Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін іштей толғанысқа түсіп, жас мемлекетіміздің негізгі рәміздерінің бірі саналатын Герб туралы ойлана бастадым.
Қазақ елінің Елтаңбасы бұрын қайталанбаған тың ойлармен бейнеленуі керек деп есептедім. Шынында да осынау рәмізден ұлысымыздың қазіргі жағдайы көрініс тауып, келешекте қандай болатыны паш етілуі тиіс-тін. Одан ең алдымен халқымыздың қабырғалы қасиеттері көрінуі керек-тін. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бостандық үшін күресті. Кенесары хан, Амангелді батыр, Алаш арыстары, басқа да қаншама боздақтар осы жолда бастарын құрбандыққа тікті. Олай болса, халқымыздың еркіндікке, еркін ел болуға деген ұмтылысы Гербімізден ұғылып тұрғаны мақұл емес пе. Сонымен бірге ол елдің тәуелсіздігіне, одан әрі гүлденуіне қызмет етуі тиіс еді. Міне, Елтаңба жобасы мен нобайын жасау барысында осы жайларға көңіл бөлдім.
Біз жасаған Елтаңба жобасының идеясы мен мазмұны айқын. Зеңгір көк аспан аясында шаңырақ орналасқан. Ол туған ұямыздың нышаны. Жалпы көшпелі халықтардың дәстүрлі ұғымында бүкіл ғалам күмбез түрінде кейіптелген ғой. «Шаңырағың биік болсын!» деген терең мағыналы ақ тілек, міне, осыдан шыққан. Кейбір ағайынға қазақ: «Шаңыраққа қара!» дер еді. Бұл – ескерту. Төріме шығарсам да, төбемде секіртпеймін деген сөз. Негізінен алғанда шаңырақ: «Үйіңе, отбасыңа бейбітшілік, аман-саулық тілеймін. Осы кең әлем сияқты өсіп, өркен жай», деген ниетті де аңғартып тұрған тәрізді. Елтаңбада бесбұрышты жұлдыз, аңызға айналған ай мүйізді пырақ және «Қазақстан» деген жазу алынған. Дәстүрлі қанатты тұлпар – пырақ бейнесі биік самғауды, болашақ туралы арманды білдіргендей. Тұлпардың көкке сермеген қанаттары ортақ отауымыз – шаңырағымызды қорғап тұр. Пырақтың аңыздағы ширатылған ай мүйізі қайсарлықты, қайраттылықты көрсеткендей әрі көне тарихымыздан да хабар бергендей.
Міне, эскиз түріндегі осы жобаны жуырда ғана бақилық болған аяулы абыз ағамыз, академик Салық Зиманов басқарған Үкіметтің арнайы конкурстық комиссиясы мақұлдап, менің жұмысыма бірінші орын берген еді. Сөйтіп ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің VІІІ сессиясының қарауына ұсынылған болатын. Елдігімізді бейнелеген Елтаңбамыз өмірге осылай келіп еді.
Шот-Аман УӘЛИХАН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.