• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2018

Өндірісті технологиялық жаңғырту – өрелі істер бастауы

364 рет
көрсетілді

Еліміздегі мұнайдың 58,5 %-ы Атырау облысында өн­діріледі. Теңіз, Қашаған секілді ең ірі мұнай жобалары да осы өңір­де. Өткен жылы мұнайдың экс­порт­тық көлемі 70 млн тон­наға жуықтады. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңар­ту, жаңғырту жұмыстары аяқтал­ды. Отын-энергетикалық сектор­дағы салалардың былтыр­ғы көрсет­кіштері рекордтық деңгей­ге жетті. Бұл – қиын да қызық кә­сіп иелері мұнайшылардың адал ақы, маңдай терлерінің жемісі.

Мемлекет басшысының ха­лыққа биылғы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақ­сатында құрылған респуб­лика­лық ақпараттық топ құрамын­да Атырауға келген Энергети­ка вице-министрі Болат Ақшо­лақов осындай же­тістіктерді атап айтты. «Елбасы Жол­дауында көрсетіл­ген 10 мін­­дет Үкіметтің нақты іс-шара­ларында көрініс табады, – деді ол аймақтағы энер­гетика саласында еңбек ете­­тін ұжымдармен кездесуде. – Мысалы бірінші міндет – өн­ді­рісті технологиялық жаңарту және цифрландыру. Энергетика ми­нистрлігі өз құзыреті шегінде 2017 жылдан бастап энергетика секторында және экология саласында цифрландырудың бірқатар жобаларын жүргізеді. 2018 жылы Атырау және Шым­кент мұнай өңдеу зауыттарында автоматтандырылған өндірісті басқару ТОРО жүйесін енгізу аяқ­талады. Нәтиже ретінде жаб­дықтың сенімділігін 8-10%-ға арттыруға, жөндеу шығындарын 10%-ға төмендетуге, жоспарлы жылдық жөндеу жұмыстарының мерзімін 45 күннен 25 күнге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жолдаудың міндеттерін орын­дау шеңберінде бізге ши­кі­затты өңдеуді тереңдету қажет. Сондай-ақ биыл «Ембі­Мұ­найГаз», «ҚазгерМұнай» меке­м­елерінің кен орындарында «Интеллектуалды кен орны» және «Қазатомөнеркәсіп» кен орын­дарында «Цифрлы кеніш» қанат­қақты жобалары жүзе­ге асы­­ры­лады. 2018 жылдың «Же­ңіл жеңістер» жоспарына «ҚазМұнайГаз Өнімдері» базасында Астанада «Байланыс­сыз ав­то­жа­нармай құю станса­ла­ры» қа­­нат­қақты жобасы пысық­талуда».

Жиында білгеніміздей, атал­­­ған министрлік «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­лама­сына бірқатар жобаларды қосуды қарастырып жатыр. Олар­дың қатарында «Цифрлы кеніш», «Цифрлы электр стансасы», «Электр энергияны комм­ер­циялық есептеудің автомат­тан­ды­рылған жүйесі», «Ақылды желі­лер» секілді жаңашылдықтар бар.

Атырауда энергия тапшылығы жоқ

Алайда өңірлік электр ком­паниясының желілері мен құры­лыстарының 20 %-ы тозған. Жыл соңына дейін иесіз қалған электр желілері мен барлық трансформаторлық станса энергия тасымалдау ұйымдарының балансына беріледі. «Соның нәтижесінде электрмен жаб­дықтау сенімділігінің артуы мен ауытқу төмендеуі тиіс, – деді вице-министр. – Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Елбасы қойған міндетті орындау үшін электрмен жабдықтау саясатын қайта қарастыру және деректерді цифрландыру, үр­дістерді автоматтандыру бойынша жаңа технологиялар енгізуге ерекше назар аударатын мезгіл жетті».

Табиғи ресурстарды тиім­д­і пайдаланып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бо­йынша да қолға алынатын шаралар қатары көп. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов Атырау облысында өндірістік қалдықтардың көлемі 81,7 мың тоннадан 72,5 мың тоннаға дейін азайғанына тоқталды. Аймақта әртүрлі қатты қалдықтар полигондарының саны 71-ге жеткен, бірақ соның оны ғана экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес келеді. Экологиялық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету мақсатында биыл министрлік пен облыстық әкімдік бірлесіп, біраз шараларды жоспарлап отыр. Болат Ақшо­лақов Энергетика министрлігін­де қол­даныстағы Экологиялық кодекске толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін мүдделі органдар өкілдерінен жұмыс тобы құрылғанын хабардар етті.

Мұнайшылар Жолдауды қолдайды

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақ­стан халқына Жолдауы атырау­лық мұнайшылар қауымына да жігер берді. «ЕмбіМұнайГаз»АҚ бас­қар­ма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан Балжановтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» мем­лекет­тік бағдарламасын жүзе­ге асы­рып, өндіріске жаңа техно­логия­ларды енгізу мақ­сатын­да компанияда 2016 жылдан бас­тап «Цифрлы кен орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жол­дауда айтылған адами капи­тал­ды дамыту мәселесіне де «Ембі­МұнайГазда» айрықша көңіл бөл­інеді. Соңғы екі жылда акцио­нерлік қоғамның құрылымдық бөлімшелерінде дуалды білім беру арқылы 64 жас тәжірибеден өтіп, 16-сы қыз­метке қабылданған. Ел эконо­микасының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан кәсіп­орын қайырымдылық жасауды да қа­пер­ден шығармайды. Айталық, соң­ғы бес жылда 2 млрд теңгеден ас­там қаражат демеушілік пен қайы­рым­дылық шараларына жұмсалды.

Энергетика вице-министрі барлық өңірлерде балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі құрылатынын да айтты. Жыл соңына дейін бар­лық медициналық мекеме­лер ақпараттық жүйемен толық­тай қамтамасыз етіледі. «Ат­қарылған істің бәрі өңір халқы­ның ынтымағы мен Ел­басының көреген саясатының нәтижесі, – деді Болат Ақ­шолақов. – Мүм­кін­діктерді бел­сен­­ді пайдала­нып, ел дамуына үле­сі­мізді қосу, кәсіпқойлық, іс­кер­­лік деңгейімізді жоғарылату бәрімізге ортақ мін­дет». Бұл мін­деттен атыраулық мұнай­­шылар да тыс қалмақ емес.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ