• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2018

Асқар Омаров: «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» – әлеуетті ел атануға бастар жол

993 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі Қазақстанның даму моделі әбден қалыптасқанын және экономикалық тұрғыдан тұрақты өркендеп келе жатқанын көрсетті. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақа­ласын жариялап, еліміздің мықты, жауап­кершілігі жоғары біртұтас ұлт болуы үшін рухани жағынан қалай жаң­ғыру керектігін, бұқаралық сана­ны қалай өзгерту қажеттігі туралы көзқарастарын ортаға салып, бағыт-бағдар сілтеді. Ал биылғы Жолдауында жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын айқындап берді. Енді, міне, «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы» халық­тың өмір сүру сапасын әлеуметтік жоба­лар арқы­лы жақсартудың бас­ты қазығы болып отыр. Осылайша Елбасы мемлекеттік бас­қарудың үш базалық құрылымы: рухани, т­ехнократиялық, әлеуметтік даму тетік­терінің негізін қалады. Бұл – Мәңгілік Ел болудың негізгі принциптері іспетті.

Президенттің бірінші әлеуме­т­тік баста­масы – әрбір отбасына баспаналы болу­дың жаңа тетіктерін қамтиды. Яғни жұмыс істейтін әрбір қазақстандық үшін жеңілдетілген несие арқылы баспанаға ие болу мүмкіндігі туады. «7–20–25» бағ­дар­­лама­сы бойынша несие өсі­мі­нің мөл­шер­лемесі жылына 7 проценттен аспайтын болады. Бастапқы жарна пәтер баға­сының 20 процентін құрайды әрі несие алушыға жеңіл болу үшін ипо­теканың мерзімі 25 жылға ұзарты­лады. Бұл баспаналы боламын деген әрбір азамат үшін үлкен қолдау деп ойлаймын.

Еліміздегі экономикалық бел­сен­ді халық саны 5 миллионнан асады. Олардың басым бөлігі жеңіл­детілген несиемен үйлі болып жатса, экономикамызға да үлкен серпін болары анық. Мұндай жақсы бастама оқуын енді бітірген жастардың да жігерін жанып, олардың еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттыра түсетіні сөзсіз. Бұл бастаманың ел демографиясына да үлкен әсер беретінін атап өтуге болады.

Екінші бастама – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек­ақы­сын көбейту үшін олар­дың салық­тық жүктемесін азайту. Жалпы, салыққа қатысты жеңілдіктер елі­мізде бұрыннан жүйелі түрде жүрг­і­зі­ліп келеді. Нәтижесінде, қо­сым­­ша құн салы­ғының ең төменгі көр­­сеткіші Қазақстанда қалып­тас­ты. Қазіргі таңда кәсіпкер­лерге са­лы­­натын салық көлемі де азай­тыл­­­ғаны белгілі. Енді, міне, төмен жа­л­ақы алатындар айлығының бір па­йы­зын ғана салыққа аударатын болады.

Үшінші әлеуметтік бастама ре­тінде Мем­лекет басшысы жоғары оқу орындарына берілетін гранттар санын көбейтіп, жоға­ры оқу орындары мен колледж студенттерін жатақ­ханамен қамтамасыз ету мәсе­лесін атап өтті. Бұл ең бірін­ші кезекте адами ка­пи­­талға құйыл­ған инвестиция іспеттес. Осы арқы­лы студенттердің білім алуы­на жағ­­дай жасалып, оларды бас­пана­­мен қам­та­масыз ету мәсе­лесі шеші­мін табады. Мек­теп қабыр­ғасы­нан енді шыққан көп­те­ген жас түлек уақытша тұратын пана іздеп, өмір­дің қиындығына ерте тап бо­латы­нын кө­ріп жүрміз. Ал пәтер­ден пәтерге көшіп, тұр­мыс жағы­нан қиналып жүрген жастар­дың оқуға құлшынысы бола ма? Өркениетті қоғам­д­а жастарға ерекше саясат жүргізетіні сон­­дықтан. Мемлекеттің өздеріне деген қам­қор­л­ы­ғын сезінген жастардың да елдің ке­ле­ш­е­гіне деген сезімі ерек болатыны шүбәсіз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын несие беруді көбейту қажеттігін атап өтті. Әлбетте, шағын әрі жеңілдетілген несие – жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың бас­ты тетігі. Әсіресе ауылда әртүрлі шаруа­­шы­лықпен айналысып жүр­ген азаматтарға несие көбірек қа­жет. Мәселен Еуропада әрбір фер­­мер жеке бір шағын өндіріс орны секілді. Біздің фермерлер де, ауыл шаруашылығымен айналы­сып, күнін көріп отырғандар да осын­дай дәрежеге жетуі тиіс. Ауылда кәсібін кеңейткісі кел­гені­мен, қар­жы жетіспеушілігі қолбай­лау болып отырған талай аза­мат бар. Солар­ға мемлекет тарапы­нан қолдау көр­сетіліп, шағын несиелерді жеңіл­детілген жолмен беру үлкен демеу болатыны сөзсіз.

Президенттің бесінші бастамасы – елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Мұны жалпыұлттық үлкен жоба деуге болады. Елді мекендерге газ тарту – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құруға, үлкен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні анық.

Жалпы, Елбасының бес әлеумет­тік бас­тамасы – халықтың әл-ауқа­тын жақсар­та түсудің тиімді жолы. Прези­дент мем­лекет­тің әлеу­меттік жауапкершілігін көтеру арқы­лы ел­дің тұрақтылығын одан әрі дамытуды айқындап отыр. Ен­деше бес әлеу­­мет­тік бастаманы халықтың игі­л­­ігіне айналатын ұтым­ды жобалар деп санаймын.

Асқар ОМАРОВ, «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры