• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2018

«Қазақстан-Ресей: болашаққа бағытталған одақтастық» халықаралық конференциясы өтті

629 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынасқа арналған «Қазақстан-Ресей: болашаққа бағытталған одақтастық» халықаралық конференциясы өтті.

Іс-шараны Елбасы кітапханасының Талдау орталығы, «Север-Юг» саяси орталығы, Қазақстан Республикасының Президенті қоры және Сыртқы істер министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан алғы сөзді Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынов оқып берді. Елбасы өзінің алғы сөзінде конференцияға жиналғандарды құттықтай отырып, іс-шараның Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық қарым-қатынастың маңызды кезеңіне тап келгенін атап көрсетті.

«Биыл «ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияға» қол қойылғанына жиырма жыл, ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа бес жыл толғанымен айрықша мәнге ие. Аталған конференция мағынасы терең келешекке бағытталған. Өйткені ол екі ел арасындағы ынтымақтастық достық пен өзара түсіністіктің берік іргетасына негізделген.

Екі мемлекеттің өзара ықпалдастығы барша салаларды қамтып, елдеріміздің ұзақ мерзімді мүддесіне негізделген. Жаңа жаһандану жағдайында өзгеріске және әріптестіктің жаңа жүйесін енгізуге ашық болу қажет. Осындай бірегей мүмкіншілікті ерекше қарым-қатынасымыздың әлеуеті ретінде барынша пайдаланған жөн. Сондықтан өзара ықпалдастықтың жаңа мүмкіншіліктерін талқылап, тың идеялар ұсынылатын пікірталас алаңдардың маңызы зор.

Конференцияның Қазақстан мен Ресей әріптестігіне үлесін қосып, тың ойлармен толықтырып, оның көкжиегін кеңейте түсетініне сенімдімін. Сіздерге табыс және конструктивті пікірталас, жемісті жұмыс тілеймін», делінген Елбасының құттықтау хатында.

Бұдан кейін Ресей президенті Владимир Путин атынан алғы сөзді Ресей Федерациясы Президентінің Шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасының басшысы Владимир Чернов жариялады.

Өзінің құттықтау хатында В.Путин екі ел арасындағы достықты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, жиынға саясаткерлер, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен журналистердің қатысуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзақ мерзімдік қарым-қатынастың көпжақты жоспарын нақты көрсетеді.

«Конференцияның күн тәртібіндегі тақырыптар – Еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық үрдістерін жылжыту мен адам капиталын дамыту – Мәскеу үшін де, Астана үшін де маңызды. Білімді жетілдіру, жастарды зияткерлік, мәдени және рухани дамытуға қолайлы жағдай жасау секілді мағыналы мәселелер талқыланбақ. Қазақстан мен Ресей халқы қастерлейтін достық пен одақтастықтың ізгі дәстүрін кейінгі ұрпақтың сақтауы және нығайтуы өте маңызды.

Сіздердің пікірталастарыңыз жемісті әрі мазмұнды болатынына, Қазақстан мен Ресей байланысын дамыту түсуге және азаматтарымыздың мүддесіне қызмет ететініне сенімдімін», делінген В.Путиннің алғы сөзінде.

В.Чернов одан әрі өз атынан екі ел арасындағы әріптестік жөнінде әңгіме қозғады. Ол былтыр Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына 25 жыл толуына орай, В.Путиннің елімізге сапармен келуі өзара ықпалдастықтың маңызын көрсететініне тоқталды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынас – көпке үлгі.

Содан кейін кезек баяндамашыларға берілді. Алғаш болып мінберге көтерілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі Татьяна Валовая достық пен одақтастық екі елдің дамуына жағдай жасап қоймай, сонымен бірге Еуразия кеңістігінің қарыштап алға жылжуына ықпал етіп отырғанын сөз етті. Ол мұның дәлелі ретінде Еуразия экономикалық одағының құрылуын келтірді. Оның сөзіне қарағанда, ұйымды құру жөніндегі Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы Мәскеу мен Астананың өзара ықпалдастығын нығайтуға елеулі үлес қосты. Одақ жаһандық дағдарыс жағдайында оңай бейімделуге мүмкіндік беріп, оны құру дер кезінде жасалған қадам болғанын жеткізді. Т.Валоваяның деректеріне сай, одақтың жұмысы дағдарысқа мойымай, экономикалық дамуға жол ашты.

Келесі баяндаманы Сенат төрағасының орынбасары Сергей Громов жасады. Ресеймен одақтастық қатынастарды жан-жақты ілгерілету Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдық екені сөзсіз. Бүгінгі конференция Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің қазіргі жай-күйі мен болашағына сапалы талдау жасауға мүмкіндік беретініне сенеміз және үміт артамыз, деді ол.    

С.Громовтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы Еуразия құрлығындағы тұрақтылықтың маңызды факторы ретінде өзара тиімді стратегиялық әріптестіктің баламасы жоқ үлгісін көрсетіп отыр.  Бұл – екі мемлекет көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен тату көршілік ниеттерінің, Қазақстан мен Ресейдің ұлттық мүдделерді өзара ескеруі мен құрметтеуінің нәтижесі.

Сенат төрағасының орынбасары екі ел арасында жасалған ауқымды істерге тоқталды. Мәселен,  Қазақстан мен Ресейдің бірлескен күш-жігерімен ТМД-да ынтымақтастықтың 300-ден асатын шарттар мен меморандумды құрайтын өте ауқымды шарттық-құқықтық базасы жасалды. Президенттердің жыл сайынғы сапары мен Үкімет басшыларының тұрақты кездесулері нәтижесінде саяси диалогтың көп деңгейлі тетігі тиімді жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылда Парламент Қазақстан мен Ресейдің экономикалық кооперациясының дамуына оң әсер еткен 50-ге жуық шартты ратификациялады.

Сонымен қатар С.Громов Ресеймен сауда-экономикалық байланыстың әлеуеті төңірегінде сөз қозғады. Оның деректеріне сүйенсек, 2017 жылы тауар айналымы 25,6 пайызға өсіп, шамамен 16 миллиард долларға жеткен. Қазақстанға салынған Ресей инвестициясының көлемі 10 миллиард доллардан асып, Қазақстанның Ресейге инвестициясы 3 миллиард долларға жуық соманы құрап отыр. Ресей капиталының қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындар саны 7,7 мыңға көбейді.

«Саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қол жеткен жоғары деңгейі екі ел халқының игілігі жолында қалыптасқан екіжақты қатынастардың болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретіні күмәнсіз. Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық әріптестікті және одақтастықты ерекше бағалайды. Мұндай саясаттың баламасы жоқ. Сондықтан Ресеймен шынайы достықтың эстафетасын келер ұрпаққа беру үшін барлық жағдайды жасаймыз», деді С.Громов.

Өз сөзінде Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді өзара ынтымақтас пен тату көршіліктің өрістеп отырғанына ерекше маңыз берді. Ол екі ел арасындағы қатынастың тереңдей беруіне сенім білдірді.

«Былтыр Қазақстан мен Ресей дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуын атап өтті. Осы уақыт аралығында ғасырларға созылған тарихи байланысымызды сақтап ғана қойғанымыз жоқ, сонымен бірге өзара ықпалдастықты тең деңгейде және тиімді әріптестік жағдайында жаңаша орнатуға қол жеткіздік. Біздің даму бағыттарымыз ортақ келісімнің берік іргетасына негізделген», деді М.Тілеуберді.

Ресей Федерациясының Сырты істер министрінің орынбасары Григорий Карасин екі ел достығының іргесі мығым екеніне тоқталды. Оның айтуынша, аймақта геосаяси ойындарды болдырмауға Қазақстанның да, Ресейдің де әлеуеті жетеді. Сондай-ақ өзара ықпалдастықтың артықшылықтарын сөз етті.

«Қазақстан мен Ресейге Атлант мұхитынан бастап, Тынық мұхитына дейінгі кеңістікте әріптестік пен үйлесімділік орнатуда маңызды рөл ойнауды тағдырдың өзі белгілеп берген. Осы орайда, Ресей тарапы Қазақстанмен өзара тығыз ықпалдастық орнатуға мүдделі», деді Г.Карасин.

Бұдан кейін қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы Еуразияның рөлі, еуразиялық ықпалдасу, адам капиталын дамыту, оларға білім беру, жастармен байланыс, азаматтық қоғам төңірегінде пленарлық сессия жұмыстары жүргізілді. Оған екі мемлекеттен келген жоғары лауазымды саяси, іскер және ғылыми сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толған болатын. Осы уақыт аралығында екі елдің ортақ мүдделері жылдан-жылға дамып, нығая түсетін мызғымас әріптестік байланыс орнатылды. Жалпы, Ресей – еліміздің тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекеттердің бірі. Өзара қарым-қатынас ынтымақтастықтың кең көлемді салаларына, сыйластық пен ортақ көзқарастарға негізделген.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»