• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 05 Наурыз, 2018

Әділ Ахметов, актер: Жан түкпіріңе сақтап жүретін типаждар болады

2002 рет
көрсетілді

Әдетте даңқты актерлер трагедиядан комедияға, драмадан водевильге еркін ауыса береді. Қай жанрда болмасын, олар сомдамаған кейіпкер кемде-кем. Шығармашылықта шыңдалғандардың өнердегі ауқымын кеңіте, беделін нығайта түсетін дүние – сан алуан мінезге әмбебаптық. Кино және драма актері Әділ Ахметовті де осы санатқа қосуға болады. Сахналық кейіпкер болмысын қаз-қалпында беруге ұмтылысында жанр талғамайтын актердің өткір мінезін көресіз. Кезекті қойылым алдында мұқият дайындалуды, өнеріне өзгешелік үстеп отыруды берік ұстанған Әділмен әңгімелескен едік.

– Әділ Ералыұлы, жуырда «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына, мәдениет саласындағы Президент стипендиясына ие болдыңыз. Марапатыңызбен құттықтаймыз!

– Рахмет! Бұл осы уақытқа дейінгі еңбекті қортындылаған жыл болды. Жыл басында «Киноиндустрия беделдісі» аталымы бойынша «Халық сүйіктісі» ұлттық жүлдесі табысталды. Одан кейін Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі – 2017» халықаралық фестивалінде «Асауға тұсау» комедиясы гран-приге ие болып, Петручио ролі үшін «Қойылымдағы ұтымды бейне» аталымы бойынша жүлдегер атандым. Өнер адамдарынан құралған «Алатау» футбол командасы бар. Биыл Мәскеуде жетінші рет өткен «Арт-футбол» халықаралық фестиваліне қатысып, әлем чемпионы атандық. 16 футбол командасы қатысқан алаңда тартымды тартыс болды. Ойында румындарға баспен гол салып едім, «Елдос Ахметов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайды» деп мені футболшы Елдоспен шатастырып, дау шығарды. Осылай үлкенді-кішілі марапаттарға қуанып үлгере алмай жатқанда, жыл аяғында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді. Табысты жыл болды. Ағайымыз «Адам талмай еңбектене берсе, бір күні өтеуі қайтады» деп үнемі айтушы еді.

– Үзеңгілес замандастарыңыз сіз жайында әңгіме бола қалса, алдымен адамгершілігіңіз туралы айтады...

– Қазір заманның қилы тұсы. Біреулерді анасы ғана жеткізіп отырса, біреулерді әкесі тәрбиелеп отыр. Алланың берген сыйы болар, үлкен әулетте, атам мен әжемнің ертегісіне, әкем мен шешемнің мейіріне қанып өстім. Алматының шетіндегі «Қалқаман» кентінде тұрдық. Мал ұстадық, шағын шаруашылығымыз болды. Қора тазалау, малды жайғау сынды шаруаны жатсынған жоқпыз. Екінші сыныпта сүт сата бастадым. Жаздыгүні қауын-қарбыз да сататынбыз. Кейін дүкен ашып алдық. Ауылдан келіп оқуға тапсыратындар, қалаға әлденедей шаруамен келетіндердің барлығы біздің үйге түсетін. Үйден қонақ арылмайтын. Үлкен кісілердің қасында жүрген соң көп тыңдайсың, көп қыдырасың. Әке-шешеміз қатаң шектеу қоймады, еркінсітіп те жібермеді. Осылайша, ауыл мен қаланың тіршілігін қатар көріп өстім. Көпшіл болуыма осы дүниелер де әсер еткен болар. Ата-анам – дәрігерлер. Әкем журналист болғысы келген екен. Алайда атамыз бір әулетке бір дәрігер керек деп, медицина саласына оқуға түсірген. Анам мен әкем курстас, Алматыда медицина университетінде оқып жүргенде танысыпты. Екеуі де кітаптан бас алмайды, жан-жақты, өнерді жақсы көреді. Егер дәрігер болмағанда тәп-тәуір актер мен актриса шығар еді. Әкем актерлердің өмірбаянын, театр мен кино өнеріндегі ұлы тұлғалардың шығармашылығы мен өмір жолы туралы шешіле әңгімелеседі. Тіпті сахналық ғылымның негізін салған Станиславскийден бастап Әзірбайжан Мәмбетовке дейін айтып отырады.

– Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың «Әнші-актердің дені тойда жүр. Масаң ортада жылтыңдап жүрген әртіс сахнада да сүрінеді. Бізде той жағаламай, өзін-өзі сақтайтын жігіттер аз… Әділ Ахметов – сол аздың өкілі» дегені бар. Өзіңізді тойдан қалай сақтап қалдыңыз?

– Кей өнер адамдары той басқарғысы келгеннен жүрген жоқ. Көбіне әлеуметтік жағдайын түзеп алғысы келеді. Кейбірі біржола беріліп те кетіп жатады. Солай бола тұрса да, екінің бірінің қолынан той басқару келе бермейді. Таразы басын тең ұстау керек деп ойлаймын. Әр нәрсенің шегі болғаны дұрыс. Астанаға алғаш келген жылдары тойға музыкант болып шығып жүрдім.

– Шығармашылық өмірбаяныңызда орны бар тұлғаның бірі – Нұрқанат Жақыпбай. Шәкіртінің бойына сахнаға деген адалдықтан бөлек, адам болуды үйреткен ұстаз ұлағаты туралы не айтасыз?

– Ол өміріміздің бағытын түбегейлі өзгертті. Студент кезімізде қатал ұстаз болды. Үйленеміз деудің өзі ағайға қаралы хабар жеткізгендей еді. Сабыр, еңбекқорлық, тереңдік қасиеттері әр іс-қимылынан байқалып тұратын. Таным таразысы мен байыпты көзқарасымен-ақ бізге үлгі болды. Дандайсымауды, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті көріп өстік. Қандай биіктерден көрініп жатсақ та талапшыл ұстаз тәлімінің арқасы. «Біз Нұрқанат ағайдың 15-ші курсында оқимыз» деп әзілдейміз кейде. Өйткені өміріміздің жартысы Нұрқанат ағаймен өтіп жатыр.

– Бірде Нұрқанат ағаймен әңгімелескенімде, «Бір-бірінен алшақ ірілі-ұсақты сахналық рольдерді әлеуметке ұғынықты жеткізу, әр кейіпкердің қыр-сырына үңілу Әділдің басты қасиеті. Қаһарманның ішкі психологиясын беру жолында үнемі ізденісте жүреді» деген еді. Актерлік ізденістеріңіз туралы айтып беріңізші.

– Талант – табиғат перзенті. Әуелі ата-ананың сүтімен дариды. Ұстаз еңбегінен кейінгі тәрбиелейтін дүние – қоршаған орта. Бірыңғай еңбекқор қыз-жігіттер шұрқыраған үйірлі жылқы сияқты қатар шауып келеміз. Бір-бірімізден орта жолда сүрінбеуді үйрендік. Ізденіс деп нені айтамыз? Мәселен, актердің мұраты образды есте қаларлықтай нанымды ойнау, кейіпкер табиғатын көрсету. Осы міндетті орындау үшін жан-жақты зерттейсіз. Зерттеуге тарих та, философия да, психология да кіреді. Бір Шыңғыс хан бейнесін (сахналау авторы Жаныш Құлмамбетов, қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) сомдауға орай ұлы әмірші туралы іргелі еңбектерді оқыдым. Қағанның философиялық пайымдарынан ой қорыттым, байлам жасадым. Салауатты драматизмді кейіптеу үшін ата-бабасын, жүріп өткен ізін зерттеу аздық етеді, толайым тарихты түгел қопарасыз.

– Яғни, сіз ізденіс деп осыны айтасыз. Демек әр рольге осылай дайындаласыз ғой.

– Қолдан келгенше. Кейде махаббат драмаларында, әлеуметтік-психологиялық, комедия жанрларында ішкі сезіну мен ішкі бағалау алдыңғы орынға шығады. Мысалы, Смағұл («Диляфруздың төрт күйеуі», комедия) немесе Айбол («Алғашқы махаббат», комедия) деген жігітті алайық. Олардың болмысымен алдыңызда жатқан пьессаны оқи отырып танысасыз. Адам мінез-құлқының тұтастығы мен сан қырлылығын аша түсу үшін ол адамды өмірден іздеуге көшесіз. Сол адамды шайға, футбол ойнауға шақырасыз. Қалай күледі? Қалай ренжиді? Бәрін бақылай отырып, эмоциясына қана түсесіз. Кейде жан түкпіріңе сары майдай сақтап жүретін ерекше типаждар болады. Бұл да ізденістің бір түрі.

– Кейде танымал актерлердің өзі қайталаудан аса алмай жатады. Сіз сомдаған сахналық кейіпкерлер қайталанбауымен, өмірге, қоғамға деген салмақты көзқарас пен жасандылықтан ада мінез-құлықпен дараланады. Жанр табиғатын бөле-жармай, кез келген сахналық образ ерекшеліктерін тап басуға не қажет?

– Түпкілікті жақсы, иә жаман адам болмайды. Бірінің жақсылығы басым, енді бірінде кемшін. Ұстаздарымыз «адам өзін сырттай көретін жағдайға жету керек» дейді. Мысалы, монахтар өздерін әбден зерттегені сол, соққы тиді деп ойша сезінген кезде денесінің ойға алған тұсы лезде көгеріп шыға келеді. Бұл – шеберлік шыңы. Шын кіріссе, кез келген адам ең зұлым адамға айналады, ең мейірімді де бола алады. Ең күлдіргі де, ең бір трагик те бола да алады. Сөйлеп тұрғаныңды, дауысыңды, қимылыңды сырттай бағалай алу керек.

– Өзіңіз сырттай қарағанда қандай Әділді көресіз?

– Менің айтып отырғаным – сахнадағы Әділ. Сахнадағы актер өзін көруі керек, ести білуі керек. Өмірде қандай екенімді сырт көз біледі. Әшірбек Сығайдың «Артист еңбегі – ұдайы жоқ іздеген кісі тәрізді» деген сөзі бар. Біз осы тарапта тырмысамыз.

– Қатарластарыңыздан кімнің өнерін жоғары бағалар едіңіз?

– Қазір елімізде мықты актерлар өте көп. Дәурен Серғазин, Жандәулет Батаев, Бақыт Хажыбаев, Айнұр Рахиповалардың өнерін мойындаймын. Азамат Сатыбалды – өте еңбекқор актер. Берік Айтжанов, Ержан Жарылқасыновтың өнеріне ерекше тәнтімін. «Кек» фильміне түскенде Ерік Жолжақсыновтың өнеріне қатты қызыққанмын.

– Жалпы актерлық цехтің жұрт көре бермейтін бұралаң тұсы көп. Сондай сәтте кәсіпті тастау туралы ой келмей ме?

– 2006 жылы оқу бітірген соң, Алматыда Тазабеков театрында жұмыс істей бастадық. Одан кейін Дәурен Серғазин екеуіміз «Қымызхана» бағдарламасына түстік. Телеарналарда бағдарламалардың аз кезі. Кешке мейрамханада жүргізушіміз. Сөйтіп жүргенде Жастар театры құрылып, Астанаға кететін болдық. Жатақханада бір бөлмеде 6-7 адам тұрамыз, жалақымыз – 19 мың теңге. Бір ай, екі ай, жарты жыл өтті. Жағдай түзелер емес. Жалақы айлық тамаққа да жетпейді. Кешке теледидар көреміз. Алматыдағы қатарластарымыз бағдарламалар мен концерттерден көрініп жатты. Бір-бірімізге үндемей қарап қоямыз. Бір күні Астанаға «Сезам» театры келді. Екі сағат қуыршақтың костюмін кисеңіз 10 мың теңге береді екен. «Мен барамын» деп таласып, спектакль қоятын сахнаға келдік. «Куклы на сцену» дейді, сахнаға тұра жүгіреміз. Алып қуыршақтың ортан белінен сығалап, айналаға қараймыз. Сырттай қуыршақпыз, іштей түрлі ой мазалайды. «Өнер академиясын бітіріп, Астанаға келгенде жеткен жеріміз осы ма» деп өкіндік. Сол кезде біреулер таста десе кетіп те қалар ма едім. Нұрқанат ағай Алматыға жиі қатынайтын. Ағай келгенде «Алматыға кетеміз» деп айтуға дайындалып отырамыз. Соны сезе ме, келеді де бірден әңгімеге көшеді. «Енді мынадай спектакль қоямыз» деп бізге сөйлеуге мұрша бермей, бастырмалата жөнеледі. Біртіндеп қойылымдарымыз жүлделі орындар алды, пәтер беріле бастады.

– 2017 жылы елімізде 36 көркем фильм түсірілді. Киносыншылар оның соңғы ширек ғасырдағы кино тарихында болмаған көрсеткіш екенін айтты. Алайда көп фильмде төбе көрсетпей жүрсіз. Фильмге талғап түсесіз бе?

– Әрине, қараймын. Ақан Сатаевтың, Жасұлан Пошаевтың  фильмдеріне ойланбай түсесіз. Бұрын киноға түссек болды деп түсе беретін едік. Түр біреу-ақ, әр жерден жылтыңдай берсеңіз халықты мезі етесіз. Менің ұстанымым – осы. «Анаға апарар жол» картинасынан соң біраз ұсыныстардан бас тартуға тура келді. Халықты жалықтырып алғым келмеді. Жалпы, кино түсірушілерге тақырып көп. Мысалы, Алтын Орданың кезінде Шыңғыс әулетінен тараған қаншама хан-сұлтандар өтті. Ең қуатты билеуші Жошы қандай? Алтын Орданы құрған Батудың аңызға айналған жорықтары ше? Бертіндегі Кенесары мен Тезек төрелердің әрқайсысы бір-бір кино. Әлі экрандалмаған тарихи, өміршең роль сомдағым келеді.

– Тарихи рольдерді сомдау арманым дейсіз, ендеше «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» (реж. Р. Әбдірәш) фильмінен неге шет қалдыңыз? Нағыз арманыңыз орындалатын жобаның біреуі осы емес пе еді?

– «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» жобасы басталып жатқан уақытта «Анаға апарар» жол фильмінің түсірілім жұмыстары қызып жатқан сәт еді.  Бізді де шақырды, кастингке бардық. Жастар мен үлкендер құрамы жеке таңдалды. Біздің топтағы Берік Айтжанов Жәнібек ханның, Ерік Жолжақсынов Керей ханның, мен Бұрындық ханның роліне бекітілдім. Жас ерекшелігіміз сәйкес келмеген болуы керек, кастингтен өтпедік. Арасында эпизодтық рольдерге шақырды, оған бармадым. Әр нәрсе өз ретімен ғой, бұйырғаны бола жатар.

– Актерлерге, театрға қатысты қандай қасаң түсініктерді жоққа шығарар едіңіз?

– Жасыратыны жоқ, ел арасында актерлар жеңіл жүрісті, ішімдікке бір табан жақын делінеді. Оны жоққа шығара аламын. Маскүнем актер көрген емеспін. Театр сахнасына қаншама күш-жігер кетеді. Шынын айтқанда, өмірде басқа образдың жетегінде жүруге күш те, уақыт та жоқ екен. Өнер ордаларының ішіндегі ең тазасы – театр.

– Жетістікке жету жолында келбет пен таланттың ара қатынасы туралы не айтар едіңіз?

– Актер немесе актриса талантты әрі келбетті келсе, нұр үстіне нұр. Ал табиғат келбет бермесе, талант екі есе мықты болуы тиіс. Беті жылтырап, таланты ақсап тұрса алысқа бара қоюы неғайбыл.

– Сізде қайсысы басым деп ойлайсыз?

– Студент кезімде Қодар, Әмірші сияқты қатыгез, жағымсыз рольдерді сомдайтынмын. «Әділ фактурасына қарай хандардың, геройлардың рөлін сомдайды» деген әңгіменің шеті шыға бастағаннан кейін, лирикалық, комедиялық образдарға көше бастадым. Комедияны да жатырқамаймын, өзіме ұнайды.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

 – Тынымсыз еңбектене береміз. Әлем чемпионы атанған боксшының  спортқа келу тарихын мысал етейікші. Сыныптасына әлі жетпей жүрген бала бокс курсына жазылады. Одан ары жарысқа ілігіп кетеді. Жарыстан жүлделі оралып, ауданға, одан әрі облысқа, облыстан республикалық деңгейге өтеді. Бір қараса, әлем чемпионы атанған. Соның бәріне түрткі болған дүние – сыныптасынан жеңіліп қалуы. Ол әлем чемпионы болсам деп ойлаған жоқ. Менің де өнерге қадам басу тарихым осыған ұқсастау. Мектеп бітірген соң ағам өнер академиясына ертіп барды. Аралатып жүр. «Театральныйдың қыздары әдемі болады. Егер осы жаққа түсіп кетсең театральныйдың қыздарымен бір вечеринкада отырамыз» деп қояды. Ағам айтқандай, «шіркін, осыдан оқуға түсіп кетіп, әдемі қыздарды отырыстарға алып барсам. Сөйтіп ағаларым таң қалса арманым жоқ» деп ойладым. Солай мен де оқуға түстім, ағаларыма да бір-бір театральныйдың қыздары бұйырды ғой. Оқуға түсетін кезде атақты болсам деген ой он ұйықтасам түсіме кірмеген. Қазір үлкен жобаға қатысып жатырмын. Сақал мен мұртты сол үшін еркіне жібердім (күліп). «Ойбай, түрі не болып кеткен» деп кейде адамдар түсінбей жатады. Өнер адамдарының шашы өсіп кетсе, тақырлап тастап жатса таң қалмаңыздар. Жоба ыңғайына қарай жүреміз, өзіміз қалаған образбен жүруге уақыт бола бермейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»