Елімізде әртүрлі созылмалы сырқаттар бойынша диспансерлік есепте тұрған 2,5 млн адам тегін дәрі алады. Бұл – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде мемлекеттің науқастарға жасап отырған бір қолдауы. Алайда бұл дәрілердің бәрі бірдей иесіне уақтылы жете бермейді. Себебін сұрай қалсаңыз, емдеу мекемелері гәптің бәрі тендерде екенін айтып құтылады. Бұған халық шынымен де сеніп жүрген. Сөйтсек тегін дәріні сатып, науқастың үстінен күн көріп жүргендер де бар екен.
Жақында Астана қаласының медицина саласындағы түйткілді мәселелері көтерілген алқалы жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тегін дәрі-дәрмек алды деп көрсетілген кей науқастардың шын мәнінде ешқандай дәрі алмағанын айтып қалды. Министр бюджеттің ақшасын талан-таражға салғандар жазасыз қалмайтынын жеткізді. Дәл осы мәселе дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен 2018 жылға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифингте де сөз болды. Осыған байланысты журналистің сауалына жауап берген «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары Арнұр Нұртаев министрдің сөзін растап, тегін берілуге тиіс дәрілер сатылымға шығарылғанын, мұндай жүзге жуық дерек анықталғанын мойындады. Оның айтуынша, мемлекеттен тегін берілетін дәрілер науқастың атына жазылғанымен, шын мәнінде иесі ол препараттарды алмаған. А.Нұртаевтың айтуынша, қазіргі таңда мәселенің мән-жайы анықталып жатыр. «2017 жылы екі миллионға жуық дәрінің рецепті берілген. Екі миллион рецептің тиісті адамына толық көлемде жеткен-жетпегенін тексеру үшін бірталай уақыт қажет. Министр науқастарға берілген барлық рецепт бойынша сараптама жүргізуді тапсырды. Әзірге жүзге жуық дәріні бермей қалу оқиғасы расталды. Тексеру әлі де жалғасады. Айыптыларды тиісті органдар анықтайтын болады», дейді А.Нұртаев.
Осылайша дәрі-дәрмек саласындағы тағы бір былықтың беті ашылғандай болды. Денсаулығы дімкәс, өздері дәрінің күшімен әупірімдеп әрең жүрген науқастардың үстінен күн көріп, дәрілерін дәріханаға сатылымға қоятын пасықтар бар болып шықты. Ал жұртшылық өздеріне тиесілі дәріні уақтылы ала алмай, кейбіреуі амалсыздан қалтасынан ақша шығарып сатып алып қиналып жүр...
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында тағы бір мәселе бар. Қазіргі дәрілік препараттар оригинал және генерик болып екіге бөлінеді. Тендер арқылы келетін дәрілердің көбі генерик дәрілер, яғни негізгі әсер етуші дәрінің көшірме нұсқасы. Брифингте А.Нұртаев екі дәрінің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екенін, қауіпсіздігі, тиімділігі жағынан бірдей екенін айтты. Тендер арқылы көбіне генерик дәрілердің келетіні – оның бағасы әлдеқайда арзан. Бірақ дәрігерлер неге мемлекеттен тегін берілетін дәрілер тізіміне енген препараттарды пайдаланбай, науқастарды оның аналогы болып табылатын басқа дәрілерді сатып алуға кеңес береді? Бұл жердегі мәселе, не әлгі генерик дәрілер сапасыз болып тұр, не ауруханалар мен емханалар тегін берілетін дәріні сатып тауысып, оны науқастардың есебінен өндіріп алады. Біз бұл сауалды брифинг барысында «СК-Фармация» компаниясының бөлім басшысы Батыйхан Алдановқа қойдық. Оның айтуынша, қалпына келтірілген генерик дәрінің тиімділігіне күмән келтірмесе де болады. Дәрігерлердің науқастарға басқа дәріні жазып беру себебі, олардың санасында түпнұсқа дәрілердің әсер етуі жоғары деген түсінік қалыптасып қалғаннан болуы керек.
Қазіргі күнде республикада 49 ауру бойынша 400-ден астам дәрі 2,5 млн пациентке тегін беріледі. Тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тегін дәрі созылмалы ауруларға, яғни жазылмайтын сырқаттарға, тек дәрінің күшімен ғана жүретіндерге беріледі. Мұндай аурулардың алғашқы тізімінде қант диабеті тұр. Екіншісі – артериялық гипертензия болса, үшіншісі онкологиялық және қан ауруларына берілетін препараттар. Міне, осындай күрделі науқастарға берілетін дәріні сатылымға шығарып жүргендер қатаң жазалануы тиіс.
Жалпы, биылға бірыңғай дистрибьютордың тізімі бойынша 151,59 млрд теңгеге дәрі-дәрмектің 1037 атауы сатып алынған. Бұл медициналық ұйымдардың жалпы қажеттілігінің 88 пайызын құрайды. 2018 жылға сатып алу кезінде 17 млрд-тан астам теңге үнемделген, жыл соңына дейін бұл сан едәуір өсетін болады. Үнемделген қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға бағытталмақ.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»