• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 27 Ақпан, 2018

Мағжан жырлаған Күншығыс

2781 рет
көрсетілді

Бостандық – ізгі періште.

Кетпекке ұшып ғарышқа,

Ақ қанатын қомдап тұр.

Мағжан.

Арлы жүрек қашанда асыл мұратты аңсайды. Ол мұрат жеке бас мүддесінен емес, Отан мүддесінен туады. Туған елдің мерейлі күндерін аңсаған, қазақтың мамыражай заманға жетуін тілеген, ұлтының кемел келешегі бар екендігіне сенген үркердей топтың ішінен Мағжан ақынның шынардай тұлғасы айрықша сәуле шашып, ұлтының жүрегіне энергия дарытады. Мағжан жырларының қуаты сан ғасырға жетеді.

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен пайғамбар –

Күн ұлы.

Ақын Күннен туған Гунның тікелей ұрпағы қазақ елінің қажыр-қайратына кәміл сенді. «Қазақ бостандығын алып өз күнін өзі көретін ел болады» деген ойдан гөрі «қазақ өз тәуелсіздігімен қоса бодандықта отырған өзге Шығыс ха­лық­тарының бұғаудан шығуына себін ти­гізеді. Олармен бірге өзі де өсіп-өр­кендейді. Сөйтіп беті теріс қараған Батысты оңға бұрып, игі жолға салады» де­ген ұлы мақсат ақын санасынан берік орын алған еді. Мағжан қазақтың бас болар күнін күтті. Халқын Пайғамбарға теңеуінің себебі осында. Бірақ қазақ бойында өзге бауырларының басын біріктірер, ұйытқы болатындай күш-қуат мүлде аз еді.

Тұлпар мініп, туды қолға алайын,

Суырып қылыш,

қан майданға барайын

Жердің жүзі кім екенім танысын,

Жас бөрідей біраз ойын салайын!

Тірілтейін алып атам аруағын,

Тазартайын Сарыарқаның

топырағын,

Жан жағына тегіс билік жүргізіп,

Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.

Ақын елінің атынан сөйлейді. Бұл бір жағынан ұлтына арнаған үндеу тәрізді. Мағжанның ұсынысын жұрты орындай алмады. Ғасырлық қуаты сарқылған қазақ қандай да бір әрекетке баруға тым дәрменсіз еді. Елінің осы күйін көрген ұлы оның ертеңінен қауіптенеді де:

Терең теңіз тебіренді,

Күншығысым күңіренді,

Қырағы көзім көреді:

Желкілдеген туменен,

Жер күңіренткен шуменен,

Қара бұлт қаптап келеді.

Күнбатысты жайлаған түнектің жылдам жылжып, Күншығысқа тақап қалғандығын Мағжан астарлап жет­кізген. Ақын тек соғысты айтып тұр­ған жоқ, ол рухани азудан, пси­­холо­гия­лық тозудан, сана сер­гел­­деңі­нен елін сақтандырады. Рух тұ­ман­данса, сана сары буға айналады. Батыс осындай халге жетті. Еуропаның күй­реу процесін Мағжанның замандасы Освальд Шпенглер «Закат Европы» ең­бе­гінде жан-жақты баяндаған болатын. Шпенглер өз кезіне дейінгі және сол сәт­тегі Еуропаны жазса, Мағжан оның келе­шегіне көз жүгіртеді:

Тарсыл-күрсіл, қанды атыс.

Көп білем деп бөлуге,

Көп күлем деп өлуге

Жақын қалды Күнбатыс.

Ақынның көріпкелдігіне таңданасыз. Технократиялы, азған тіршіліктің тоқы­рай­­тынын қазақ ақыны көре білген. Еуропаның ақырын жыр құралымен суреттеп берді:

Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,

Ой артынан ойлар келіп кетеді.

Түн баласы көзінен жас төгіп,

Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.

Күншығыстың Күннен туған Гун ұлы осылай дегенде Батыстың өз өкілі де таң шапағын дәрменсіздене күтетіндігін жария еткен-тін. Ол – Д.Мережковский.

Устремляя наши очи

На бледнеющий Восток,

Дети скорби, дети ночи

Ждем не придет ли наш пророк,

– деген «Дети ночи» өлеңінде.

Әрі қарай:

Мы над бездною ступени.

Дети мрака, солнце ждем:

Свет увидим и, как тени,

Мы в лучах его умрем,

– деп, Шығыстан тарар ақ сәуленің ең болмаса бір үзігін көрсек деген Ба­тыс­тың үмітін жырлайды ақын. Еуро­паның үмі­ті, Шығыстан шуақ дәм­етуі әлі де жалғасуда. Батыс ұлына қазақ ақыны былай деп жауап жазған еді:

Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар

Мен келемін, мен келемін, мен келем.

Күннен туған,

Гуннен туған Пайғамбар.

Мағжан мен Мережковскийдің өлең­де­рін салыстыратын зерттеушілер бір жақты компаративистік көз­қара­с­- ­тар­­дан туған «еліктеу теориясын» ұс­та­нып келгендігі мәлім. Олар «Мағ­жан Мережковскийге еліктеді» дейді. Мүл­д­е олай емес. Мағжанның Еуропа ақы­нының өлеңін оқып, оған жауап жазуы еліктеушіліктің көрсеткіші емес. Еліктеу – өзінде болмаған нәрсені біреуден үйрену деген сөз. Егер Мағжан шетел ақынына еліктеген болса, мынадай жыр жолдары оның қаламынан тумас еді:

Мұңдарларды адасқан,

Айырылып естен шатасқан

Күншығыстың жолына

Салайық, шетсің демейік,

Аямайық, көмейік

Күншығыстың нұрына.

Асыл текті, асқақ рухты, қазақ ақыны біреуден бір нәрсе алуды қажетсінбейді. Ата-бабасы Күнге табынған, киіз үйде күн сәулесін бірінші болып көретін Гун ұрпағы тас үйде туып-өскен, күн нұрын кештеу көрген еуропалықтан үйреніп жыр жазды деу ақылға сыя қоймас.

Әй, сен кесел Күнбатыс

Бұл жатуың қай жатыс,

Жоғал жылдам жолымнан.

Болмаса қорықсаң өлімнен,

Үмітің болса өмірден,

Ұста менің қолымнан!

Құрдымға кетіп жатқанға ақын көмек қолын созуда. Қарманарға талы жоқ Еуропаның халі мүшкіл. Ол жедел көмекке зәру. Өзі қарумен қорқытып, үркітіп қойған дала халқының жүрегі мейірімге толы болса да дәрменсіз. Тек Мағжан сияқты ірі тұлғалардың отты көздері жалын атып, айбарды аңғартады. Кешегі Аттила – бүгінгі Мағжан. Екеуі де елінің рухани, әлеуметтік тағдыры үшін от кешті емес пе?

Мағжан Күнбатысты рухани апаттан құтқаруға ұмтылды. Сондықтан да оның тұғыры Мережковскийден әлдеқайда биік.

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын жанамын.

Күнге ғана бағынам.

Мағжан – идеациал ақын. Идеа­циал­дық – қазіргі түсініктегі діншілдік емес. Ол – космостық рухтан нұрлы сезім­нің нәр алуы. Иедациализм Мағжан шығар­ма­ларының философиялық осі.

Аяқ басып Арсыға,

Жүгіріп барып қарсына

Тәңірінің тілін ұғамын.

Жер-жаһанды Жаратқан бір Тәңірі. Көп­шенділердің даналығы тәңі­р­шіл­дікте. Жалғыз Тәңіріге табынатын қа­зақ дүниенің сырын терең сезінген. Көктегі Күнге, Айға, Жұлдыздарға қарап бір Жаратушыға сыйынған. Мағжан елінің рухын қастерлеген, бірегей ақын болғандықтан халқының таным-түсінігінен ажырамаған. Кейбіреулер Мағжанды «еуропашыл» дейді. Мүлде олай емес. Еуропа ХVІІІ-ХІХ ғасырда-ақ есеңгіреген. Оның жансыз, рухсыз кейпін кезінде Вольтер, Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Стендаль, т.б. өз шығар­ма­ларында сюжет, детальдар арқылы көрсеткен. Олар Батыстың қаты­гез, өзімшіл, айлакерлігіне қарап отырып, оның келешегінен күмәнданған.

Көк есігі ашылды,

Жұмақ нұры шашылды

Келді ұшып бостандық.

Ұлы дала тұрғындары игілік атаулыны Көктен күткен. Сергек сана мен ұшқыр логика таза рухқа тән. Текті­лік те рух болмысынан. Ақын алып кеңіс­тік ауқымындағы әр процесті сергек аға­ра­ды. Нұр Көктен түссе, бостандық та Көктен. Халық азаттығын өзі жеңіп ал­ға­нымен, осы «жеңіп алудың» өзі Тәңірінің рахымымен болған іс.

Бостандық – ізгі періште.

Кетпекке ұшып ғарышқа,

Ақ қанатын қомдап тұр.

Бостандықтың мекені – ғарыш. Өте сирек кездесетін космостық таным Мағжан ақынға тән. Иедациал сезім космостық таныммен астасып жатыр.

«Мен – Күн ұлы, көзімде күн нұры бар», дейді, Мағжан. Еуропалықтардың ешқайсысынан дәл осындай мотивті таба алмаймыз. Оларда Күн – символ ретінде бар, бірақ Күн шуағының өзі Еуропа ақыны үшін бір арман. Батыстықтарға Күн сәулесі тапшы. Көш­пенділер сияқты еркін далада күн нұры­на бөленіп жүрмегендіктен тас үйлердің тұрғындары қандай да болсын нұрға зәру. К.Бальмонттың «Я в этот мир пришел, чтобы видеть солнце» деуінің себебі осы. Бальмонт өмірдің шуағын аңсайды, ал Мағжан «Күн ұлымын» дейді. Мағжан осы тұста кез келген Еуропа ақынынан әлдеқайда биік тұр. Оның ойлау қабілеті орасан, сезімі сергек, жүрек жылуы мол. Сондықтан да ол күллі адам баласына шуақ сыйлағысы келеді. Мағжан туған халқын ең биік тұғырдан түсіргісі келмейді. Ол өмірлік энергиясын елінің қамына арнады. Ұлтының тектілігін күн нұрына малынған қуатты жырлары арқылы анық көрсетті.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА