұрған Ерейментау ауданындағы жел электр стансасы (45 МегаВатт) мен Целиноград ауданындағы желден қуат алатын құрылғыны (750 Квт/сағат) ерекше атап кетті. 2017 жылы облыстағы 3,5 мың агроқұрылымға 38 миллиард теңге мемлекеттік қолдау көрсетілуінің арқа­сын­да ауа райының қолайсыздығына қарамай жоғары сапалы 5,1 миллион тонна астық жиналды. М.Мырзалин қазіргі кезде тиімді пайдаланылмай жатқан жер­лерге ғарыштық мониторинг жасалатынын, соның нәтижесі бойынша ол жерлер алынып, жақсы жұмыс нәтижесін көр­сет­кен шаруаларға үлестірілетінін айтты. Қазіргі таңда облыста 35 ауыл шаруа­шы­лық кооперативі құрылса, тағы 28-і ұйым­дастырылатыны аталды.

2017 жылы азық-түлік өнімін өн­діру 13 пайызға артып, 80 миллиард теңге­ге жеткен. Шағын және орта бизнес субъек­­ті­лерінің саны айтарлықтай өс­кен­­­дігі ерекше аталды. Соның нәтиже­сін­де қосымша 6 мың жұмыс орны құры­лып, бюджетке түсетін салық көлемі ай­тар­лық­тай ұл­ғай­ған. Мынадай бір жайтты да айта кет­кен жөн. Зеренді ауданының тұр­ғыны Андрей Рыманов өз қаржысына спорт­тық-сауықтыру орталығын салуды ой­лас­тырғандығын айтып, облыс әкіміне осы ұсынысымен шыққан көрінеді. Өйткені жергілікті әкімдік жер телімін беруді қажет деп таппаған. М.Мырзалин аудан әкіміне бұл мәселені шешуді жүктей оты­рып, өңірде өз қаржысына әлеу­меттік және өзге де тұрғындарға қажетті нысандарды салушыларға қолдау көрсетілуі қажеттігін қатаң ескертті. Өйткені Елбасының өзі облыс әкімдерінен осыны талап етіп отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл 3640 отбасы өздерінің бас­пана мәселесін жақсартып алғандығын көр­се­теді. Сонымен қатар 11 ауылдық елді мекенде 241 шақырым болатын су құбы­ры тартылыпты. Бүгінгі таңда елді мекен­дерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету 59 пайызға ғана шешімін тапқан. Сондықтан да биыл 14 ауылға су жеткізу құбырларын тарту көз­делсе, тағы 19-нда жобалау-сметалық құжатын әзірлеу қолға алынған. Өңір тұр­ғындары үшін тағы бір жақсы жаңалық, «Global Gas Group» ЖШС Ақмола облысына көгілдір отын жеткізу жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алғашқы кезеңде облыс орталығын қосқанда жеті аудан, соның ішінде Бурабай кенті газбен қамтамасыз етілмек. Өткен жылы облыс­та 630 шақырым жол жөнделсе, соның 236 шақырымы жергілікті жолдар саналады. Бұл орайда «Щучье-Зеренді» тас жолы және Көкшетау қаласына кіре­беріс жол (4 жолақты) кеңейтіледі деп күті­луде. Сонымен қатар Ақкөл, Атбасар, Бұлан­ды, Есіл, Ерейментау, Жарқайың, Зеренді және Сандықтау аудандарында кент­аралық жолдар да жөнделетін болады.

Бүгінде білім беру процесінде 515 мек­­теп ақпаратты-коммуникативтік тех­но­ло­г­ияларды қолданады. Облыстағы бар­ша мектептер Интернет желісіне және «Bilim Land» инновациялық білім беру платформасына қосылған. Мек­теп­терді мультимедиялық және жаңа радио­техникалық кабинеттермен жарақ­тандыру бойынша жұмыстар жүргізі­луде. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өскені ерекше аталды. Ал 2018 жылы 12 жаңа нысан салынса, тағы 15-і күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Өткен жылы облысқа 384 медицина қызметкері келсе, солардың 140-ы дәрігер. Олардың 61-іне облыс орталығынан пәтер бөлініпті. Әкім Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау уни­верситеті базасында 150 орындық медицина факультетін ашу мәселесінің қарас­тырылып жатқандығымен де бөлісе кетті. Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңіне сәйкес 60 миллиард теңге игеріліп жатқандығын айтқан М.Мырзалин биыл Щучье қаласы мен Бурабай кентінде инженерлік желі­лер мен жол салынатындығын жет­кізді. Мәселен, Үлкен Чебачье көлі жаға­сында 233 гектарлық аумақта жаңа курорт­ты аймақ салынады. Ал Бурабай кентінің өзінде 14 гектар жерге мешіт, автотұрақ және тұрғын үйлері бар кешен бой көтереді деп күтілуде. Тағы бір жағымды жаңалық, «Rixos» қонақүйі маңында жалпы аумағы 370 гектарға премиум-класты курортты аймақ пайда болады. Әкім сонымен қатар Көкшетау қаласына да тоқталып өтті. Атап айтқанда, қала айналасын жасыл желекке айналдыру мақсатында 1292 гектар аумаққа тал отыр­ғызу басталатындығын жеткізді. Қала ор­та­лығындағы Қопа өзеніне балық жібері­ліп, жағажай айтарлықтай өзгеріске ұшы­рай­тындығы да айтылды. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 4,4 миллиард теңгеге 115 іс-шара жүзеге асырылған.

Сөзінің соңында өңір басшысы еліміз­дің бағдарламалық құжаттарын жүзеге асыру мемлекет пен жеке бизнестің бірле­се әрекет етуінің арқасында жүзеге асыры­ла­т­ындығын ерекше атады. Ешкім одан сырт қалмауы тиіс.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы