Еліміздегі мұнайдың 58,5 %-ы Атырау облысында өндіріледі. Теңіз, Қашаған секілді ең ірі мұнай жобалары да осы өңірде. Өткен жылы мұнайдың экспорттық көлемі 70 млн тоннаға жуықтады. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту, жаңғырту жұмыстары аяқталды. Отын-энергетикалық сектордағы салалардың былтырғы көрсеткіштері рекордтық деңгейге жетті. Бұл – қиын да қызық кәсіп иелері мұнайшылардың адал ақы, маңдай терлерінің жемісі.
Мемлекет басшысының халыққа биылғы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында құрылған республикалық ақпараттық топ құрамында Атырауға келген Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов осындай жетістіктерді атап айтты. «Елбасы Жолдауында көрсетілген 10 міндет Үкіметтің нақты іс-шараларында көрініс табады, – деді ол аймақтағы энергетика саласында еңбек ететін ұжымдармен кездесуде. – Мысалы бірінші міндет – өндірісті технологиялық жаңарту және цифрландыру. Энергетика министрлігі өз құзыреті шегінде 2017 жылдан бастап энергетика секторында және экология саласында цифрландырудың бірқатар жобаларын жүргізеді. 2018 жылы Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында автоматтандырылған өндірісті басқару ТОРО жүйесін енгізу аяқталады. Нәтиже ретінде жабдықтың сенімділігін 8-10%-ға арттыруға, жөндеу шығындарын 10%-ға төмендетуге, жоспарлы жылдық жөндеу жұмыстарының мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жолдаудың міндеттерін орындау шеңберінде бізге шикізатты өңдеуді тереңдету қажет. Сондай-ақ биыл «ЕмбіМұнайГаз», «ҚазгерМұнай» мекемелерінің кен орындарында «Интеллектуалды кен орны» және «Қазатомөнеркәсіп» кен орындарында «Цифрлы кеніш» қанатқақты жобалары жүзеге асырылады. 2018 жылдың «Жеңіл жеңістер» жоспарына «ҚазМұнайГаз Өнімдері» базасында Астанада «Байланыссыз автожанармай құю стансалары» қанатқақты жобасы пысықталуда».
Жиында білгеніміздей, аталған министрлік «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар жобаларды қосуды қарастырып жатыр. Олардың қатарында «Цифрлы кеніш», «Цифрлы электр стансасы», «Электр энергияны коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі», «Ақылды желілер» секілді жаңашылдықтар бар.
Атырауда энергия тапшылығы жоқАлайда өңірлік электр компаниясының желілері мен құрылыстарының 20 %-ы тозған. Жыл соңына дейін иесіз қалған электр желілері мен барлық трансформаторлық станса энергия тасымалдау ұйымдарының балансына беріледі. «Соның нәтижесінде электрмен жабдықтау сенімділігінің артуы мен ауытқу төмендеуі тиіс, – деді вице-министр. – Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Елбасы қойған міндетті орындау үшін электрмен жабдықтау саясатын қайта қарастыру және деректерді цифрландыру, үрдістерді автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізуге ерекше назар аударатын мезгіл жетті».
Табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша да қолға алынатын шаралар қатары көп. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Атырау облысында өндірістік қалдықтардың көлемі 81,7 мың тоннадан 72,5 мың тоннаға дейін азайғанына тоқталды. Аймақта әртүрлі қатты қалдықтар полигондарының саны 71-ге жеткен, бірақ соның оны ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл министрлік пен облыстық әкімдік бірлесіп, біраз шараларды жоспарлап отыр. Болат Ақшолақов Энергетика министрлігінде қолданыстағы Экологиялық кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін мүдделі органдар өкілдерінен жұмыс тобы құрылғанын хабардар етті.
Мұнайшылар Жолдауды қолдайдыМемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы атыраулық мұнайшылар қауымына да жігер берді. «ЕмбіМұнайГаз»АҚ басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан Балжановтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізу мақсатында компанияда 2016 жылдан бастап «Цифрлы кен орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жолдауда айтылған адами капиталды дамыту мәселесіне де «ЕмбіМұнайГазда» айрықша көңіл бөлінеді. Соңғы екі жылда акционерлік қоғамның құрылымдық бөлімшелерінде дуалды білім беру арқылы 64 жас тәжірибеден өтіп, 16-сы қызметке қабылданған. Ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіпорын қайырымдылық жасауды да қаперден шығармайды. Айталық, соңғы бес жылда 2 млрд теңгеден астам қаражат демеушілік пен қайырымдылық шараларына жұмсалды.
Энергетика вице-министрі барлық өңірлерде балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі құрылатынын да айтты. Жыл соңына дейін барлық медициналық мекемелер ақпараттық жүйемен толықтай қамтамасыз етіледі. «Атқарылған істің бәрі өңір халқының ынтымағы мен Елбасының көреген саясатының нәтижесі, – деді Болат Ақшолақов. – Мүмкіндіктерді белсенді пайдаланып, ел дамуына үлесімізді қосу, кәсіпқойлық, іскерлік деңгейімізді жоғарылату бәрімізге ортақ міндет». Бұл міндеттен атыраулық мұнайшылар да тыс қалмақ емес.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ